«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Балабақша өлеңіне байқау, смартфоннан құтылу: мектепке дейінгі білім беру мамандары инвестор іздейді

2023 жылғы 26 Сәуір
- Алматы қаласы
6629 просмотров

Бүгін Алматыда мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының өкілдері саланың түйткілді мәселелерін көтеріп, келешегін талқылады. Мамандар «Балалық шаққа инвестиция» мектепке дейінгі білім инвесторларының IV республикалық форумына жиналды және арнайы жобалары үшін инвесторлар керегін айтты.

Республиканың түкпір-түкпірінен жиналған педагог, бизнес өкілдері кадр жеткіліксіздігінен бастап, балалардың тамақтануына дейін мектепке дейінгі білім берудегі проблемаларды көтерді. Жиында кәсіби шешімдерді табу үшін білім беру саласындағы инвесторлармен ынтымақтастықты дамыту жолдары талқыланды.

«Осыдан 20 жыл бұрын мемлекеттің мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысына көзқарасы, әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау саясаты, нарық заманына дайын емес еді. Сол үшін білім заңына, басқа да заңдарды өзгерту керек болды. Мұның бәрін өткердік. Мәселелерді шешу үшін қауымдастықтар құрылып, заңдарға өзгерістер енгізіле бастады. Бұл арада Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жұмысының маңызын ерекше атап өткім келеді», – деді «Bilim Invest» Ұлттық білім беру инвесторлары қауымдастығының вице-президенті Күләнда Батырбекова.

Сонымен қатар, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов қазіргі кезде білім беру жүйесінде шешілмеген проблемалар аз емес екенін айтты.

«Негізгісі – мектептің аздығы. Осы мәселені шешуде инвесторлар белсенді болып келеді. Соңғы бес жылда 442 жеке мектеп салынды. Бұл – министрлік, қауымдастықтар және бизнес атқарған бірлескен жұмыстың жемісі», – деді Мақсат Қиқымов.

Ұлттық палата өкілі мектепке дейінгі білім беру саласында жеке сектор үлесінің артып келе жатқанын атап өтті. Қазақстан үздіксіз білім беру қауымдастығының мәліметінше, еліміздегі 11 мыңнан аса мектепке дейінгі ұйымның 50%-ы жекеменшік. Мектепке дейінгі білім берудегі 97,4 мың ұстаздың 41,5 мыңы ауылдық жерлерде, 55,8 мыңы қалада жұмыс істейді.

«Келер жылдары жеке сектордың үлесі арта түседі. Жеке сектор мемлекеттің әлеуметтік серіктесіне айналып келеді. Осы бағытта педагог қауымның да, әлеуметтік кәсіпкерлік ұйымдардың рөлі өседі.

Сондықтан біз Ұлттық палата ретінде билік құрылымдары және әлеуметтік кәсіпкерлер арасында байланысты одан әрі нығайтуға күш саламыз», – деді Мақсат Қиқымов.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мектепке дейінгі білім департаментінің директоры Наталья Жұмаділдаева мектепке дейінгі білім берудің дамуына жақсы демография да әсер етіп жатқанын айтты.

«Бізде жақсы демография қалыптасып келеді. Әрине, демография мектепке дейінгі ұйымның даму сапасына әсер етеді. Қазір елді 11 мыңнан аса мектепке дейінгі ұйым бар.  Бала жайлы, қолайлы жағдайда тәрбиеленіп, білікті пелагогтар білім беруі керек. Елімізде бала туудың жоғары көрсеткіші 2013-2014 жылдары болды. 2022 жылдан бастап ұйымдардың жүктемесі 10 есе өсті деуге болады. Келер шақта педагог сұранысқа ие болады. Мұнда балабақшалардың  бәсекеге қабілеттілігі үлкен рөл атқарады. Педагог үнемі өзін-өзі жетілідіріп отыруы керек», – деді Наталья Жұмаділдаева.

Жиында бала тәрбиесінде ойнау арқылы ақпарат алудың маңызын, ойыншықтардың сапасына қатысты проблеманы әлеуметтік кәсіпкер Эмин Аскеров көтерді.

«Бала тәрбиесіндегі негізгі проблема – балалардың смартфондарға тәуелділігі. Өзімнің екі балам да телефонға термілген еді. Ойлай келе телефонға тәуелділікті ойын арқылы азайтуға болатынын түсіндім. Біз ойлауды талап ететін, бас қатыратын ойыншықтарды шығара бастадық. Нәтижесінде менің екі балам конструктор бойынша сарапшыға айналды. Ойыншықтың қандай бір жаңа линейкасын шығарғанымызда оны алдымен екі балам сынақтан өткізеді. Балалар ойыншықтың кемшін тұсын айтып, кері байланыс береді. Осылай әр ойыншықты бала талабына сай жетілдіреміз», – деді Эмин Аскеров.

Әлеуметтік кәсіпкер балабақша жетекшілерін балаларға сапалы ойыншық алуға үндеді.

«Қазір арзан, сапасыз  ойыншықтар басым. Мұндай ойыншықтардың балаларға тигізер зияны сұрапыл. Біз өндіретін ойыншықтардың бір ғана кемшілігі бар – ол бағасы. Бала миын дамыматын ойыншықтарды сапалы ағаштан дайындаймыз, ол сынбайды, қирамайды Оның ішінде конструкторларды бала жарақат алмауы үшін жеңіл тал ағашынан өндіреміз», – деді спикер.

Эмин Аскеров елімізде ойыншық жасауда отандық өндірістің үлесі 1 пайыз ғана екенін айтты.

«Жалпы ағаштан ойыншық жасау өндірісіне кәсіпкерлер көңіл бөле бермейді. Өйткені шығыны мен машақаты көп жұмыс. Ойыншықтың өзіндік құны емес, мұнда қол еңбегін айтып отырмын. Бірақ бұл мәселені шештік. Өндірісте шизофрения, аутизм диагнозы бар мүмкіндігі шектеулі адамдар жұмыс істейді. Егер сау адамға күні кешке дейін ағашты егеп, монотонды жұмыс істеу ауырлық етсе, ақыл-есінде ақауы бар адам үшін бұл нағыз ермек, жан рахаты», – деді Эмин Аскеров.

Бала тәрбиесінде ана тілінде тақпақ жаттап, эпос-жырларды тыңдаудың маңызын белгілі қоғам қайраткері, ақын Серік Қалиев айтты.

«Қазір расымен баланың тәрбиесін телефон әкетіп барады. Тіпті әлемдік дертке айналды. Бүгін тәрбиедегі көп мәселені көтердік. Дегенмен балаға тілді үйрету, тақпақтар, жырлар арқылы зейінін ашу, сөздік қорын жетілдіру маңызды екенін ұмытпайық. Балабақшада бала күй тыңдап ойнасын, жаттығу жасасын. Себебі күй бала қиялын дамытатын құрал», – деді спикер.

Серік Қалиевтің айтуынша, қазір балаларға жаттауға берілетін өлең-тақпақтар күрделі, ұйқасы сақталмаған, көп жағдайда баланың жас ерекшелігі ескерілмейді.

«Тақпақты бала тез жаттап алатын ұйқасы, ішінде тәрбиелік мәні болуы керек. Сондықтан республикалық деңгейде ақын-жазушылар арасында балабақша бағдарламасына тақпақ жазудан байқау өткізуді ұсынамын. Жұмыстарды кейін үлкен басылым етіп шығаруға болады. Байқаудың жоба-жоспарын әзірлеп беруге дайынбыз», – деп ұсынды спикер.

Жалпы жиында қатысушылар мектепке дейінгі, қосымша және орта білім саласына инвесторды көптеп тарту, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, жалпы білім беретін мектептер және қосымша білім беру саласындағы қызметтердің сапасын арттыру мақсатында жобаларды, бағдарламаларды, эксперименттік алаңдарды әзірлеу, енгізу, сынақтан өткізу және тәжірибе тарату, алмасу мәселелерін де талқыға салды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер