«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ұлттық палата жаңа Салық кодексіне қатысты ұсыныстарын таныстырды

2023 жылғы 13 Маусым
4719 просмотров

«Атамекен» ҰКП мамандары Сенат депутаттарына салық саясаты мен салықтық әкімшілендіруге қатысты өз ұсыныстарын таныстырды. Презентацияда тәуекелдерді басқару жүйесін өзгерту, камералдық бақылау, еңбекақы төлеу қорына салық салуды реформалау қажеттігі айтылды.

 «Атамекен» ҰКП өкілі Дастан Қазиев тәуекелді мәмілелерді анықтау және салық міндеттемелерінің орындалмауын болдырмау мақсатында енгізілген тәуекелдерді басқару жүйесін қайта қарау қажеттігіне назар аударды. Қазіргі кезде бұл жүйе салық төлеушіге қысым жасау құралына айналды.

 «Камералдық бақылауда да тура осындай жағдай. Салық төлеушіге көмекші ретінде енгізілген құрал қашықтан жүргізілетін салық тексерісіне айналып кетті. Оның тәсілдемесін қайта қарап, бастапқы мақсатына қайтару керек», – деді  Дастан Қазиев «Салық саясатының өзекті мәселелері және салықтық әкімшілендіруді жетілдіру» атты дөңгелек үстел барысында.

Ұлттық палата шағын және орта бизнеске салық салуды қайта қарау, сондай-ақ қолданыстағы заңнамада көзделген режимдерге талдау жүргізу және экономиканың өңдеуші секторларын қолдау үшін инвестиция тарту мақсатында ұсыныстар әзірлеуді ұсынды.

 «Тағы бір өзекті мәселе – қызметкерлерге еңбекақы төлеу қорынан салық және  басқа да төлемдерді есептеу. Біз жұмыс берушіге түсетін жүктеме ауыр екенін бірнеше рет көтердік. Қазіргі уақытта жиынтық жүктеме қордың 40%-на дейін жетеді. Мұндай төлемдерді есептеудің өзі қиын. Осыған байланысты еңбекақы төлеу қорына салық салуды өзгертің, салық салудың бірыңғай базасын енгізу жолымен реформалауды ұсынамыз», – деп ұсынды Дастан Қазиев.

Дөңгелек үстел барысында ставкаларды саралау, технологиялық жаңғырту мен ғылыми әзірлемелерді ынталандыру, арнайы салық режимдерін жеңілдету, салықтық әкімшілендіруді жаңарту мәселелері талқыланды.

Еске салсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жыл сайынғы жолдауында фискалды реттеу ісін қайта жаңғырту, салықтық бақылауды толық цифрландыруға мүмкіндік беретін жаңа Салық кодексін дайындауды тапсырған болатын.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер