Көмір өңдеуден 250-ден аса өнім алуға болады
Астанада өткен Көмір өнеркәсібінің IV форумында Тимур Жаркенов елімізде көмір өнеркәсібін дамыту бағдарламасын әзірлеудің маңызын атап өтті.
«Халықаралық тәжірибе, соның ішінде Ресей Федерациясында көмір өндіруді дамытудың одан әрі жолдарын нақты айқындайтын көмір өнеркәсібін дамыту бағдарламасы бар. Қазақстанда көмір өнеркәсібін өндіру бойынша осындай бағдарламаны әзірлеу қажет», – деді «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов Астанадағы Astana Mining & Metallurgy конгресі аясында өтіп жатқан көмір өнеркәсібінің IV форумында.
Спикердің айтуынша, қазіргі кезде көмір өнеркәсібі Қазақстан экономикасын декарбонизациялау жөніндегі саясатын және көмір өндіруді одан әрі әртараптандыру жөніндегі қандай да бір нақты жоспарлардың болмауын ескере отырып, белгісіздік жағдайында қалып отыр. Көмір компаниялары өндіріс шығындарын банктерден және бюджет қаражатынан инвестициялар алу мүмкіндігінсіз жабады. Сондықтан көмір өндірудің клешегіндегі белгісіздік компанияларға одан әрі жұмыс істеу және шығындарды жоспарлау әдістерін қалыптастыруға мүмкіндік бермейді.
«Бұдан басқа, электр энергиясын өндірудің елеулі тапшылығы және халықтың газбен қамтамасыз ету деңгейінің төмен болуына байланысты ҚР Үкіметінің «жасыл» күн тәртібінің нысаналы көрсеткіштерін қайта қарау және Қазақстанда көмір генерациясын сақтау қажеттілігі туындап отыр. Көмірді таза жағу бойынша қолданыстағы технологияларды ескере отырып, көмір генерациясының қоршаған ортаға әсерін төмендету перспективалары бар. Сондықтан көмір өнеркәсібін дамыту бағдарламасын әзірлеп, бүгінгі таңда бизнестің алдында тұрған өзекті мәселелерді нақтылау қажет», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары.
Тимур Жаркенов көмір химиясын ынталандыру үшін көмір компанияларының айналасында экономикалық немесе өнеркәсіптік аймақтарды құрудың маңызын және Қазақстанның жасыл күн тәртібін ескере отырып, көмір өндіру саласын әртараптандыру мүмкіндігін атап өтті.
«Көмірді өңдеген кезде өнімнің 250-ден астам түрін, оның ішінде сұйық отынды алуға болады. Көмірден жаңа өнім өндіру жаңа жұмыс орындарын құруға және өндіріс тізбегін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл жайт бюджетке қосымша түсімдерді арттырады», – деп атап өтті ол.
Өндіріс құнын едәуір қымбаттатпай жаңа өндірістер ашуды ынталандырудың тиімді моделі арнайы экономикалық және өндірістік аймақтарды құру арқылы жүзеге аспақ. Ірі көмір компанияларының айналасында арнайы экономикалық аймақтар құру кезінде жаңа компанияларды кейбір салықтардан босату арқылы аралас өндірістер мен көмір химиясы орталықтарының пайда болуына қол жеткізуге болады. Бұл «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» ҚР заңында көзделген мемлекеттің мақсаттарына – Өңдеу өнеркәсіптің дамуын ынталандыруға сәйкес келеді.
Көмір өндіру саласын дамыту бойынша жұмыс жүріп жатыр.
ТМК кәсіпорындарына түйткілді мәселелерді шешуге жәрдемдесу және тиісті нарықта бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында осы жылдың наурызында «Атамекен» ҰКП жанынан тау-кен-металлургия саласының жаңа департаменті құрылды. Оның міндеттеріне металлургия өндірісі, металл кендерін өндіру, жер қойнауын пайдалану, геологиялық барлау, оның ішінде көмір өндіру саласындағы мәселелерді қарау кіреді.
«Энергетикалық қауіпсіздікті сақтау және тұрғындардың коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін көмір өндіру саласының стратегиялық маңызын ескере отырып, ҰКП осы саланы дамыту бойынша бірқатар жұмыс жүргізуді жоспарлаған. Атап айтқанда, көмір өндіру өнеркәсібіндегі түйткілді мәселелердің жинақталуын ескере отырып, ҰКП көмір жөніндегі қосалқы комитеттің жиналыстарын жандандыру және көмір компанияларының өкілдерімен тұрақты негізде жиын өткізу жоспарланған. Жақын арада тиісті саланың бар проблемасын шешу бойынша жоспар әзірленетін болады», – деді спикер.
Сонымен қатар, жақында ҰКП және Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығының өкілдерінен құралған қазақстандық делегация Қытайға жұмыс сапармен барды. Жұмыс сапары аясында ірі өңдеуші компаниялар және Қытай тау-кен металлургия қауымдастығымен кездесулер өткізілді. Қол жеткізілген уағдаластықтар шеңберінде ҰКП алаңында бірлескен жобаларды, оның ішінде көмір өңдеу және қосылған құны жоғары көмір өнімін өндіру саласында іске асыру жөніндегі жұмыс тобын құру жоспарланған.
Astana Mining & Metallurgy конгресі – тау-кен металлургия индустриясындағы ең ауқымды салалық іс-шаралардың бірі. Жыл сайын конгрес салааралық инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, жаңа келісімшарттар жасау және қазіргі заманғы сын-қатерлерге жауап беретін бірлескен шешімдерді әзірлеуге ықпал етеді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: