«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақмола облысында тігін өнеркәсібінде техникалық мамандарын даярлау жөніндегі оқу орталығы құрылады

2023 жылғы 19 Мамыр
- Ақмола облысы
9070 просмотров

Кәсіпорындардағы кадр тапшылығы мәселесі Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасында өткен Білім және денсаулық сақтау саласының салалық кеңесінің отырысы барысында талқыланды. Жиынға облыстағы түрлі сала кәсіпорындарының, облыстық білім басқармаларының басшылары мен өкілдері, колледж директорлары қатысты.

Кәсіпорындардағы кадр тапшылығы мәселесі жаңалық емес, бүгінгі таңда отандық жұмыспен қамту нарығы бірқатар салаларда білікті мамандардың айтарлықтай тапшылығын бастан кешіруде. Ағымдағы жылдың ақпан-наурыз айларында Ақмола облысының Кәсіпкерлер палатасы облыстағы 1604 жұмыс берушінің арасында кадр қажеттілігіне сауалнама жүргізді. Олардың 474-і ғана қысқа мерзімді кезеңге кадрлар қажеттілігін көрсеткен. Облыс бойынша жалпы қажеттілік сауалнама бойынша 4726 адамды құрайды. Сонымен қатар, мамандар тапшылығының ең жоғары деңгейі облыс орталығында – 1284 адам, Степногорск қаласында – 608 адам, Қосшы қаласында – 318 адам.

Өңірлік палата директоры Ерқанат Мұсылманбектің айтуынша, ең жоғары сұраныс ауыл шаруашылығында (947 адам) байқалады. Өңдеу өнеркәсібі де көш бастап тұр (619 адам). Сонымен қатар, білім беру (522 адам), сауда (485 адам), көлік және қойма шаруашылығы (485 адам) салаларында кадрларға қажеттілік бар. Ал жеңіл өнеркәсіп өкілдері тігін өнеркәсібіндегі техникалық мамандардың тапшылығына қатты алаңдаушылық білдіруде.

 

«Тігіншілердің тапшылығынан басқа, бүгін біз тігін жабдықтарына қызмет көрсететін механиктердің тапшылығына тап болдық. Жабдық кейде тоқтап қалады, ал, белгілі болғандай, Көкшетау қаласында және жақын маңдағы өңірлерде тігін жабдықтарын жөндеуді «Бірлік» Ақмола облысының мүгедектер одағы» ЗТБ басшысы Рамазан Мұқатаев қана жүзеге асырады. Әрине, оның шәкірттері бар, бірақ олардың күші бүкіл облыс үшін жеткіліксіз», - деп шағымданады өңдеу өнеркәсібі салалық кеңесінің төрағасы Екатерина Жукова.

Көкшетаудағы «Ақай» сән үйінің басшысы Ғалия Алдабергенова да осындай мәселеге тап болды. Оның айтуынша, бүгінде салаға мәселені шешудің баламалы жолдары қажет. Механикадан басқа IT-мамандар, электроника инженерлері, дизайнерлер де қажет. Талқылау барысында қатысушылар қажетті мамандарды дайындайтын оқу орталығын құруды, осы мақсаттарға бюджет қаражатын бөлу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бірқатар колледж басшылары бұл бастамаға қазірдің өзінде қызығушылық танытып, оқу орындарының базасында қажетті жағдайдың бар екенін атап өтті.

 

«Бұл өте дұрыс және дер кезінде жасалған ұсыныс, өйткені мұндай кездесулер кадр тапшылығы мәселесін шешудің бірлескен жолдарын әзірлеу мақсатында өткізіліп отыр. Біз мүдделі тараптармен тігін өнеркәсібінде техникалық мамандарды дайындау бойынша пилоттық жоба құру мәселесін талқылаймыз», - деді Ерқанат Мұсылманбек

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер