«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнес үшін шешімнің шоғырланғаны маңызды – Мақсат Қиқымов

2023 жылғы 18 Мамыр
7030 просмотров

«Атамекен» ҰКП мамандары салалық министрліктер жанынан ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар үшін ғылыми-техникалық кеңестер құруды ұсынды.

Мәжілісте өткен «Ғылымды дамыту туралы» үкіметтік сағатта ҚР Ғылым және жоғары білім министрі ғылым саласын қаржыландыру жолдарын айтты. Министр «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ ғылыми-техникалық бастамалар орталығында жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға міндеттемелерінің 1%-ын шоғырландыру және ҒЗТКЖ шеңберінде салалық мемлекеттік органның қолма-қол ақшаны бақылау шоттарында қаражатты шоғырландыру қажеттігі туралы мәселені көтерді.

«Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов Ғылым және жоғары білім министрлігі ұсынған мұндай тәсілдің орынсыздығы туралы пікірін жеткізді.

«Бұған дейін осы шешіммен келіспейтінімізді білдіргенбіз. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін жер қойнауын пайдаланушылардың тікелей ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды орындауына тікелей қаржыландыру мүмкіндігін қалдыруды сұраймыз», – деді Мақсат Қиқымов.

Спикер ҰКП позициясын жер қойнауын пайдаланушылардың 5 жылдық кезеңге арналған өздерінің бекітілген ҒЗТКЖ бағдарламалары бар екенін және ұсынылған жаңашылдық осы бағдарламалардың орындалмауына әкеп соғуы мүмкіндігімен түсіндірді.

Бұдан басқа, заңнамада келісімшарттар жасасқан жер қойнауын пайдаланушыларды реттеудің тұрақтылығы бекітілген. Осы реттеуге үнемі түзетулер енгізу Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын төмендетуге әкеп соғады.

Мақсат Қиқымов  «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ ғылыми-техникалық кеңесінің табысты тәжірибесіне сүйене отырып, салалық министрліктер жанынан жер қойнауын пайдаланушылардың ҒЗТКЖ-ға 1% міндеттемелерін орындауының ашықтығын қамтамасыз ету үшін ғылыми-техникалық кеңестер құруды ұсынды. Мұндай кеңестер құрамына ғалымдар, салалық сарапшылар, жұртшылық өкілдері кіретін болады.

 Осылайша, ҒЗТКЖ-ны қаржыландыру қағидаларында бекітілген ғылыми зерттеулер жүргізу үшін басым салалық бағыттардың тізбесін ескере отырып, салалық ғылыми-техникалық кеңестер жер қойнауын пайдаланушылар бастамашылық ететін қандай да бір жобаларды ҒЗТКЖ-ға жатқызу мүмкіндігіне қатысты қарап, шешім қабылдайтын болады.

 Бұл шара төлемдердің ашықтығын арттыруға, шешімдердің орталықтандырылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, сондай-ақ қаржыландырылған жобаларды мемлекеттік есепке алуға негіз болады.

«Атамекен» ҰКП өкілдерінің салалық ғылыми-техникалық кеңестер құру жөніндегі ұсынысын Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қолдады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер