Медицинадан бизнеске: Алматы облысында көпбалалы ана форель шаруашылығын дамытуда
Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында мемлекеттік қолдаудың арқасында балық бизнесі дамып келеді. Мәселен, Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны Демесинова Балжан форель өсіріп, Түрген шатқалында туристік демалыс орнын жабдықтады.
Балжан - төрт баланың анасы және экс-стоматолог. Медицина саласында ол небәрі 2 ай жұмыс істеп, содан кейін бұл оның кәсібі емес екенін түсінген.
«Мен бала кезімнен балық бизнесінде болдым десем, қателеспеймін. Менің ата-анамның Таразда 2 үлкен су қоймасы болған. Онда олар сазан, тұқы және қарақұйрық өсіріп, сатты. Содан кейін 1996-1997 жылдары ағам Түрген шатқалында форель шаруашылығын сатып алды. Содан біз оны бүкіл отбасымызбен дамыта бастадық», - деп еске алды кәсіпкер.
2017 жылы күйеуінің ағасы мен анасы Балжанға жер телімін бөліп берген. Бұл балық аулау кәсібінің басын салды – көпбалалы ана бірден отбасылық кәсіпті жалғастыруды ұйғарды.
«Бастапқы капитал жерді тегістеп, абаттандыруға, екі үлкен және он шағын самалжай, сондай-ақ он сәкі салуға жетті. Кейін Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасында «Бастау бизнес» бойынша оқытудан өтіп, 6 пайызбен жеңілдетілген несие алдым. Осы қаражатқа жиһаз және 3 киіз үй сатып алдым. Содан бері қыста да, жазда да жұмыс істеп, шаруашылықты қарқынды дамытып келеміз», – дейді Балжан.
2019 жылдың маусым айында іскер әйел шаруа қожалығының базасында туристік демалыс аймағын ашты. Қазір мұнда 32 адам жұмыс істейді, 9-ы ресми, 23-і маусымдық келісім-шарт негізінде жұмыс істейтін қызметкерлер. Демалыс аймағының аумағында әркім өз бетімен балық аулап, содан кейін дәл сол жерде ауланған балықтың дәмін тата алады, жай демалуға да болады.
Кәсіпкер қазір балық шаруашылығының өркендеп келе жатқанын айтты. Бірақ болашақта ол өзінің шаруа қожалығының аудандағы ірі кешендердің біріне айналуын қалайды. Ол үшін бассейні, монша кешені, ойын алаңдары бар қонақүй салуды жоспарлап отыр.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: