Ұрпақтан ұрпаққа: Алматы облысында 50 жылдан бері омарта шаруашылығы жұмыс жасауда
Бал кәсібін ұрпақтан ұрпаққа дамытып, оның игілігін көріп отырғандардың бірі - Алматы облысы Райымбек ауданының тұрғыны Сарыбаев Манасбек.
Омарташылық Манасбек үшін атадан қалған мұрағат. Оның әкесі, Сарыбаев Сүгірбай, бұл кәсіпті 1971 жылы қолға алған. Өзінің баласы да отбасылық кәсіпті жалғастырмақ. Бос уақытында барынша көмектесіп, әкесінен тәжірибе жинауда.
«Әкем еліміз бойынша алғашқылар болып омарташылықпен айналысқан. 1971-1972 жылдары Қазақстанда бұл кәсіп енді өркендеп бастаған еді», - деп сөз бастады Сарыбаев Манасбек.
Дастарханға дәм, ағзаға ем болатын өнімнің пайдасы көл-көсір дейді кәсіпкер.
Шаруашылығы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қостөбе ауылында, ал өндіріс Түркістан облысында орналасқан. Екі өңірде жұмыспен 10 адамды қамтып отыр. Шамамен 150-дей ара бар, дейді омарташы. Жылына 6-7 тонна көлемінде бал өнімдерін өндіреді.
Кәсіпкер Түркістан облысында 4 жыл қатарынан арамен емдеу саласында да жұмыстар атқарған екен. Апитерапия бойынша өндіріс ашып, қазіргі уақытта онда 12 түрлі емдік өнім шығарылады.
«Минералды, витаминге бай бал өнімдерімен 3 санаторийді қамтимыз. Онда балмен 7 түрлі емдеу процедуралары жасалады. Сонымен қатар, 2021 жылы Дубайға 3.5 тонна мөлшерінде бал өнімдерін өткізген болатынмын. Содан бері өнімдерім тұрақты негізде сұраныста. Ал Ресейге 10 мың флакон бал нектарын экспорттадық», - дейді кәсіпкер.
Жыл сайын шаруашылығын дамытып отырған омарташы қазіргі таңда Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы көмегімен қысқа мерзімді кәсіп үйрету орталығын ашу алдында. Сонымен қатар, “Мен Кәсіпкер” бағдарламасы бойынша ментор ретінде омарта ісіне 4-күндік оқытуға өтінім берген.
Омарташы 2007 жылы Қазақстанда «Омарта шаруашылығын дамыту және қолдау» қорын ашып, Алматы облысындағы бірнеше мектепте 5 жыл бойы тәжірибе де жүргізген екен. Алдымен табиғи балдың пайдасы мен шипасы жайында тренинг-дәрістер өткізіп, сосын әр оқушыға күн сайын мөлшерлеп бал жеуге кеңес берген. Соңында бұл тәжірибе жақсы нәтиже берген болатын. Омарташының айтуынша, бал баланың ақыл-ой қабілетін арттырады. Тәжірибеге қатысқан оқушылар да бұл сөздерді растады.
Кәсіпкер тіпті халықаралық «Апимондия» омарташылар қауымдастығының 2010 жылдан бері мүшесі болып табылады.
«Қазақстанда омарташылықты дамытуды қолға алсақ, 7-8 дәрмек түрін сырттан әкелмей, өзіміз өндірер едік. Сондай-ақ, Райымбек ауданында апитерапиямен емдеу орталықтарын ашатын болсақ, туризм саласына да әсері болар еді», - деп болашаққа сенімін білдірді омарташы.
Айта кетейік, бүгін, 20 мамыр, Дүниежүзілік аралар күні болып табылады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: