«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Семейде сүт өндіруші кәсіпорын Дүниежүзілік іскерлік бедел қорынан жоғары баға алды

2023 жылғы 18 Мамыр
- Абай облысы
12373 просмотров

Биолакт – сиырдың маңызы алынбаған сүтінен дайындалады. Сүт адам ағзасына пайдалы – қышқыл сүйгіш бактериямен ашытылады. Емдік өнімді әдетте иммунитетті нығайту үшін балаларға қосымша тағам ретінде береді. Сонымен қоса бұл өнім ересектердің ас қорыту проблемаларын жеңілдетеді және табиғи дәрі ретінде қызмет етеді. Семейліктер тірі бифидобактерия бар сүттің сөзсіз пайдалы қасиеттері туралы біледі. Мұндай өнімді  «Хәкім» компаниясы өндіреді.  

Сүт тағамдары асханасы 2002 жылы ашылған. Мұндай асхана саны Қазақстан бойынша үшеу. Күніне 1 фляг сүт өндіруден бастаған кәсіпорын бүгінде тәулігіне 600 литр өндіре алатын қуатты компанияға айналған. Жиырма жыл ішінде компания тұрақты, сенімді беделге ие болып, қала тұрғындарының алғысына бөленіп жатыр. 

Көпжылдық еңбек үшін компания шілдеде беделді марапаттарға ие болады. Германия, АҚШ және Гонконгтан келген шетелдік компаниялардың құрамындағы Дүниежүзілік іскерлік бедел қоры «Хәкім» ЖШС компаниясын мінсіз іскерлік беделі бар кәсіпорын ретінде анықтап, «Жоғары беделі үшін 2022» сыйлығын табыстайды. Ал кәсіпорын иесі Қажымұқан Төлеуов «ТОП-менеджер-2022» құрметті атағын алады!

«Біз биолактпен Семейдегі бүкіл баланы қамтып келдік. Бұл өте нәрлі өнім. Екіншіден оны тірек-қимыл аппаратының кешенді терапиясы үшін қолдануға болады. Балалар мықты сүйекпен өседі, тісі бүтін болады; екіншіден биолакт ас-қорыту жүйесіне, ішек жолдарына шипа. Өйткені оның құрамында бифидобактериялар бар. Ересектер антибиотик курсын қабылдаған соң ішек микрофлорасын ретке келтіру үшін биолакт ішсе жақсы. Биолакт иммунитетті нығайтады, балалар ағзасы ауруларға төзімді болады. Биолактың пайдалы қасиеттері КСРО кезінде зерттеліп, Ленинград институтымен дәлелденген», – деді кәсіпорын директоры Қажымұқан Төлеуов. 

Оның айтуынша, сүт – мықты денсаулықтың кепілі, өйткені тірі жанның алғашқы қорегі сүт екені бекер емес.  

 «Сүт асханасын ашу идеясы немерем үшін пайда болды. Оның биолактан басқа барлық өнімге дерлік аллергиясы болды. Биолакт дерттен құтылуға көмектесті. Мен биолактың пайдалы қасиетін білетінмін, немерем емделген соң балаларға арналған өнім шығарам деп шештім. Бұрын біздің буын қалай өмір сүрген еді? Әр үйдің қорасында сиыры болды, солай сүт пен айран ішіп өстік. Балалық шағымыз ширақ өтті, ағашқа өрмелеп, велосипед теуіп, арықтан секіріп жүріп талай құладық, аяқ-қолымыз сынған жоқ. Сүйегіміз мықтырақ болды. Ал қазір бала шалынса болды, аяғын не қолын сындырып алады. Балаға кальций жеткіліксіз. Қазір сүт өнімдері кейінге сырылды, ұнтақты құрғақ сүт сұраныста. Балада аллергия, іш қату орын алады, иммунитеті нашарлайды. Сүт – басты өнім. Барлық тірі жанның алғашқы қорегі сүт», – деді Қажымұқан Төлеуов. 

Кәсіпорын биолакт, сүзбе, йогурт, қаймақ және қарапайым пастерленген 3/2%-дық сүтті өндіреді. Кәсіпорын Кеңес одағының стандартымен жұмыс істеп, сүт өнімдерін пластик немесе қағазға емес шыны ыдысқа құяды. Өндірісте балалар тамақтануына ерекше назар аударылған. 

«Біздің артықшылық бүгін өндірілген өнім сол тәулікте сатылып кетеді. Өйткені өнім құрамындағы тірі бактериялар мерзімі кетсе өліп кетеді, демек сүттің пайдасы қалмайды. Осы жылдар ішінде «Балке» фермерлік қожалықпен жұмыс істеп келеміз. Таңертең сүт аламыз, колбаларды өңдейміз, пастерлеуге енгіземіз, талдаулар жасап, сүтті 92 градусқа дейін бумен зарарсыздандырамыз. Солай 15 минут ұстаймыз және құбыр арқылы биолакт цехына жөнелтеміз.  Цехте сүт салқындатылады, ашытқы енгізіледі, күні қойылады және термокамераға орнатылады. Онда ол 6-8 сағат ашытылады, содан кейін тоңазытқышқа 2-4 градус температурада қалдырылады. Келесі күні өнім  сатылады немесе СВА рецепті бойынша тегін беріледі. Біз күн сайын балалар мен олардың денсаулығы үшін демалыссыз жұмыс істейміз, – деді сүт тағамдарының меңгерушісі Торғын Жәкенова.

Өңірде тегін тамақтануға үміткер балалардың саны қысқарған соң кәсіпорынның өндірісі күрт төмендеді. Кәсіпкердің айтуынша, тендер тікелей кәсіпорындар арасында ойналған жылдары ұйым тегін тамақтану критерийлеріне жататын барлық баланы қамтып, толық қуатта жүмыс істеген. Қазір болса өндіріс бірнеше есе төмендеген.  

 «Сұраныс болса өндірісті кеңейтеміз. Балабақшалар, мектептерде тегін тамақтануды енгізуді қалар едік. Өнімнің пайдасы мол. Бірақ мемлекеттік қолдау болмаса, семейліктерге өнімді сатып алу қиынға түседі. Кәсіпорын толық қуатта жұмыс істегенде қала бойынша сүт өнімдерін тарату пунктері жұмыс істеген, тұрғындар кезекте тұратын. Өндірістің азаюына карантин де әсер етті», – деді Торғын Жәкенова. 

Бірегей экологиялық кәсіпорынның ұжымы  Абай облысы тұрғындарының денсаулығына шын жүректен алаңдайды. Кәсіпорын республиканың болашағына елеулі үлес қосып, өсу үшін зор әлеуетке ие. Қажымұқан Төлеуов бұған дейін Абай облысының кәсіпкерлер палатасына тендер мәселелері бойынша жүгініп, Палата заңгерлерінің көмегін алған болатын. Өндіріс көлемінің төмендеуіне байланысты проблеманың шешімін бірге табуға келістік.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер