«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Сырдарияның кәсіпкерлері мен әкімдеріне «Мен кәсіпкер» жобасы түсіндірілді

2023 жылғы 04 Мамыр
- Қызылорда облысы
8566 просмотров

Қызылорда облысында «Мен кәсіпкер» жобасын аудан, ауыл тұрғындарына түсіндіру шаралары жалғасып жатыр.

Өңірлік кеңес төрағасы Ерлан Райымов пен кеңес мүшелері, Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов, облыстық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Наталья Мишукова Сырдария ауданының кәсіпкерлерімен кездесті.

Кеңес мүшелері алдымен кәсіпкерлердің өнімдерінен тұратын шағын көрмемен танысып, аудандық кәсіпкерлер кеңесінің мүшелерімен пікірлесті.

Ерлан Райымов кеңестің мақсат-мүддесімен, шешіп жатқан мәселелермен таныстырды.

«Өңірлік кеңес те, аудандық кәсіпкерлер кеңесі де қоғамдық жұмыс. Дегенмен саланың дамуы үшін кеңес жұмысы, мүшелерінің белсенділігі аса маңызды. Аудандағы кәсіпкерлердің жай-күйін, проблемасын сіздер өте жақсы білесіздер. Кейбір мәселелерді облыстық, республикалық деңгейде шешу қажет болар. Бұл жағынан біз көмек көрсетуге әзірміз», – деді Ерлан Райымов.

Одан кейін аудандық әкімдікте ауылдық округ әкімдерімен кездесу өтті. Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік бағдарламалар жайлы, Кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Әсел Алушаева «Мен кәсіпкер» жобасы, оның бағыттары, облыстық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Наталья Мишукова «Мен кәсіпкердің» «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы» бағыты аясындағы шаралар, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы жөнінде айтып берді.

Сырдария ауданының кәсіпкерлері мен ауылдық округ әкімдері кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысуға әзірліктерін айтып, Кәсіпкерлер палатасынан бизнес жоспар жасауда көмек көрсетуін сұрады.

Пірмұхаммед Сыздықов Палата мамандары кәсіпкердің өтініші негізінде бизнес жоспарды тегін әзірлеп беретінін, ал өздері дайындауға ниетті азаматтарға әдістемелік көмек көрсететінін жеткізді.

Айта кету керек, Сырдария ауданында 3119 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Биыл 3 айда аудан кәсіпкерлерінің 124 жобасына түрлі ұйымдардан 1 млрд теңге қаржы берілген.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер