«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақтөбе облысының жастарынан жеңілдетілген шағын несиелеуге 70-ке жуық өтінім келіп түсті

2023 жылғы 28 Сәуір
- Ақтөбе облысы
6740 просмотров

Несиелер бизнесті бастау немесе кеңейту үшін беріледі. Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасында жастарға шағын несие беру бағдарламасының әлеуетті қатысушыларымен кездесу ұйымдастырылды. Түсіндіру Аграрлық несие корпорациясы филиалы, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, "Атамекен" өңірлік палатасы өкілдерінің қатысуымен жүргізілді.

Шағын несиелеу арқылы жастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы 2023 жылдың 3 наурызынан бастап іске қосылды. Ақтөбе облысында биыл кемінде 200 жас 2,5 пайызбен несие ала алады. Бұл үшін республикалық бюджеттен 935 млн. теңге бөлінді.

Қағидаларда кәсіпкерлік қызметті бастағысы келетін немесе кәсіпкерлікпен айналысатын 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастар үшін конкурстық негізде микрокредиттер беру көзделген.

Несиелер «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы берілетін болады.

«Бағдарлама іске қосылған сәттен бастап Ақтөбе облысы бойынша жалпы сомасы 307,5 млн.теңгеге 66 өтінім қабылданды. Жобаларды бекіту арнайы құрылған комиссияның отырысында өтеді, оның мүшелері бизнес, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ішкі саясат басқармаларының, "Атамекен" ӨКП, БАҚ, қоғамдық бірлестіктер және т. б. өкілдері болып табылады. Комиссияның бірінші отырысы 14 сәуірде өтті, онда 21 өтінім қаралып, жалпы сомасы 68,4 млн. теңгеге 14 өтінім мақұлданды. Екінші отырыс 3 мамырға белгіленді. Өтінімдердің басым саны мал шаруашылығын дамыту және көлік қызметтерін көрсету саласында келіп түседі. Сондай-ақ сабын өндіру, балаларды дамыту орталығының ашылуы және т. б. бойынша өтінімдер қаралды», — «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ АФ директоры Азамат Тұрсынбекұлы хабарлады.

 

Қарыздың ең жоғары сомасы - 5 млн теңгеге дейін. Несие кепіл мүлікпен қамтылуы міндетті. Кепіл ретінде жылжымалы (арнайы техника) және жылжымайтын мүлік қабылданады. Кепіл мүлік болмаған жағдайда кепіл берушіні (ата-аналарын, туыстарын және т.б.) тартуға болады. Несиелеу мерзімі мал шаруашылығын қоспағанда, кез келген мақсат үшін 5 жылға дейін. Мал шаруашылығы бағыты үшін -7 жылға дейін. Сондай-ақ негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдік кезеңі көзделген, ол микрокредиттеу мерзімі ұзақтығының 1/3 (үштен бірінен) аспайды.

Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Дана Бекбауова мұндай қолдау өңір тұрғындарының кәсіпкерлік қызметке деген қызығушылығын оятады деп есептейді.

"Бұл үлкен қолдау және өз ісін бастағысы келетіндер үшін жақсы мүмкіндік. Осылайша, елдің дамуына үлес қосатын кәсіпкерлердің "жаңа толқыны" қалыптасады. Кәсіпкерлер палатасында жастарға консультация беруге, құжаттар жинауды сүйемелдеуге және бизнес-жоспар дайындауға көмек көрсетіледі", - деді ол.

Өтінімдерді https://www.agronesie.kz сілтеме бойынша онлайн форматта да беруге болады, сондай-ақ офлайн "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ Ақтөбе филиалына (Әбілқайыр хан көшесі, 77, 3 қабат, каб. 304, 305) хабарласу арқылы.

Кеңес беру, құжаттарды жинау және бизнес-жоспарды дайындау мәселелері бойынша Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасына хабарласуға болады: Ақтөбе қаласы, Санкибай батыр даңғылы, 22К. Тел. +7/7132/744-607.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер