«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Түркістан: Биыл «Бір ауыл-бір өнім» жобасына кәсіпкер әйелдер ғана қатыса алады

2023 жылғы 16 Мамыр
- Түркістан облысы
5571 просмотров

Бұл туралы бүгін өткен брифингте Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев айтты.

Оның сөзінше, Жапониядан бастау алған бұл жоба ауылдардағы мүмкіншілікті тиімді пайдаланып, ауыл тұрғындарын кемінде бір өнімді шығаруға үйретуді, ұйымдастыруды көздейді. Ол үшін қажетті арнайы топ мамандар біліктілік, технологиялар мен стандарттарды ауыл тұрғындарына үйретеді. 

– Жапонияның халықаралық қарым-қатынас агенттігінің мамандары мен «Атамекен» мамандары бірігіп, нақты ауылдардан өнімді шығарудан бастап, сол өнімнің ішкі және сыртқы нарықта саудалануына дейін сүйемелдейді. Жобаға осы жылы тек әйел адамдар қатыса алады. Келесі жылдан бастап жоба гендерлік сипатта бөлінбейтін болады. Қатысу үшін әйел кәсіпкерлігін дамыту орталықтары арқылы арнайы тапсырыс беру қажет. Негізгі талабы – жергілікті шикізаттан өндірілетін тауар болуы шарт. Келіп түскен өтінімдерді арнайы сарапшы мамандар зерделеп, «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қосады. Әрі қарай бұл кәсіпкерлермен менторлар, білікті салалық мамандар, технологтар, маркетологтар өнімді өндіріп, сапасын арттырып, тиімді саудаға шығару бойынша жұмыс жасайды, - дейді Асылан Сейілбекұлы.

Аталған жоба биыл бастау тапқан «Мен кәсіпкер» атты біліктілікті арттыруға бағытталған бағдарламаның аясында жүзеге асырылады. 

Сонымен қатар, бұл бағдарлама аясында екінші жоба - «Кәсіпке бағыт» жобасы да ұйымдастырылып жатыр. Оның негізгі мақсаты – салалық оқытуды ұйымдастыру. Салалық оқу аудандар мен қалалардың дағдылануына сәйкес кәсіпкерлердің өтінімдері негізінде 5 негізгі бағытта жүзеге асырылады. Атап айтсақ, мал және егін шаруашылығын жүргізу, Ауылшаруашылық өнімді өңдеу мен өндірістік мини цехтарды жүргізу, сондай-ақ, қызмет көрсету және сервис. 

Оқыту теориялық және практикалық негізде жүргізіледі. Сондай-ақ, шаруашылықтар мен кәсіпорындардың базасында практикалық курстарды өтуді қарастырады. Оқудан өткен кәсіпкерлерге 3-6 ай аралығында арнайы кәсіби кеңесші бекітіліп, алған білімді практикалық негізде қолдануға енгізуді сүйемелдейтін болады. 

Айта кетейік, оқудың бұл түріне ер кәсіпкерлер де, әйел кәсіпкерлер де қатыса алады. Жақын арада өңірдің бейімделген кәсіп түрлері айқындалып, оқуға өтінімдерді қабылдау басталады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер