«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Түркістанда «Yassawi академиялық үстемдік орталығы» ашылады

2023 жылғы 06 Маусым
- Түркістан облысы
5583 просмотров

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің жанынан «Yassawi академиялық үстемдік орталығын» ашу жоспарлануда. Бұл туралы Дүниежүзілік банк өкілі Домагой  Расич университет басшылығымен, стейкхолдерлармен, оқытушы-профессорлар құрамымен кездескенде айтылды.

 

Домагой Расич оқу ордасының Экология ҒЗИ, Клиникалық-диагностикалық орталығы, Биотехнология зертханасы, Мәдениет орталығы мен Ботаникалық бағы және кітапханасымен танысты.

Басқосуда университет ректоры Жанар Темірбекова кездесудің маңызы, оқу ордасы мен өңір үшін берер мүмкіндіктері туралы сөз қозғады. Оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы өздеріне қарасты факультеттер мен кафедралардың қаржылай қолдаумен, мемлекеттік бағдарламалармен жүзеге асқан жобаларын таныстырды.

Жиынға Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев, университет түлегі, Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев қатысты. Олар өз салаларына қатысты өзекті мәселелерді ортаға салып, жаңа жобаға артқан үміттері мол екенін жеткізді.

Айта кетейік, Орталық дамудың үш бағытын қамтиды: медициналық, биотехнологиялық және экологиялық. Орталық болашақ мамандардың практикалық даярлығының базасы, сондай-ақ жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін дамытудың өзегі болады. Орталықта университеттің Клиникалық-диагностикалық орталығы базасында ауруларды диагностикалау мен емдеу жөніндегі ғылыми-зерттеу зертханалары шоғырландырылады. Жаңа орталықты құру инновациялық білім беруді қалыптастыруға ықпал етеді және медициналық, биотехнологиялық және экологиялық ғылым мен практика саласындағы әлемдік жетістіктерді ықпалдастыруға мүмкіндік береді.

Кездесу соңында Дүниежүзілік банк өкілі Жобаға байланысты өз пікірін білдірді.

«Бүгін оқу орданың біршама жүзеге асырылған жобаларымен таныстым. Көпшілігі арнайы мемлекет тарапынан, министрлік пен Түркия Республикасының да қолдауымен жүзеге асырылған. Бұл жобалардың қоғам үшін берері мол. Бастысы барлық жобаларды тоқтаусыз, әрі қарай жандандырып, алға жүру шарт. Ал, біз айтқан Академиялық үстемдік бағдарламасы осы істерді жалғастырып, дамытамын деген топтар үшін үлкен мүмкіндік болғалы тұр», – деді Домагой  Расич.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер