«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

ҰКП мамандары ұтымды бизнес-жоспарды қалай жазу керегін айтты

2023 жылғы 30 Маусым
9384 просмотров

 Кәсіпкерлер  өз кәсібіне қажет бизнес-жоспарға тегін тапсырыс бере алады. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП  «Кәсіпке бағыт» жобасының жетекішісі Нұғман Жұлдызбаев «Орда ФМ» радиосының эфирінде егжей-тегжей айтты.

Бизнеске адам түрлі жолмен келуі мүмкін. Кім қалай келсе де, алдымен капитал керегі сөзсіз. Капиталдың көлемі – қолға алынатын бизнестің түріне, өнімділігіне және келешек табысына тікелей байланысты дейді сарапшы Нұғман Жұлдызбаев.

«Біреулер бизнес-ортадан инвестор іздеуі мүмкін, енді бірі банкті немесе қандай да бір қаржы ұйымын жағалайды. Бірақ, осылардың қай-қайсы да сіздің кәсібіңізге ақша берместен бұрын алдымен бизнес-жоспарыңызбен танысады. Ол – қағазға түсетін дүние», – дейді сарапшы.

 Кез келген бизнес нақтылық, дұрыс есептілік пен жоспарлауды талап етеді.

 «Мынадай іс ашқым келеді, айына осынша табыс табам» деп ауызша ешкімді иландыра алмайсыз. Бизнес-жоспар қаншалықты дұрыс құрылған? Табыс әкелуге қаншалықты қауқарлы? Сенімді қаншалықты ақтай алады? Міне, кәсіпке ақша салушы инвестор да, қарыз беруші қаржы ұйымы да алдымен осыған мән береді», – деп атап өтті спикер.

 Эфир барысында Нұғман Жұлдызбаев бірқатар пайдалы лайфхакты бөлісті. Бизнес-жоспар құру кезінде нені ескеру керек? Бизнес-жоспардың көмегімен болашақ кәсіпкер өз бизнесін әлдеқайда оңай бастай алады.

  «Бизнес-жоспар инвестор мен банк алдында сіз қорғайтын жобаның қаншалықты табысты болатынынан бөлек, алда кезігуі мүмкін ықтимал тәуекелдерді де болжауға мүмкіндік береді. «Бизнес-жоспар не үшін керек?» деген заңды сауал туындайды. Жоғарыда айтқанымыздай, ең алдымен, банктен кредит алуға, мемлекеттік гранттар мен субсидиялар алуға, инвесторға көрсетуге, таныстыруға керек. Бизнес жоспар ең алдымен сізге арналған қадамдық нұсқаулық», - деді сарапшы.

 Демек, бизнес-жоспар басты үш сұраққа жауап беру үшін құрылады: алға қойылған мақсатқа қалай қол жеткізуге болады, ол мақсатқа жету үшін қанша қаржы керек және құйылған ақша мен еңбектің қайтарымы бола ма?

 «Сіздің жобаңыз – инвестор үшін инвестиция көзі. Сондықтан, қағаз бетіне түскен жоспар инвесторды сендіре алуы керек. Ол алдымен салған ақшасын қайтарып алатынына және сізбен қатарласып табыс таба алатынына көз жеткізіп алғысы келеді», – дейді сарапшы.

 Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан қолдау көрсететін ұйымдар бар. Бірі – «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қоры» болса, екіншісі – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы. Осы палатаның кәсіпке бағыт салалық оқыту жобасының жетекшісі Нұғман Жұлдызбаевтың айтуынша, бизнес-жоспарды тегін де жаздырып алуға болады.

«Кәсіпкрлерге берілетін гранттың түрлері көп. Барлығына да бизнес-жоспар керек. Жалпы, «Атамекен» ҰКП-ның өңірлік филиалдары бар, бизнес-жоспарды сонда тегін жаздыруға болады. Алдымен, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарына барып, өтініш қалдырып, сол жерде өзінің бизнесі туралы ақпаратты беріп, бизнес-жоспарды тегін алуына болады. Әрине, нарықта бизнес-жоспарды ақылы жазатын компаниялар да бар. Мысалы, консалгтингтік компаниялар. Оларға да жаздыруға болады. Бірақ, осы «Атамекеннің» тегін бизнес-жоспарларына өтініш беріп, жаздырған дұрыс деп кеңес бергім келеді», – деді Нұғман Жұлдызбаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер