Мемлекет құрлыс жобаларының сараптамасы нарығын монополизациялайды
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі біржақты тәртіппен, себебін негіздеместен құрылыс жобаларын сараптау саласындағы саясатты қайта қарайды – жеке сараптама ұйымдары жүзеге асыратын құрылыс саласындағы сараптама жұмыстарының жартысынан көбін өзіне қайтарады.
ИИДМ техникалық жағынан күрделі емес құрылыс жобаларын техникалық жағынан күрделі санатқа ауыстырады. Сәйкес бұйрықтың тиісті жобасын «Ашық НҚА» порталында жариялады.
Бұл ретте, қолданыстағы заңнамаға сәйкес техникалық жағынан күрделі емес жобаларды сараптау аккредиттелген (мемлекеттік емес) сараптама ұйымдарының құзыретіне жатады. Бұйрықтың осы жобасымен уәкілетті орган мемлекеттік сараптама ұйымдары жүзеге асыратын сараптама жұмыстарының көлемін екі еседен астамға қысқартады – қысқартылатын көлем шамамен 56%-ды құрайды.
«2016 жылы сараптамалық ұйымдар палатасы құрылғаннан бері біз үлкен жұмыс атқардық. Сараптама жүргізу үшін стандарттар мен қағидалар, сарапшылар үшін әдістемелік құралдар әзірленді және енгізілді, мамандар үшін, оның ішінде шет елдерде оқыту және біліктілігін арттыру тұрақты негізде жүргізіледі, ТМД-да алғаш рет құрылыс жобаларына сараптама жүргізу үшін өзінің ақпараттық жүйесі әзірленді және енгізілді. Біздің нарықты дамыту жөніндегі барлық күш-жігеріміз Ұлт жоспарының 47-қадамына сәйкес жобаларға сараптаманы бәсекелестік ортаға беру үшін бекер болғаны ма?» – деп сұрақ қойды Сарапшылар ұйымдары палатасының басқарма төрағасы Бірлік Ережепов.
Қазіргі кезде аккредиттелген 200-ден астам сараптама ұйымы жүргізетін жобалар сараптамасының 80%-ы бәселекстік ортада. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бастамасы кең резонанс тудырып, бизнестің наразылығын күшейтті. Өйткені сайып келгенде, бұл шара осы саладағы мемлекеттік монополияның қайтарылуына әкеледі.
«Уәкілетті органның іс-әрекеті құрылыс жобаларын сараптау саласындағы мемлекеттік монополияны күшейтуге бағытталған. Бұл мемлекеттік саясатқа түбегейлі қайшы келеді және «100 нақты қадам» ұлт жоспарының 47-қадамын орындау нәтижесінде қалыптасқан тепе -теңдікті бұзады. Оған сәйкес жобалау алдындағы және жобалау-сметалық сараптаманы жүргізуге мемлекеттік монополиядан кезең-кезеңімен бас тарту, жобаларға сараптама жасау және оларды бәсекелестік ортаға беру іске асырылуы тиіс», – деп санайды сараптама ұйымдары палатасының басқарма мүшесі, «Expert opinion» ЖШС директоры Еркебұлан Байділдаев (Тараз қ.).
Аккредиттелген сараптама ұйымдары қазіргі кезде Бірыңғай кәсіби қоғамдастыққа – сараптама ұйымдарының палатасына біріктірілді. Оның негізгі міндеті Қазақстан Республикасында мемлекеттік емес сараптама қызметін дамыту.
«Өз бұйрығымен уәкілетті орган құрылыс жобаларын мемлекеттік емес сараптау институтының жұмысын тоқтатады және сараптама көлемін мемлекеттік сараптама ұйымының құзыретіне беру арқылы осы саладағы нарықты іс жүзінде монополиялайды. Уәкілетті органның жүргізіп отырған саясаты іс жүзінде жобаларды мемлекеттік емес сараптау институтын таратуға әкеп соғады. Жұмыс істеп тұрған мемлекеттік емес сараптамалық ұйымдардың көпшілігі өз қызметкерлерін, мамандары мен сарапшыларын таратуға мәжбүр болатынына сенімдімін», – дейді палата мүшесі, «ExpertCentr» ЖШС директоры Анастасия Корнилова (Ақтөбе қ.).
«Бұл жобамен келіспеймін. Мұндай шешім нарықты монополиялаумен қатар әлеуметтік проблемаларға әкеледі: аккредиттелген сарапшылардың көпшілігі жұмыс көлемінің болмауы себепті жұмыс істей алмайды, жай жабылады. Ал әрбір осындай ұйымның артында адамдар мен олардың отбасы тұр», – дейді «Стройэксперт СК» ЖШС директоры Асыл Қазбеков (Петропавл қ.).
Кәсіпкерлер Құрылыс істері жөніндегі комитетте қолданыстағы қағидаларға өзгерістер енгізу үшін елеулі дәлелдер мен негіздер жоқ, нарыққа толыққанды талдау, енгізілетін өзгерістердің салдары, белгілі бір объектілерді жауапкершілік деңгейіне жатқызу негіздемесі ұсынылмағанын айтты.
«Біздің білуімізше, Үкімет немесе Президент әкімшілігі тарапынан осы мәселе бойынша министрлікке қандай да бір тапсырмалар берілмеген және уәкілетті орган құрылыс жобаларын сараптау жөніндегі жұмыстарды мемлекеттік монополияға қайтаруға өз бетінше бастамашылық жасайды. Дегенмен бұл Мемлекет басшысының мемлекеттің нарыққа қатысуын қысқарту, құрылыс саласын монополиясыздандыру, өзін-өзі реттеуді дамыту және ШОБ-ты қолдау жөніндегі тапсырмаларына қайшы келеді» – деді «СНК-Проект» ЖШС директоры Нұрсұлтан Сақымов (Қостанай қ.).
Сондай-ақ, палатада қазіргі кезде құрылыстағы сараптамалық қызметті өзін-өзі реттеуге көшіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды. Қажетті түзетулер Үкімет пен Президент әкімшілігінің қарауында тұрған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Құрылыс және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына енгізілді.
Осыған байланысты «Атамекен» ҰКП, сондай-ақ сараптамалық жұмыстар саласындағы бизнес-қоғамдастық Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және ТКШ істері комитеті ұсынатын өзгерістермен толық келіспейтінін білдіреді және құрылыс жобаларына мемлекеттік емес сараптама нарығын дамыту қажет деп санайды.
Осы саладағы көптеген сарапшы Ашық НҚА порталында жарияланған бұйрық жобасының астындағы комментариінде теріс пікір қалдырды https://legalacts.egov.kz/npa/view?pageComment=1&id=14452889
Пікір қалдыру:
Пікірлер: