«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ұлттық палата салық органдардың жұмысындағы жасандылыққа қарсы

2023 жылғы 11 Мамыр
4709 просмотров

         2023 жылғы 11 мамырда «Атамекен» алаңында Қайырбек Сүлейменовтің төрағалығымен Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес өтті. Оған мемлекеттік органдар, бизнес және қауымдастықтардың өкілдері қатысты. Жиында салықтық әкімшілендіру саласындағы кәсіпкерлік қызметті шектеу туралы мәселе қаралды.

 Қайырбек Сүлейменов Кеңес жұмысын бастап, Президент өз жолдауында  салықтық әкімшілендіруді ең түйткілді мәселе деп атағанын айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, салық салу саласында кез келген бетпе-бет өзара іс-қимылды болдырмай, салықтық бақылауды толық цифрландыруды қамтамасыз ету керек.

Қазіргі кезде  барлық өңірде салықтық әкімшілендіру саласындағы елеулі проблемалардың бірі – мәмілелерді сот тәртібімен жарамсыз деп танудың қалыптасқан теріс тәжірибесі.

Соңғы екі жылда салық органдары соттарға шығарған мұндай талап-арыздардың саны 3,2 есеге өсті. Салық органдары соттар арқылы мәмілелерді жарамсыз деп танып, салық салынатын базаны жасанды түрде кеңейтіп отыр.  Осылайша кәсіпкерлердің жоспарланбаған шығыны көбееді.

  «Салық органдарының азаматтық қатынастарға араласу фактісі орынсыз деп санаймын. Мұндай талап қою кәсібін адал жүргізбейтін бизнеске әсер етудің айрықша шарасы болуы тиіс», – деп атап өтті Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов.

Соттың шешімімен фискалдық орган қаржылық есептілікті өз бетінше түзете алады. Бұл жайт салық төлеу бойынша қосымша шығыннан басқа, салық заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.

Сонымен бірге, Жоғарғы соттың түсіндірмесіне сәйкес, мәмілені жарамсыз деп тану туралы талап мәміле салықты төлемеу мақсатында жасалғаны расталса ғана қанағаттандырылады. Бұл ретте, бұл талаптар іс жүзінде іске асырылмайды немесе ресми сипатта болады.

Халықаралық тәжірибемен салыстырсақ, Ұлттық заңнамада, заңнама, оның ішінде салық заңнамасын бұзу мақсатында жасалған мәмілелерді жарамсыз деп тануды реттейтін нормалар жоқ.

«Мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы бұрмаланған сот практикасы басқа құқықтық қатынастарды реттейтін құқық нормаларын қолдану нәтижесінде қалыптасты. Мұндай нормалар салық заңнамасын реттейтін қатынастардың ерекшеліктерін ескермейді», – деп атап өтті Қайырбек Сүлейменов.

          Салық органдары халықтың көші-қоны туралы заңнамадағы олқы тұстарын және шетелдік қатысуды қоса алғанда заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу кезінде лауазымды тұлғалардың міндеттерін тиісінше орындамауын пайдалана отырып, жеке ұйымдарды тіркеуді жарамсыз деп тану туралы соттарға талап-арыз береді. Демек, формалды бұзушылықтар бойынша (бизнес-иммигранттардың визасының болмауына байланысты) әділет органдарында тіркеу жойылады, шетелдік қатысуы бар кәсіпорындар жабылады. Осылайша кәсіпкерлер жоспарланбаған шығынға ұшырайды, ресми мемлекеттік құжаттарға сенімсіздік пайда болады және шетелдік инвестицияларды тартуға теріс әсер жасалады.

 Кеңесте тұтастай алғанда, экономиканы әр қарай ілгерілету үшін мемлекет тарапынан салық саясатын дәйекті және мақсатты түрде жетілдіру жүргізіліп жатқаны айтылды. Бұл ретте мәмілелерді сотта жарамсыз деп тану және заңды тұлғаларды тіркеуді жою шаралары кәсіпкерлікті дамытуға кедергі болып, фискалдық салада сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайды.

Салық органдары мәміле жасалғаны не жасалмағаны жайында болжамды қағаз жүзінде ғана жасайды. Ал іс жүзінде тауар жеткілізіп, жұмысы жасалып, қызметі көрсетілген болады. 

«Кабинеттерден шығып, фото және видео техниканы пайдалана отырып, мемлекеттік кірістер органдары мен судьяларға мәміленің іс жүзінде жасалғанын нақты дәлелдеу қажет сияқты. Құжаттарға сүйеніп, біз нақты жағдайды мойындаудан қалдық. Бұл ел Президенті белсенді күресіп жатқан формализм деп аталады», – деп қорытындылады Қайырбек Сүлейменов.

Кеңес барысында қаржы, әділет, ішкі істер министрліктеріне, сондай-ақ Жоғарғы сотқа бірқатар ұсыныс айтылды.

 Атап айтқанда, Қаржы министрлігіне Мемлекеттік кірістер комитеті мен оның аумақтық бөлімшелерінің мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы соттарға талап-арыздар енгізу жөніндегі қызметін түзету, сондай-ақ кәсіпкерлермен бірлесіп, осы санаттағы істер бойынша соттарға талап-арыз беру жөніндегі регламентті бекіту ұсынылды.

Кеңес материалдары мәлімет үшін Президент әкімшілігі, Үкімет аппараты және Бас прокуратураға жіберілетін болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер