«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Экологиялық рұқсат алу мерзімі қысқартылады

2023 жылғы 29 Маусым
7200 просмотров

 Осы жылдың 29 шілдесінде ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында заң жобасы мақұлданды. Оның шеңберінде экологиялық рұқсат алу рәсімдерін оңтайландыру бөлігінде ҚР Экологиялық кодексіне түзетулер көзделген.

«Кәсіпорындар экологиялық рұқсат алу үшін көптеген процедурадан өтуге мәжбүр. Соның ішінде скрининг, қоршаған ортаға әсерді бағалау және мемлекеттік экологиялық сараптамадан өтеді. Бұл процедуралар да міндетті түрде қоғамдық тыңдау өткізумен қатар жүреді. Жаңа экологиялық кодекстің күшіне енуімен 2021 жылы кәсіпорындар барлық осы рәсімнің өту ұзақтығы проблемасына тап болды. Процедураларды оңтайландыру қажеттілігі туралы мәселе көтерілді», – деді «Атамекен» ҰКП Мұнай-газ секторы және экология департаменті директорының орынбасары Адина Қарымсақ.

Жаңа түзетулерге сәйкес рұқсат алу мерзімі барлық кезеңде 9-10 күнге қысқартылады. Мәселен, қамту саласын анықтау және скрининг нәтижелері туралы қорытынды беру мерзімі 32-ден 22 жұмыс күніне дейін, ал қоршаған ортаға әсерді бағалау және оның нәтижесі бойынша қорытынды беру кезеңінде 39-дан 30 жұмыс күніне дейін қысқарады.

Сондай-ақ кәсіпорындардың негізгі қызметі кезеңіне әсер етпейтін құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге жеке рұқсатты ресімдеу мүмкіндігі пайда болады.

 «Кез келген құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу жағдайында бірыңғай рұқсатты қайта ресімдеу қажеттілігі де қиындық тудырды. Яғни, кәсіпорындарды пайдалану кезеңіне әсер етпейтін шағын жөндеу жұмыстары да бірыңғай экологиялық рұқсатқа өзгерістер енгізу қажеттілігіне байланысты процестердің жеделдігіне әсер етті. Енді кәсіпорындардың негізгі қызметіне әсер етпейтін құрылыс-монтаждау жұмыстарына жекелеген рұқсат алуға болады», – деп түсіндірді Адина Қарымсақ.

Сонымен қатар, қоршаған ортаға әсерді бағалау және мемлекеттік экологиялық сараптама бойынша мемлекеттік қызметтер шеңберінен тыс қоғамдық тыңдау өткізу мүмкіндігі үлкен жеңілдік  болады. Бұл шара бұған дейін белгіленген мерзімдерді сақтамау себебінен бас тартуды болдырмауға мүмкіндік береді.

Қоғамдық тыңдауды қайта өткізу енді жобалық шешімдерге елеулі өзгерістер енгізген кезде ғана қажет болады. Бұл ретте кәсіпорындарға мемлекеттік органдардан алынған ескертудің нәтижесі бойынша ықтимал әсер туралы есепті пысықтау мүмкіндігі берілетін болады.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер