«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Басты мақсат – салалық даму

2023 жылғы 26 Сәуір
2021 просмотров

Бүгінде Өңірлерде салалық кеңестер жұмысы белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Мақсотов BAQ.KZ ақпарат агенттігінің тілшісіне сұхбатында айтты.

Әрбір салалық кеңестердің отырысына маңызды мәселелер шығарылып, тиісті мемлекеттік және басқа да мүдделі мекемелермен жан-жақты талқыланып, қажетінше жергілікті немесе республикалық деңгейдегі мемлекеттік органдарға ұсыныстар мен сұрақтарды шешу жолдары ұсынылады. Аталған бағыттағы жұмыстар жөнінде Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Мақсотовтан сұраған болатынбыз.

Нұржан Ерболатұлы, биылдан бастап өңірлерде Салалық кеңестердің жұмысы жандандырылғаны белгілі. Осыған орай, өңірде осы бағытта жасалып жатырған жұмыстар туралы айтып берсеңіз.

Кәсіпкерліктің бірнеше саласы бар екені өзіңізге жақсы белгілі. Әрбір саланың өзіндік ерекшеліктері мен қиындықтары бар. Сондықтан өңірлердің жалпы аймақтық өніміндегі негізгі басымдықтарға ие салаларды біріктіріп, арнайы Өңірлік кеңестер құрылып, құрамы жаңартылды. Қазіргі уақытта ай сайын қажеттілігіне орай, осы салалық кеңестердің отырыстары өткізіліп, оның қарауына, өңіріміздегі бизнестің дамуындағы мәселелер және бизнестің ұсынған сұрақтары шығарылып қаралуда. Бірінші тоқсанның қорытындысында Салалық кеңестердің 16 отырыстары өткізіліп, онда 30-дан астам сұрақтар қаралды. 

Кәсіпкерлер палатасы жанынан Сіздер қандай салалық кеңестер құруды жөн деп санадыңыздар?

Әзірге 6 салалық кеңес құрылып жұмысын жүргізуде. Олар энергетика және транспорт, өндіріс және индустрия, ауыл шаруашылығы, құрылыс және коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік сала, білім мен денсаулық, кіші және орта бизнес, қызмет көрсету бағытында.

Енді Салалық кеңестерде қаралып, кеңінен талқыланған кейбір сұрақтарға тоқталып өтсеңіз.

Басында айтып өткенімдей, әрбір саланың өзіндік ерекшеліктері мен қажеттіліктері бар. Сол себепті, күн тәртібіне шығарылатын сұрақтар алдымен жан-жақты талдаудан өткізіледі. Жыл басынан бері, Салалық кеңестерде төмендегідей маңызды сұрақтар қаралған болатын. Олар ішкі туризмді дамыту, ауыл шаруашылығы саласындағы субсидиялау мен несиелендіру, газ тапшылығы, бизнеске кадр даярлау, шекаралық байланыстар, салық, кеден заңнамаларындағы өзгерістер, кәсіпкерлік саладағы әкімшілік кедергілер тағы да басқа. Мысалы, ауыл шаруашылығы сұрақтарымен айналысатын Салалық кеңесте 2023 жылғы ақпаннан бастап Қазақстанда күнбағыс тұқымына енгізілген 20 % кедендік баж туралы мәселе қызу талқыланған болатын.

Атап өткендей, биыл ақпаннан бастап, сыртқы шығарылатын күнбағыс тұқымына 20 % кедендік баж қолданылады, бірақ ол тоннасына 100 евродан кем емес болуы керек. Кедендік баждардың қолданылу мерзімі – тұрақты болып есептеленеді.

Осы саладағы кәсіпкерлердің айтуынша, қазіргі уақытта экспорттық тарифтік баж қолданысқа енгізілгеннен кейін экспортқа әкетілетін тұқымның барлық көлеміне салық салынады. Сонымен қатар,  күнбағыс майын өндірушілер өз өнімдерінің бағасын 750 теңге/л дейін шектеуі тиіс. Ал, ағымдағы жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша облыстағы қоймаларда 15 мың тоннадан астам күнбағыс тұқымы бар екені туралы мәлімет берілді.

Қазіргі уақытта қолданыстағы күнбағыс тұқымын сатып алу бағасы өзіндік құнын, сондай-ақ осы өнімді сатуға байланысты шығындарды (арнайы жағдайда сақтау, тасымалдау және т.б.) өтемейді, бұл болашақта күнбағысқа арналған кәсіпкерлердің егіс алқаптарын қысқартуына әкелуі мүмкін. Салалық кеңес мүшелері, кәсіпкерлер мен уәкілетті органдардың пікірлерін ескере отырып, аталған мәселе республикалық деңгейде шешілетіндіктен, жан-жақты жасалған талдау ақпаратын, тиісті ұсыныстар мен ауыл шаруашылығы мен ұлттық экономика министрліктеріне, облыс әкімдігіне жолдау туралы  шешім қабылдады. Бүгінгі күні, облыс әкімінің осы саладағы орынбасары, Салалық кеңестің бірнеше мүшелерімен бірге Ауыл шаруашылығы министрлігіне аяқтай барып, мән-жайды түсіндіріп, проблеманы тікелей түсіндіріп, жеткізіп келді. Мәселе қолдау табады деп есептейміз.

Нұржан Ерболатұлы, Салалық кеңестің мүшелері мен қатысушылары,  бизнесті толғандыратын мәселені қарау мен қатар тағы қандай жұмыстармен айналыса алады?

Салалық кеңестің құзыреті мен жұмыс бағыттары арнайы ережемен реттеледі. Ал, салалық кеңестің жұмыс бағытттары ауқымды. Олар, нормативтік-құқықтық актілерге сараптама жасау, мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларды жасақтауға, ақпараттық-сараптамалық материалдарды дайындауға қатысу, әкімшілік кедергілерді азайту мен кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға қатысты қосымша функциялармен де айналыса алады.

Салалық кеңестер облыстық деңгейде жұмыс жасайтыны белгілі, аудандармен байланыс қалай ұйымдастырылуда?

Біріншіден, әрбір Салалық кеңесте облысымыздағы 12 ауданнан кәсіпкерлер бар. Сәйкесінше, аудан көлеміндегі сұрақтар, осы аудан өкілдері арқылы және аудандық Кеңестердің ұсыныстарымен де қаралады.  Жоғарыда атап өткен сұрақтардың бірқатары, аудандық деңгейге де қатысты болды. Сонымен қатар, Салалық кеңестердің жұмыс жоспарында ауылдық жерлерде кәсіпкерлермен кездесу, жеке қабылдау сияқты форматтағы жұмыстар қарастырылған.

Кәсіпкерлер немесе Салалық кеңеске қатысуға қызығушылық білдіргендер тиісті ақпараттарды қайдан ала алады?

Біз жылдың басынан бері өзіміздің әлеуметтік желілерде хабарландырулар, алдағы болатын Салалық кеңес отырыстар мен қаралатын сұрақтар туралы мәліметтер беріп отырамыз. Қызығушылық танытқан адамдар 243095 телефонына және uralsk.atameken.kz сайтынан ақпараттар ала алады.

Нұржан Ерболатұлы Салалық кеңестер туралы жан-жақты берген ақпаратыңызға алғыс білдіреміз. Өзіңіз атап өткендей, Салалық кеңестердің жұмысы тиісті саланы дамыту мен оны жандандыруға өз септігін тигізеді деп есептейміз.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер