Қызылордалық кәсіпкерлерге жеке мектептер мен студенттік жатақхана салу ұсынылды
Қызылорда облысында 8,5 мыңнан аса оқушыға орын тапшы, ал 425 студентке жатақханадан орын жетпейді. Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен кездесуде айтылды.
Кездесуге Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов, білім беру саласында қызмет көрсетумен айналысатын кәсіпкерлер қатысты.
«Кәсіпкер-инвестор жатақхана салу және реконструкциялауды өз қаражаты есебінен жүргізіп, дайын нысанды пайдалануға енгізеді. Содан кейін оған мемлекеттік тапсырыс орналастырылады. Басты шарты бойынша студенттер осы жатақханада тұруы керек. Мемлекеттік тапсырыс 8 жылға орналастырылып, төлемдер ай сайын жүргізіледі. Мемлекеттік тапсырыстың жыл сайынғы мөлшері 1 студентке шаққанда: құрылыс жүргізілген жағдайда – 122 айлық есептік көрсеткіш, реконструкциялау жағдайында – 47 айлық есептік көрсеткішті құрайды», – деді Диас Жамбылов.
«Қаржы орталығының» өкілі одан бөлек, жатақханалар салу мен ректонструкциялауды жүзеге асыратын инвесторларды ынталандырудың қосымша құралдары да бекітілгенін атап өтті. Атап айтқанда, «Даму» қоры арқылы мемлекеттік қолдау тетігі шеңберінде банктік қарызды субсидиялау көзделген, сондай-ақ кәсіпкерге жатақхана бөлмесін жалдау ақысын өз бетінше белгілеуге мүмкіндік берілген. Сонымен қатар, жатақхана базасында коммерциялық алаңдар ашып, қосымша табыс табуға да мүмкіндіктері бар.
Қолдаудың келесі тетігі – инвесторлар мен кәсіпкерлерге мемлекеттің қолдауымен жекеменшік мектептердің құрылысына және реконструкциясына инвестиция салу.
Бұнда кәсіпкер өз қаражаты есебінен құрылыс жұмыстарын жүзеге асырады. Нысан пайдалануға енгізілгеннен кейін мемлекеттік тапсырыс орналастырылады.
«Бір жылға бір оқушы орнына операциялық шығыстар: құрылыс жүргізу жағдайында – 96 айлық есептік көрсеткішті, реконструкциялау жағдайында 47 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Операциялық шығындар жеке меншіктегі мектептің бүкіл қызмет ету кезеңінде төленеді. Сонымен қатар 8 жылдың ішінде инвестициялық шығындары өтеледі», – деді «Қаржы орталығы» АҚ-ның бас маманы Азамат Амангелдіұлы.
Кездесуде кәсіпкерлер жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыруға ұстаздардың жазғы еңбек демалысы мен санатқа төленетін қосымша қаржыны енгізуді, сонымен бірге оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз етуді сұрады.
Айта кету керек, бүгінде Қызылорда облысында жалпы 1805 орындық 6 студенттік жатақхана және 8593 орынға есептелген 24 жеке мектеп салынып, қызмет көрсетуде.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: