Агроөнеркәсіп комитетінің отырысында ауыл шаруашылығының мәселелері талқыланды
Бүгін Ұлттық палатада «Атамекен» ҰКП Төралқасы Агроөнеркәсіп кешені комитетінің кезекті отырысы өтті. Кәсіпкерлер экономика салаларында бәсекелестікті дамыту жоспарын, қызметкерлердің орташа жылдық санына және кәсіпкерлік субъектілерінің орташа жылдық табысына қарай кәсіпкерлік субъектілерінің (шағын, орта және ірі) өлшемшарттарын айқындау бойынша әзірленетін тәсілдерді, сонымен қатар ауыл шаруашылығындағы басқа да мәселелерді талқылады.
Отырысқа комитет мүшелері және 30-дан қауымдастықтың, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігігінің өкілдері қатысты.
Жиында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің аграөнеркәсіп саласындағы бірқатар ұсынысы талқыланды. Ведомство тауарлық-спецификалық субсидиядан кезең-кезеңімен бас тартып, жеңілдетілген несиеге көшу және субсидия алушыларға қарсы міндеттемелерді әзірлеу, баға белгілеу бойынша мемлекеттік баға реттеуді қолдануды жоюды ұсынды. Бұл ретте Агенттік өкілі қолданыстағы субсидиялау әдісі тиімсіз екенін атап өтті. Ал, шаруалардың бұған қатысты пікірі әртүрлі болды. Бірі субсидияны алып тастаса, онда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тізімін қайта қарау керек десе, екіншісі шаруалар мемлекеттің субсидиясына «сеніп отыруы дұрыс емес» дегенді айтты. Ұлттық палата өкілдері бұл мәселені әлі де пысықтау керегін және әр саланың ерекшелігіне қарай қайта қарауды алға тартты. Бұл пікірді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов қолдады.
Әрі қарай Комитет отырысында Ауыл шаруашылығы өндірушілерінің тарапынан қызметкерлердің орташа жылдық санына және орташа жылдық табысына қарай кәсіпкерлік субъектілерінің өлшемшартын айқындау, оларды шағын, орта және ірі топтарға бөлу талқыланды. Бұл мәселені «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ербол Есенеев көтерді. Оның айтуынша, Ұлттық палатаға кәсіпорындарды топтастырудағы өлшемшарттарын қайта қарау бөлігінде бизнес тарапынан өтініштер түскен.
«Бұрыннан шаруаларды мазалап жүрген үлкен мәселе бар. 5-6 жыл болды, осы мәселе шешілмей жатыр. Бұл – ірі және орта бизнес талаптары. Қазіргі кезде 250 адамнан асқан мекемелер автомат түрде ірі бизнеске көшеді. Әсіресе, ауыл шаруашылық саласында кейбір шаруашылық жаздық жұмысқа қосымша жұмысшыларды алады. Соның кесірінен орта бизнес категориясынан ірі бизнес категориясына кетіп қалады. Ірі бизнес болған соң үкімет тарапынан берілетін субсидия не басқа жеңілдіктен қалып қояды. Сондықтан осы мәселені талқылауға шығарып жатырмыз», – деді Ербол Есенеев.
Ұлттық палата ауыл шаруашылығының маңызды мәселелерін әрдайым бақылауда ұстайды және шаруалардың ұсынысын талқылауға әзір. Сол себепті кәсіпкерлердің ұсынысы салалық ведомствоға және құзыретті мемлекеттік органдарға жолданады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: