«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

ШҚО туроператорлары Ресеймен шекарада ішкі туризмді дамыту мәселесін көтерді

2023 жылғы 21 Маусым
- Шығыс Қазақстан облысы
6705 просмотров

Шығыс Қазақстан облысының туроператорлары Катонқарағай ұлттық паркіндегі «Язев көлі – «Сәрсенбай»  шаруа қожалығы туристік маршрутындағы жағдайды реттеу қажеттігін мәлімдеді. Ресей Федерациясымен шекарада демаркация мен сәйкестендіру белгілерінің болмауына байланысты қазақстандық туристік топтар мемлекеттік шекараны бұзғандар қатарында болу қаупі бар.

 2023 жылдың 20 маусымында ҚР ҰҚК Шығыс Қазақстан облысы бойынша Шекара қызметі департаментінде Серік Рахимовтың жетекшілігімен ішкі туризм саласының кәсіпкерлерімен кездесу өтті. Оған «Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ бас директоры Жанболат Тыныбеков, ШҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев, ШҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының туризмді дамыту бөлімі басшысының м.а. Әлімжан Дайырбаев және Шығыс Қазақстан туроператорлары, соның ішінде ШҚО Кәсіпкерлер палатасының Туризм кеңесінің мүшелері қатысты.

Жиналысқа өткен жылдың шілдесінде жергілікті туроператор «Көккөл» шахтасы ауданында туристік маршрут бойынша өткізген туристер тобымен болған оқиға  себеп болды.  Қазақстандық шекарашыларға Ресей шекара жасағы мемлекеттік шекара режимін бұзғаны үшін Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара өтетін Белуха тауының етегінде алты азаматты ұстағанын хабарлады. Содан кейін қазақстандық тарап ФСБ Шекара қызметімен келісіп, төрт күннен кейін біздің азаматтар босатылды. Бірақ айыппұл түрінде алдын ала әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

 Мемлекеттік шекара режимін бұзушылар шекара маңында орналасқан тарихи орындарды аралау мақсатында атпен серуенге шыққаны анықталды. Сол кезде көрші елдің шекарасына абайсызда өткен.

 «Біз өз жолымыызбен жүрдік және шекараны бұзып жатқанымызды білмедік. Ресейлік шекарашыларшыға картадан біз Қазақстанда екенімізді көрсеттік. Бірақ, біздің картада масштаб өте кішкентай болып шықты, сондықтан біз шекарадан асқанымызды байқамай қалғанбыз. Ал шекара қызметтеріндегідей ірі масштабты карталар бізге қолжетімсіз, ал қателесу бұл жерде үлкен рөл атқарады», – деді былтыр шекара бұзған топ «AltayPro» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Вячеслав Орлов.

ШҚО ҰҚК ЖПҚ жетекшісі Серік Рахимов  облыс әкіміне осы туристік маршруттың проблемасы туралы баяндалғанын және жақын арада Департамент осы мәселеде ықтимал ымыра келісімдерді талқылау үшін ресейлік әріптестерімен кездесу өткізетінін хабарлады.

Кәсіпкер Мұхтар Тойбазаров Шығыс Қазақстан, әсіресе Катонқарағай ауданы еліміздің туристік бренді екенін еске салды.

 «Біз талқылап жатқан учаскеде шекара демаркацияланбаған және белгіленбеген. Бірақ сонымен бірге дәл осы ең көп сұранысқа ие туристік маршрут өтеді – көптеген жыл бойы өзендер мен батпақтарды айналып өтетін соқпақ жол қалыптасқан. Сондықтан біз шекараны белгілеуді сұраймыз – тиісті жерлерде белгілер болуы керек. Бұл жолды адам физикалық түрде өте алу керек», – деп Мұхтар Тойбазаров бизнес-қоғамдастықтың пікірін білдірді.

 «Вояж – Алтайский Казахстан» ЖШС бас директоры Ирина Клиновицкая ресейлік шекара қызметімен ымыраға келу жайында ұсыныс айтты.

 «Соқпақ жолдар қауіпсіз, ыңғайлы. Менің ойымша, Ресей тарапымен бақыланатын өткел жолды белгілеу қажет. Өйткені, бұл әрдайым біртұтас кешенмен өмір сүретін шағын ауыл, ал іс жүзінде ондағы бірнеше үй Қазақстан жерінде, ал үйлердің басқа бөлігі Ресей жерінде орналасқан», – деді Ирина Клиновицкая.

«Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ бас директоры Жанболат Тыныбеков талқыланып жатқан турмаршруттың 20 жыл бойы пайдаланылып келе жатқанын растады.  Айналып өтетін жолды белгілеу үшін арнайы жұмыс тобы құрылды.

«Бірақ шілденің ортасына дейін біз бұл бағытты әзірге жауып отырмыз, өйткені Берел өзені арқылы өтетін көпір қауіпті жағдайда. Тек альпинистер үшін бағыт ашуға болады», –деп ескертті Жанболат Тыныбеков.

 Серік Рахимов 2025 жылыдң соңына дейін шекараның осы бөлігін демаркациялауды аяқтау жоспарланғанын айтты. Бірақ келесі жылы демаркация қалай белгіленетіні туралы нақтылық болады.

«Біздің сұрауымызға Ресей Федерациясының шекара қызметі «Язев көлі – «Сәрсенбай» ШҚ  бағыты бойынша барлық жасалатын маршрутты көрсете отырып, алдын ала келісім бойынша өту ұсынылатыны жайында жауап берді. Демаркациялауға дейін өткелде тиісті белгілер орнатылады және біз өзіміздің шекара жасақтарымызды орнатамыз. Жасақтардың қарауымен туристік топтар маршрут бойынша өтеді. Бірақ туроператорлар бізге 5-7 күн ішінде топтар қай құрамда, қай уақытта және қай бағытта жүретінін бізге хабарлау керек. Осылайша біз бұл туралы ресейлік әріптестерімізге алдын ала хабарлаймыз», – деді Серік Рахимов талқылау қорытындысы бойынша мәселені шешу нұсқасын ұсынды.

 Спикер кері байланыс үшін WhatsApp-та арнайы чат барын айтты. Оған туроператорлар хабарламаларын жібере алады.

 Осылайша,  демаркация аяқталғанға дейін Шығыс Қазақстан шекара отрядтарының сүйемелдеуімен Ресей Федерациясына тиесілі маршрут учаскелерінің өтуін ұйымдастыру жоспарланған. Бұл ұсынысты біздің шекарашылар ресейлік әріптестерімен талқылайды, бірақ қазір олар міндетті түрде консенсусқа қол жеткізетініне сенімді.

 «Бұл мәселені шешу Шығыс Қазақстан облысының ішкі туризмін дамытуға айтарлықтай әсер етеді деп санаймыз. Осы бағыттардың барлығы бұрыннан белгілі және туристер үшін өте ыңғайлы. Ал біздің туроператорлар мемлекеттік шекараны бұзғаны үшін өз жауапкершілігін түсінеді. Бірақ, егер біз Ресей шекара қызметімен келісімге келсек және біздің шекарашылар маршруттың белгілі бір учаскелерінде туристік топтармен бірге жүретін болса, одан барлық тарап та пайда көреді», – деді ШҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер