«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қостанайлық кәсіпкерлердің бизнес-омбудсменге айтары көп

2023 жылғы 14 Маусым
- Қостанай облысы
6266 просмотров

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов Қостанай облысына жұмыс сапарымен келді. Ол алдымен Бизнеске қызмет көрсету орталығына барды, мұнда өтініштерді қарау бойынша үш деңгейлі жүйе қалыптастырылған. Сол арқылы Өңірлік кәсіпкерлер палатасы  облыс бойынша жыл соңына дейін 10 мың кәсіпкерге қызмет көрсетуді жоспарлап отыр.

Ал бизнес-омубсдменмен өткен жеке қабылдауға жиырмадан астам кәсіпкер келді.

Кездесу барысында Қазақстан темір жолына қатысты мәселе талқыланды, өйткені логистика бизнес үшін әлі де өзекті проблемалардың бірі. Мысалы, ҚТЖ Қостанай станциясында тасымалдауды ұйымдастырудағы бұзушылықтарды жоюға қатысты облыстық көлік прокуратурасы ұсынған нұсқаманы елемей отыр. Өйткені соның салдарынан кәсіпкерлер қосымша төлемдер төлеуге мәжбүр болып, айтарлықтай шығынға батуда.

Рустам Жүрсінов бұл мәселе Үкімет деңгейінде қаралатынын айтты.

Қабылдау барысында Қостанай облысының аграрлық саласы өкілдерінің қатысуымен агроөнеркәсіптік кешен саласындағы бірнеше проблемалық мәселелер талқыланды.

Қостанай облысы кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі өкілдерінің бірі, аграршы Александр Бородин субсидиялау шарттарына жатпайтын немесе біршама шектеулері бар ауылдық жерлерде тұрғын үй салу мәселесін көтерді. Бұл ауылдық жерлердің дамуына айтарлықтай әсер етеді дейді. Оның пікірін аграршы Қайрат Оспанов та құптады.

Агроөнеркәсіптік кешендегі субсидиялау тетіктері бірқатар түзетуді талап етеді. Бұл мәселе салалық кеңестің отырыстарында бірнеше рет талқыланып, Қостанай облысының аграршылары өз ұсыныстарын білдірген болатын.

Рустам Жүрсінов қостанайлық аграршылар ұсынған нұсқалар жан-жақты талқыланып, содан кейін мүдделі органдарға тиісті ұсыныстар енгізілетінін атап өтті.

Қабылдауда айтылған кейбір өтініштер Экологиялық кодекс мәселелеріне қатысты болды.

Мәселен, Қостанай облысы бойынша құрылысшылар қауымдастығының атқарушы директоры Ирина Викулова құрылыс қалдықтарын қайта өңдеу және кәдеге жарату зауыттарының құрылысын дамыту қажет екендігін атап өтті.

Құрылыс қалдықтарын қабылдау, сұрыптау және кәдеге жарату үшін арнайы полигондардың болмауы құрылыс компаниялары үшін біршама қиындық тудырып отыр, өйткені қалдықтарды жоюды жүзеге асыру мүмкін емес. Инфрақұрылымның толыққанды дамымауы, қоқыс өңдейтін кәсіпорындардың болмауы және жабдықтар құнының жоғары болуы құрылыс қоқыстарын кәдеге жарату бағасының шарықтап кетуіне, сондай-ақ Экология департаменті тарапынан әкімшілік санкциялардың жиі салынуына әкеліп соқтырады.

Кәсіпкерлер көтерген тағы бір маңызды мәселе - елді мекен шегіндегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері үшін ақы төлеу мәселесі.

2022 жылғы шілдеде кәсіпкерлер елді мекен шегіндегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жалдау шартына қосымша келісімге қол қою қажет екендігінен хабардар болады. Осы учаскелер үшін төлемнің өзгеруі кәсіпкерлердің мойнындағы жер салығы сомасының айтарлықтай өсіп кетуіне әкеліп соқтырған. Сонымен қатар, талап қою мерзімі ішінде олардың алдыңғы үш жыл үшін де төлейтін салықтары аз емес екендігін ескерсек, бұл ауылшаруашылық кәсіпорындарының құлдырауына ұрындыруы әбден мүмкін.

113 жер пайдаланушыға тиісті хабарлама жіберілген, өйткені олардың пайдаланып жүрген жер телімдері жалпы ауданы 28 290 гектар болатын 186 жер учаскесіне қарасты болып табылады.

Сонымен қатар жеке қабылдау барысында зейнеткерлік жасына жеткен адамдардың мемлекеттік бағдарламалар бойынша несие алуы мәселесі көтерілді. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «Тобыл» ӘКК» АҚ ішкі нормативтік құжаттарына сәйкес зейнеткерлерге қаржы беруге тыйым салынады. Нәтижесінде зейнеткер кәсіпкерлер жеңілдетілген несие алу мүмкіндігінен айырылды, бұл әділетсіздік қой.

Аталған мәселелерді шешу үшін бизнес-омбудсмен облыс әкімі Құмар Ақсақаловпен, облыстық соттың төрағасы, облыс прокуроры және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшыларымен кездесті. Мұнда көтерілген мәселелердің біразы республикалық деңгейдегі проблемалар тізіліміне енгізілетін болады.

Қазір өңірлерде мемлекеттік органдар мен бизнес арасында белсенді диалог жүргізілуде, Қостанай облысының Кәсіпкерлер палатасы осы бағытта үлкен жұмыс атқарып келеді. Барлық кездесу мазмұнды өтті. Біздің бірлескен жұмысымыз жақсы нәтиже берері сөзсіз және аталған барлық мәселелерді шешуге ықпал етеді деп сенемін, - деді Рустам Жүрсінов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер