Отандық аяқ киімдерді таңбалау қажет пе?
Аяқ киімді таңбалауға қатысты түркістандық кәсіпкерлердің пікірі екіге бөлінді. Біреуі қажет деп таныса, екіншісі мүлдем керек емес деп санайды.
2019 жылдан бастап Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Армения және Беларусь мемлекетіне кіретін ЕАЭО елдерінде барлық әкелінетін және отандық аяқ киімдерді арнайы сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы шешім қабылданды. Инновация бірнеше мәселелерді шешуге арналған. Олардың қатарында контрафактілік өнімдермен, көлеңкелі экономикамен күрес және соңында экономикалық процестерді цифрландыру бар. Енді мемлекет тауардың ел аумағына әкелінгеннен тұтынушының қолына шығарылған кезден бастап қозғалысын анық көре алады. Қазақстанда аяқ киім өнімдерін таңбалау 2021 жылғы 1 қарашада күшіне енді.
Жеке кәсіпкер Бахадир Сайдыгани таңбалауға қарсылығын білдірді.
«Жаңашылдық ойланбағандықтан бағаның өсуіне, кәсіпкерлердің қосымша шығындарына әкеп соғады, шикізат сырттан келеді, таңбалау енгізу әзірге ерте, егер енгізетін болса мен өз кәсібімді тоқтатуыма тура келеді, ақыр соңында шағын және орта бизнесті жояды», – дейді кәсіпкер.
Қазір таңбаланбаған аяқ киімді әлі де сатуға болатын өтпелі кезең. Ол 2023 жылдың 1 сәуіріне дейін жалғасады. 2023 жылдың 1 қарашасына дейін кедендік ресімдеуден кейін ҚР өз қоймаларында импортталатын аяқ киімді таңбалай алатын импорттаушыларға жеңілдіктер берілді.
«Хаят РУЖ Жетісай» ЖШС басшысы таңбалау туралы шешімді дұрыс деп есептейді.
«Көлеңкелі экономикамен күрес, барлығы ашық түрде, әр тауар өндірушінің өзінің жеке брендіне нұқсан келмей, сапалы дүние шығаруға үлкен жол», – деп атап өтті мекеме басшысы Нұрлан Әшірбеков.
Ал кәсіпкер Сәкен Шораев бұл процесс бизнесті шығынға ұшыратады деп есептейді.
«Әр қадам үшін төлейді – қоймаға жеткізу, таңбалау. Шығынға ұшырайды, өйткені дүкендерге жаңа аяқ киімнің келуі кешіктіріледі. Аяқ киімді өз аумағында таңбалауға болады. Бірақ бұл ұзақ процедура. Ол үшін IT маманын жалдау, орготехника, сканерлер, штрих-код таспаларын сатып алу қажет», – деді кәсіпкер.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: