«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Шығыста әлеуметтік кәсіпкер Лилия Мамбурова ерекше балалар әлемін құрып жатыр

2023 жылғы 27 Маусым
- Шығыс Қазақстан облысы
7359 просмотров

 Әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысу рухы мықты адамдардың қолынан келеді деген пікірімен ешкім таласпас. Бұл саланы батылдар ғана алып жүреді, мойымайтындардың артықшылығы.  Бүгінгі кейіпкеріміз – Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласынан келген «Страна чудес» балалар түзету-дамыту орталығының басшысы Лилия Мамбурова. Ол өзінің кәсіби өмірін аутизммен ауыратын балаларға көмектесуге арнауды шешті. Бұл жай ғана кәсіпкердің емес, ең алдымен ананың таңдауы болды.

 

«Страна чудес для детей с РАС» арнайы мектеп – бала бақша» ЖШС –  эмоциялық-ерікті қабілеті кешеуілдеген және мінез-құлқы бұзылған, оның ішінде аутизмі бар балаларға арналған Қазақстандағы алғашқы түзету балабақшасы. «Страна чудес» түзету-дамыту орталығы бала дамуын ерте қолға алу, сенсорлық интеграция, АВА-терапия және нейротүзету бағдарламалары бойынша ерекше балаларды дамытумен 5 жылдан астам уақыт бойы айналысып келеді. Арнайы (түзету) мектеп аутизм спектрінің бұзылысы бар балаларды икемделген бағдарламамен жұмыс істейтін бастауыш мектеп. Орталықтың мақсаты – мүгедек балалардың өмір сүру сапасын жақсарту, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау, сондай-ақ оларды қоғамға бейімдеу.

Әлеуметтік кәсіпкер күні қарсаңында біз Лилия Мамбуровадан сұхбат алдық. Кәсіпкер ҚР Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне кіреді, Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту кеңесінің мүшесі, Әлеуметтік бастамалар қауымдастығының мүшесі және «NIET WOMAN әйелдер бастамалары қауымдастығы» ҚБ қатысушысы, облыстың қоғамдық кеңесінің мүшесі.

 – Лилия Юрьевна, Шығыс Қазақстан облысы бизнес-қоғамдастығы атынан сізді кәсіби мерекеңізбен құттықтаймыз! Сіз бизнесте ерекше балаларды дамыту және оқыту сынды ауыр жолды таңдадыңыз. Осындай таңдауға не түрткі боды?

– Түзету орталығын ашу идеясы қызым дүниеге келген кезде туды: отбасымызға ерекше бала келді. Баланың дамуына қарай қажеттіліктерін өтей алмай, қиындықтарға тап болдым. Осындай күрделі диагнозы бар балаларға кешенді оңалту әрі интенсив түзету жұмыстары қажет. Түрлі мамандардың командалық жұмысы керек. Мұндай баламен психолог, дефектолог, логопед және емдік дене шынықтыру мамандары жұмыс істеуі керек. Әрине, ата-анаға да қолдау керегі анық. Бұл ретте әр балаға жеке қарап, шаршау, психофизикалық даму ерекшелігіне  білім беру бойынша жеке режим белгілеу керек.

Балаға үздіксіз білім беріп, түзете алатын мұндай орталықтар бізде болмады. Жекелей оңалту орталықтары бар, ал олардың міндетіне қамқорлық пен күту ғана кіреді.

Балам 3 жасқа келгенде маған оңалту орталығы қажет болды, өйткені әр ана баласы ертең-ақ, Құдай қаласа аяққа тұрып, 7-8 жасында шауып кетеді, оңалады деп сенеді. Бірақ орталығымыздағы екі жыл жұмыстан кейін оңалтуға  бір емес, екі емес көп жыл керегін түсіндім. Бұл менің өмір салтыма айналуы керек екенін, бұл мәселені әлдеқайда кеңірек қарау керек екенін және сіздің балаңыздың «қалыпты» болуын күтпеу керегін түсіндім. Баланы бүгінгі халінде, қазір осы әлемге қалай келгенін қабылдау керек, оны өзгертуге қоғамға қарай бейімдеуге тырыспаңыз. Бұл мүмкін емес! Мен үшін өзімді тану өте қиын болды, бірақ содан кейін мен онымен өмір сүруді үйрену керек екенін түсіндім, бір жыл емес, екі жыл емес, үнемі. Яғни, балалардың үздіксіз білім беру мен оңалтудың ұзақ мерзімді перспективасы болуы үшін орталықты кәсіби деңгейге тез шығару қажет болды. Мен балабақша салу керек екенін түсіндім. Балалардың балалық шағында мүмкіндігінше ұзақ болу үшін олардың ерекше балалық шақтарын барынша ұзарту керек, өйткені бала ойын арқылы дамиды.

–  Алғашқы орталық қай жылы ашылды, қазір кәсіп қалай дамып жатыр?

– Оңалту орталығын 2017 жылы аштық. Ол кезде «аутизм» диагнозы бар 24 бала келіп жүрді. Балалар дамуы тежелгенін көрдім, әрине баламен үнемі жұмыс істесе прогресс болады. Сол кезде ерекше балаларға білім берудің түзету жүйесін құру керегін түсіндім. Негізі Совет одағында мүндай жүйелер болған. Кейін оларды қысқартып, инклюзияға қосты. Инклюзив білім беруге қарсы емеспін, бірақ бұл жүйе әр балаға келе бермейді. Күрделі диагнозы жоқ балалар инклюзияға ілесіп, оңалып кете алады, ал психиатриялық, неврологиялық патологиясы ауыр балалар бөлек. Олардың проблемасын түсініп, менталды саулығының аутқуын қабылдап, оларға білім беруде қажетті жағдайын құратын болса, олар әрине дамуда ілгерілей бастайды.

 Осылайша, арнайы балабақшаны 2020 жылы аштық. Біз бұрын балабақша болған ғимаратты жалға алдық, барлық активімізді саттық, демеушілерді тарттық, осы ғимаратты жөңдеуге қомақты қаражат жұмсадық та мемлекеттік білім беру тапсырысын алдық.

 Балаларымыз балабақша жасынан өсіп, үздіксіз білім берудегі қажеттіліктері арта бастағанда аутизмі бар балаларға арналған мектеп ашу шешімі қабылданды. Мен әлі де қарқынды білім беру жүйесін сынап көріп, ерекше балалардан мүмкін болатын барлық әлеуетті барынша шығаруды шештім. Осылайша, біз «Даму» қоры, демеушілердің қолдауы және ішінара өз қаражатымыз арқылы 1 600 шаршы метрді құрайтын өз ғимаратымызды несиеге алдық.

 Қазақстанда мұндай мектеп жоқ. Біздің бастама – инновация. Біз лицензия алған кезде: «ал сіз қалай жұмыс істейсіз, білім беру стандартында аутизмі бар балалармен жұмыс істеуге арналған бағдарлама жоқ па?» деген сұрақтар қойылды. Бірақ біз ақыл-ой кемістігі бар балаларға, психикалық дамуы тежелген балаларға арналған стандартты бағдарламаны қабылдадық және аутизмі бар балаларға қажет барлық түзету жұмыстарын: коммуникативтік дағдыларды дамыту, психологпен жұмыс, сенсорлық-интегративті сабақтарды вариативті бөлімге қостық. Бұл тәжірибені Мәскеу эксперименталды мектебінен алдық, онымен екі жылдан астам жұмыс істеп келеміз, сол мектепте өз мамандарымызды тағылымдамадан өткіземіз.

Бағдарламамыз авторлық, оған арнайы патент алдық. Қазір бұл әдістеменің тамаша жұмыс істеп жатқанын көріп жатырмыз. Осы жыл жұмыс істеген соң бойымызды тіктеп, қанатымызды жайдық десе болады. Балапандарымыз қандай жетістіктерге жеткенін көрсеңіз ғой! Ата-аналардың баласына деген үміті зор, сенімі артып келеді.  

–  Мамандығыңыз қандай? Өз ұйымыңызға мамандарды қалай таптыңыз?

–  Бұған дейін «Бипэк-Авто» ЖШС-да арт-директор болып қызмет еттім. Мамандығым педагог және аудармашы. Ал қызым дүниеге келген соң дефектолог мамандығым оқып алдым, педагогика және психология бойынша магистратураны аяқтадым. Айналысып жатқан кәсібіме мамандығым сай болуы керек деп санаймын.

Кадр мәселесі өте маңызды. Бұл аса өзекті мәселе дер едім. Топқа жас мамандар – психологтар мен дефектологтарды жинаудан бастадық. Мен осында мықты спикерлерді, Мәскеу, Санкт-Петербург, Польшадан ең жақсы профессорларды әкелдім. Біз аутизм саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысқан америкалық әйелмен байланыс орнаттық және ол екі жыл қатарынан ерікті ретінде келіп, біздің мамандарды оқытты. Бұл адамдар менімен әлі де жұмыс істейді, бізде еңбекақы мемлекеттік мекемелерге қарағанда жоғары.

 Бастапқыда 6 адам жұмыс істесе, қазір штатта 74 қызметкер бар. Олардың ішінде 34 педагог, қалғаны – әкімшілік, қызмет көрсету персоналы.

 Біз бірнеше жыл бойы әдістемелік әзірлемелер, ұсынымдар жасадық, қазір бізде ішкі оқытудың іргелі жүйесі құрылды.

–  Орталықтарда қанша бала тәрбиленіп жатыр? Оларды қалай топтайсыз?

–  Балабақшада 3,5 жастан 7-8 жасқа дейін балалар тәрбиеленіп жатыр. Жалпы 72 бала бес топта оқып жатыр. Олардың барлығы балабақшаға мемлекеттік білім беру тапсырыс бойынша келеді. Осылайша ата-анаға қаржылай жүктеме азаяды. Балалар таңғы 8-ден кешкі 6-ға дейін осында.

 Жасы үлкен балаларға арналған мектеп бар. Ондағы міндет бірінші кезекте балаларды оқу, жазу, санауға үйрету. Әрине, біз оларға өз-өзіне қызмет етуді, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлауды үйретеміз, бізде үй шаруашылығы сабақтары, аспаздық сабақтары бар.  Дегенмен, басты міндет – білім беру. Сондықтан 2022 жылы балалардың даму деңгейі, ауыр диагнозына қарай 3 сынып аштық.

Біздің мектепте балалар мемлекеттік тапсырыс шеңберінде «Қаржы орталығы» АҚ арқылы оқиды, ата-аналар қосымша жеке түзету сабақтары үшін ақы төлейді. Бүгінгі таңда бізде 41 оқушы бар, бірақ біз келесі жылға төртінші сыныпты жинап қойдық. Бізде бастауыш мектепте 6-11 жас аралығындағы 55 оқушы болады. Сондай-ақ, бізде үйде оқытылатын төрт оқушы бар, олармен сабақ жеке өткізіледі.

 Қазір 130 тәрбиеленушіден 67 баланың «бала жасынан мүгедек» статусы бар. Осындай баланың 30-ы облыстық бюджет есебінен әлеуметтік тапсырыс бойынша оқып жатыр.

Осы кезеңде балалар жазғы білім беру лагеріне барады. «Инклюзивті қоғамды дамыту» тақырыбы бойынша «Азаматтық бастамалар орталығы» АҚ грантын ұтып алу бақытына ие болдық. Біздің балаларымыз осы жоба аясында гидравликалық оңалтудан өтіп, бассейнге, тұзды үңгірге барады. Сондай-ақ, орталық аумағында жыл бойы сенсорлық интеграция залдары, медициналық кабинет, спорт залдары, түзету жұмыстарына арналған 15 жеке кабинет, жайлы асхана және тағы басқалар жұмыс істейді. Тамызда біз «Самұрық-Қазына» қорынан грант түрінде алған ойын алаңын ашуды жоспарлап отырмыз.  

–  Алдағы жосрапыңыз қандай?

–  Балалар өсіп жатыр, сондықтан 5-9 сынып аралығындағы балаларға мектеп салғымыз келеді. Осы мектеп базасында қол еңбегін дамытып, шеберханаларды ашқымыз келеді. Осылайша мамандқты игеру мүмкіндігі бар.

Басты мотивациям – балам. Ол 1 сыныпта оқиды. Бірақ 4 жылдан кейін ол басқа балалар сияқты бастауышпен қоштасады, сондықтан балалар әрі қарай қайда оқитынын қазір шешу керек.

 – Лилия Юрьевна, мемлекетпен қарым-қатынаста қандай да бір проблемалар бар ма?

 –  Әрине, Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдау механизмдердің пысықталғанын қалаймын. Өйткені әзірге бұл статус бізге ештеңе бермеді. Бірақ тұтастай алғанда, бізге шағымданатын ештеңе жоқ, мемлекет бізді қолдайды. Бюрократиялық мәселелермен байланысты кішкене кедергілер бар, бірақ бәрін жеңуге болады. Шын мәнінде, бізде әлеуметтік салада мемлекет тарапынан қолдау көрсету жүйесі өте жақсы құрылған деп санаймын, бағдарламалар көп, тек жұмыс істеу керек. Ия, бұл бағыт қиын, көп жұмыс істеу керек. Бірақ бәрін кәсіби, сапалы жасасаңыз кез-келген жұмыс әрдайым жеміс әкеледі. Егер өз ісіңізге терең үңілсеңіз, үйренсеңіз және жаныңызды салсаңыз бәрі де мүмкін. Сондықтан мен әріптестеріме – әлеуметтік кәсіпкерлерге – қиындықтардан қорықпауды, үнемі өзін-өзі тәрбиелеумен айналысуды, қоғамдық байланыс құруды тілеймін, сонда сіз міндетті түрде жетістікке жетесіз!


Еншілес ұйымдар

Серіктестер