«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ет өңдеу зауыттарына ет тапшы – Тимур Нақыпбеков Торғай мен Арқалықтың әлеуеті туралы

2023 жылғы 27 Сәуір
6402 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері Арқалықтың әлеуетін зерделеп жүр. Кәсіпкерлердің қандай мүмкіндіктері бар, қандай қолдау керек, қай саланы дамыту керегін анықтау үшін мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірнеше рет іссапарға барды. Өңірде болған Ұлттық палата басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков торғайлық ет өңдеуші компанияға ет тапшылығы және өңірдегі кәсіпкерлердің әлеуеті туралы Facebook парақшасында жазды.

Палата өкілі еліміздің ең ірі ет экспорттаушысының бірі «Қайып ата» компаниясының әлеуетіне тоқталды. Оның айтуынша, кәсіпорын жылына шамамен 5 мың тонна етті шетелге экспорттайды. 15 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы бар. Өзіне қажет мөлшер үшін бордақылауды 50 мың басқа дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Ірі қара мал мен ұсақ малды кез келген көлемде, нарықтық бағамен алуға дайын. Бүгіннің өзінде малды еліміздің түпкір-түпкірінен жинап, бордақылап, ет зауытында өңдеп, 28 түрлі өнім деңгейіне жеткізеді.

Алайда, сарапшы елдегі жағдайдың мәз емес екенін атап өтті. Ол ет жетпейді және мал да азайып жатыр деп дабыл қақты.

«Елімізде таңғаларлық жағдай орын алғанын атап өту керек. Бір жағынан ет өңдеу зауыттарында ет жетіспесе, екінші жағынан ауылдарда мал азайып жатыр. Ет бағытындағы агросаясаттың қисық қисыны осыдан-ақ көрініп тұр. Қытай нарығы ашылғанда жағдай тіпті қиындай түседі», – деді ол.

 Сарапшы Арқалық және Торғайға сапарына тоқталып, өңірлердегі мал шаруашылығының әлеуетін атап өтті.

«Осыдан бір ай шамасында біз Арқалық қаласына барып, жағдаймен танысқан болатынбыз. Қостанайда 1,5 мың бас ірі қара малға негізделген «Beef export group» заманауи ет өңдеу зауыты қуатынан 20-30% аса алмай отыр. Ал Арқалықтың өзіндегі «Торғай ет» зауыты да сол шамадан артық өңдей алмайды.

Торғай – қой өсіруге тарихи да, табиғи да бейімделген өңір. Кеңес заманы кездерінде бұл өңірде 800 мыңға жуық қой болған екен. Ал бүгінде 40 мыңға жетер-жетпес. Мәселе, ет зауыттарының беріп отырған бағасында да болуы мүмкін. Барлық ет өңдеу зауыты малды нарықтық бағамен ала бермейді. Оның үстіне шаруалар үшін малын базарға апарып сата салу, артық құжатты да талап етпейді», – деп жазды Тимур Нақыпбеков.

Палата өкілі Торғайдағы «Қайып ата» ЖШС-ның қызметін баяндап, келешектегі жоспарын бөлісті. Айтуынша, компания шикізатты арзан бағаға алмайды, дегенмен өндіріс көлемін ұлғайтуды көздеп отыр.

«Бүгінде еттің бір келісін 2400-2600 теңгеге қабылдап отыр. Бұл төмен баға деп айту қиын. Қалай болған күнде де кәсіпкерлік пен нарықтың қозғалтқыш күші – сұраныс пен баға. Сондықтан еліміздегі ең ірі мал етінің экспорттаушысының бірі ретінде компания басшысы Сырым Ертаев Торғай өңірінің мал шаруашылығын дамытуға қажетті сұраныс пен нарықтық бағаны қамтамасыз етуге атсалысатынын жеткізді», – деді ол.

Сондай-ақ, сарапшы жақында ет өңдеу зауыттары мен етті экспорттайтын компанияларды бір ортаға жинап, Торғай өңіріндегі мал санын көбейтуді жергілікті шаруалармен талқылайтынын жеткізді.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер