Отандық кілем өндірісі өзбек және түрік нарығымен неге бәсекелесе алмайды?
Сенат депутаттары мен министрлермен өткен онлайн кездесуде «Бал текстиль» ЖШС директорының орынбасары Дәулет Канашаев елге Өзбекстан мен Түркиядан келетін тауарлар үшін қарымта шараларды енгізуді ұсынды.
Оның айтуынша, Шымкенттегі «Бал текстиль» және «Назар текстиль» кілем фабрикалары Түркия мен Өзбекстан өндірушілері тарапынан демпингке ұшырап жатыр. Соның салдарынан қазақстандық өнімдер тіпті ішкі нарықта да бәсекеге қабілетсіз болып отыр. Бұған бірнеше себеп бар.
«Біріншіден, полипропилен жіптерін өндірудің тиімсіздігі. Иірілген жіп жасалатын полипропиленге 6,5% баж салығы салынады. Ал импортталатын иірілген жіпке баж небәрі 5%-ды құрайды. Тиісінше, ЕАЭО елдерінде жіп өндіру шығынды. Сонымен қатар, дайын кілемдерді ЕАЭО аумағына кілем бағасына қарамастан, бір шаршы метр үшін небәрі 0,25 еуродан басталатын баж салығымен әкелуге болады», – деп атап өтті Дәулет Канашаев.
Кәсіпкер Түркия мен Өзбекстанда кілем өндірушілерге көптеген жеңілдік жасалғанын айтты. Мысалы субсидияланатын несие, салық жеңілдігі және ішкі нарықты кілем импортынан қорғау қарастырылған. Түркияда ішкі нарықты қорғау мақсатында осы елге әкелінетін кілемдерге 30 пайызға дейін баж салығы қарастырылған. Өзбекстанда кілемдерді әкелуге акциз 70 пайызға дейін барады. Ал қазір кілемнің бір келісіне 12 доллар салынады. Осы шаралардың барлығы осы елдерге ішкі өндіріс көлемін ұлғайту және басқа елдерге экспортты өсіруге көмектесті.
«Отандық өндірушілер ішкі нарықты қорғауды талап етеді. Еуразиялық экономикалық одақ туралы 2014 жылғы 29 мамырдағы келісімшартта үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану көзделген. ЕАЭО елдерінің кілем өндірушілері арасында бұрын талқылаулар өткізіліп, онда барлық өндіруші ЕАЭО елдеріне импорттық кілемдерге шектеу шараларын енгізуді қолдады», – деп атап өтті кәсіпкер.
Осыған байланысты кәсіпкер бұл мәселені ЕАЭО алқалы органының қарауына шығаруға жәрдем көрсетуді, ал ҚР Салық кодексінде Өзбекстан мен Түркиядан келген тауарларға арналған қарымта шара ретінде кілемнің бір келісі үшін импортқа 12 доллары деңгейінде мөлшерлеме қарастыруды сұрады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: