«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қызылордада «Бір ауыл – бір өнім» жобасының көрмесі өтті

2023 жылғы 30 Маусым
- Қызылорда облысы
7443 просмотров

Қызылордада өткен жергілікті тауарөндірушілердің көрмесіне «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушы қыз-келіншектер де қатысты.

Биыл өңірде алғаш рет өтіп жатқан жобаның көрмесіне қатысуға 23 кәсіпкер өтінім беріп, өнімдерін алып келді.

Облыс әкімінің орынбасары Балмейір Сансызбайұлы көрмені аралап, қатысушылармен пікірлесті.

2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 2023 жылдан бастап республика көлемінде «Мен кәсіпкер» жобасы жүзеге асырылып жатыр.

«Мен кәсіпкер» жобасы бірнеше саланы қамтиды.

Атап айтқанда, «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы», «Бір ауыл – бір өнім» жобасы және «Кәсіпке бағыт» атты шағын және орта бизнес өкілдерінің кәсіпкерлік әлеуетін арттыру мақсатындағы салалық оқытулар.

Өткен ғасырда Жапонияда басталған «Бір ауыл – бір өнім» жобасы 2021 жылдан бастап біздің елімізде де қолға алынды. Жоба осыған дейін Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында пилоттық режимде сәтті жүзеге асып, осы жылдан бастап барлық өңірде ұйымдастырылуда.

Жобаның басты міндеті – ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік әлеуетін арттыру. Қолда бар жергілікті шикізатты пайдаға асыра отырып, өнім өндіру, елді-мекендерде жұмыс орнын ашып, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру.

«Бұл жобаның ерекшелігі тек қыз-келіншектер ғана қатыса алады. Бүгінгі шараға қатысушылар белсенді. Өнімдерін арнайы сарапшы комиссия қарап шықты. Жеңімпаздар жақында анықталады. Осы анықталған жүлдегерлер жаңашыл бизнес-идеяларға арналған грантқа қатыса алады. Ал бірінші орын иегерінің тауарларына арнайы мамандар маркетингтік сүйемелдеу жасайды», – деді Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов.

Палата директоры көрмеге қатысушыларды алғыс хаттармен марапаттады.

Айта кету керек, «Мен кәсіпкер» жобасына қатысты сауалдары бар азаматтар Кәсіпкерлер палатасына хабарласуына болады. Байланыс нөмірі 8 /7242/ 40-09-81.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер