«Біз шетелдік инвестицияға «ашық есік» саясатын жүргізіп отырмыз», – Райымбек Баталов
«Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов Қазақстан мен Германияның ынтымақтастығында екі елдің өркендеуі үшін қолайлы экономикалық перспективалы бағыттарды атап өтті. Бұл туралы Германиядан келген серіктестер, мемлекеттік органдар өкілдері және екі мемлекеттің бизнес-лидерлерінің қатысуымен өткен Қазақстан-Германия инвестициялық форумында белгілі болды.
Қазақстан мен Германияның кездесулері екіжақты экономикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Осыған орай, Райымбек Баталов осы жылдың 16 мамырында Астанада өткен Қазақстан-Германия Іскерлік кеңесінің 14-ші отырысының сәтті ұйымдастырылғанын айтты. Іс-шара қорытындысы бойынша бірлескен жобаларды қаржыландыруға практикалық көмек көрсетуге арналған жұмыс тобын құруға бастамашылық жасалды.
«Бұл бастама Қазақстан тарапынан да, Германия тарапынан да қолдау тапқаны қуантады. Ал бұл жобаны табысты іске асыру біздің өзара тиімді ынтымақтастығымызды тереңдетуге ықпал ететін консультативтік және сараптамалық орган құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Германия экономикасының Шығыс комитеті, Германияның сауда-өнеркәсіп палаталарының қауымдастығы және Германия экономикасының Орта Азиядағы өкілдігімен бірлесіп құрылыс, логистика, өнеркәсіп, машина жасау, энергетика және қаржы сияқты салаларда 9 іс-шара өткіздік», – деді Ұлттық палата басшысы.
Спикер Тюрингияның кәсіпкерлік қоғамдастығымен ынтымақтастықтың үдемелі дамуын атап өтті. Өткен жылдың қыркүйегінде Ұлттық палата мен Тюрингияның Экономикалық даму агенттігі арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Осы жылдың сәуірінде екінші сапар барысында үш бірлескен ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Атап айтқанда:
1. Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп қауымдастығы жән Тюринг тоқыма зерттеу институты арасында.
2. ҚР Халықаралық технологиялар және біліктілік орталығы және Акуа-мол компаниясы арасында.
3. Қазақстанның қайталама шикізатты тұтынушылар қауымдастығы және Майк Куарз (Maicom Quarz) компаниясы арасында.
«Бұл келісімдер іскерлік байланысымызды нығайтудағы тағы бір қадам болды. Сонымен қатар елдеріміз арасындағы өзара тиімді әріптестікті дамыту үшін жаңа бағыттарды ашты. Қазіргі кезде Қазақстан елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған елеулі саяси және экономикалық реформалар жүргізіп жатыр. «Атамекен» ұлттық палатасы осындай қайта құру үдерісіне белсене қатысып, Қазақстанға шетелдік инвестициялар үшін «ашық есік» саясатын жүргізіп келеді», – деп толықтырды Райымбек Баталов.
Сонымен қатар, Үкіметпен ынтымақтастықта Ұлттық палата тұрақты және болжанатын салық режимін қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс істеп, сот жүйесін жетілдіру және тұтастай алғанда Қазақстанда әділ кәсіпкерлік ортаны құру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Заңнаманы жаңғырту және сапалы фискалдық режимді қамтамасыз ету бизнестің сенімін арттырады және елге тартылған шетелдік инвестиция деңгейіне әсер етеді.
«Бұдан басқа біз шетелдік инвесторлармен жұмыс істеу жүйесін қайта қарастырып жатырмыз. Үкіметпен бірлесіп біз интерактивті инвестициялық картаны және әрбір өңір үшін инвесторлар мен инвестициялық жобалардың цифрлық тізілімін әзірлейміз. Біз мастер-жоспарларды әзірлеу және оларды бірыңғай цифрлық платформа арқылы іске асыруды ұсынамыз. Осылайша процестердің ашықтығын және инвестициялық бағдарламалардың орындалуына мониторингті қамтамасыз етеміз», – деді «Атамекен» ҰКП басшысы.
Спикер екі ел ынтымақтасғының перспективалы бағыттарын атады.
«Қазақстанның тау-кен металлургия секторы қашан да инвесторлардың үлкен қызығушылығын тудырады. Орта мерзімді перспективада пайдалы қазбаларды өндіру мен өңдеудің ұлғаюы күтілуде. Қазір аэрогеофизикалық зерттеулер бойынша жоба әзірленіп жатыр. Жоба еліміздің ресурстық әлеуетін бағалауға және геологиялық барлау саласындағы халықаралық сарапшыларды тартуға көмектеседі. Біздің күш-жігеріміздің тағы бір маңызды бағыты – энергетикалық жүйені тұрақты дамыту және жаңғырту. Жалпы, жаңғырту экономиканың энергия тиімділігін арттыруға бағытталған», – деді спикер.
Осы сектордағы ынтымақтастық бағыттарының бірі ретінде ҰКП басшысы жаңартылатын энергия көздеріне инвестициялар тарту және Қазақстанда жабдықтар мен технологиялар өндірісін локализациялау бағытында деп санайды.
Ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігі де инвестициялаудың басым бағыттары, деді ол. Қазақстан ауыл шаруашылығын дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау үшін зор әлеуетке ие.
«Біз неміс инвесторларын заманауи агротехнологияларды әзірлеу, өндірістік кешендер құру және ауыл шаруашылығы базасын кеңейтуге қатысуға шақырамыз. Сіздердің Қазақстанға деген қызығушылығыңызды бағалаймыз және елімізге инвестиция салуға шақырамыз. «Атамекен» ҰКП және мемлекеттік органдар сіздің жобаларыңызды табысты іске асыру үшін барлық қолдаудың барлық қажетті түрі түрлері мен формаларын ұсынуға дайын. Бұл ретте процестердің ашықтығы мен инвесторлар құқығының қорғалуына жоғары деңгейде кепілдік беріледі», – деп түйіндеді Райымбек Баталов.
Өз сөзінің соңында ол Қазақстан мен Германия арасында ұзақ мерзімді және өзара тиімді іскерлік байланыс орнату үшін осы бірегей мүмкіндікті пайдалануға шақырды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: