Туризмді дамытқан түріміз осы
Самар ауданының кәсіпкерлері аудан әкімдігінің бірнеше жылдан бері қордаланған жергілікті жердегі мәселелерді шеше алмай, сергелдеңге түсіріп отырғанын айтып, алаңдауда.
АУДАН ӘКІМДІГІ МӘСЕЛЕНІ НЕГЕ ШЕШЕ АЛМАЙ ОТЫР?
Қаншама айлардан емес, жылдардан бері күн тәртібінен түспей тұрған түйткілді мәселе – Бұқтырма жағалауындағы демалыс базаларында жарықтың, ұялы байланыстың, тұрмыстық қалдықтарды жинайтын қызметтің, қысқасын айтқанда, туристік қызмет көрсетіп, кәсіпкерлікпен айналысатын инфрақұрылымның жоқтығы.
Бұқтырма жағалауына жақын орналасқан Самар ауданындағы демалыс орындарының жай – күйі мен туризмді өркендетуге тұсау болып тұрған түрлі проблемалар жуықта өңірлік кәсіпкерлер палатасының отырысында тағы да көтерілді.
Бұл күнде Бұқтырма су қоймасының Самар ауданы тұсындағы жағалауында демалыс үйлері бірінен соң – бірі тізіліп, салынып жатыр. Біреулер жер сатып алып, дайын модульдік ағаш үйлерді апарып қойып жатса, біреулер кірпіштен, бетоннан қалап тұрғын үй салып, демалыс орындары жылдан – жылға көбейе түсуде. Самар жақта туристік нысандардың бұлай күрт көбейіп жатқаны да жағалауды қажетті инфрақұрылымдармен қамту проблемасын шешуге көңіл аудартқызбай отыр. Енді демалыс орындарының иелері өздері жүгіріп, кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік беруді, инфрақұрылымдарды тартып, демалушыларға жағдай жасауды өтініп, әкімдіктің, кәсіпкерлер палатасының табалдырығын тоздыруда.
Туризмді дамытып, тұрғындарға кәсіп көзін таптырып, халықты табысқа кенелтіп, өңірлерді өркендетеміз, тұрмысты түзетеміз деп аудан, облыс, республика көлемінде түрлі жобалар тізіліп, бағдарламалар жасалып жатыр. Ал, биліктің шығыстың шырайына, көптің демалатын орнына айналған Самар жағалауына қаншама жылдан бері не жарық тарта алмай, не қоқыс төгетін орын аша алмай, не телефон байланысына қоса алмай отырғаны, мынау. Туризмді дамытқан түріміз осы.
Жыл басында, Полина Жукова бастаған 20 дан астам кәсіпкердің жергілікті әкімдікке хат жолдап, әкімдіктегілермен бірнеше рет кездесу өткізіп, демалыс базалары аумағына ортақ энергия желісін тартып, ұялы байланыс, тұрмыстық қалдықтарды орналастыру, жинау қызметтерін жолға қоюға көмектесуді сұрағандары туралы жазғанбыз. Алайда, кәсіпкерлер көтерген мәселелердің бәрі айтылған күйінде қалған екен. Үш ай өтсе де ешбір мәселе шешілмеген.
Бұқтырма жағалауындағы Сарыбел ауылы мен Миролюбовка ауылының жан – жағындағы демалыс орындарының иелері өңірлік кәсіпкерлер палатасына бұл жолы да көмек сұрай келді.
«Жағалауға инфрақұрылымдарды тарту бойынша аудандық, облыстық әкімдік тарапынан қандай да бір шаралар атқарылып жатыр ма?! Наурызда бір тәуліктен астам уақыт бойы жағалау түгел тағы да жарықсыз қалды. Балаларымен келген отбасылар сусыз, жылусыз қалды. Электр энергиясының осылай болмай қалатын жағдайлары, жетпей қалатын кездері жиі қайталанады. Жыл сайын жазда бұл мәселе тіптен ушығады», – дейді кәсіпкер Полина Жукова төлем ақысын уақытылы төлеп отырғанымен жағалауда электр энергиясының жетпей, болмай қалатын кездері көп екенін ашына айтып.
Кәсіпкерлер алдында Алтай өңірі бойынша «Бірлескен ЭнергияСервистік Компаниясы» АҚ ның директоры Ерболат Алпиев кәсіпкерлердің көтеріп отырған мәселелері орынды екенін, Бұқтырманың жағасындағы демалыс базаларының жарықпен тұрақты қамтылмай отырғандығына қатысты былтыр күзде облыс әкімдігіне хат жолдағанын, хатқа бүгінгі күнге дейін жауап қайтарылмағанын жеткізді.
Ол Самар жағалауындағы бейберекет орналасқан электр құрылымдарын реттеп, қайтадан жүйелеу қажеттігін, ол жаққа 110 киловольттық желі тартып, қосалқы станция салып, сол қосалқы станциядан жан – жаққа басқа желілер тарату қажеттігін айтты. Түсіндіруінше, ол жақта бұдан басқа жеке меншік станция болмауы тиіс, жағалауды жаппай тұрақты электр энергиясымен қамту мәселесі сонда ғана біртұтас шешілетін болады.
Сонымен, Самар жағалауының инфрақұрылымдарына байланысты өңірлік кәсіпкерлер палатасында өткен бұл отырыс та «сөйту керек, бүйту керекпен» шектелді.
«Жағалаудағы демалыс орындарының қатты тұрмыстық қалдықтары үшін Новостройка елді мекені маңынан екі гектар жер учаскесі белгіленіп отыр. Оның жұмысына, орналастырылуына құжаттық рәсімдер жүргізу қажет. Бұл мәселені жуықта өтетін мәслихаттың қарауына енгізіп үлгерсек, қалдықтарды орналастыру орнын ашамыз. Ал, энергияға байланысты айтарым, қазіргі күні тек есептеу жұмыстары ғана жүргізіліп жатыр», – деді отырыста Самар ауданы әкімінің орынбасары Рахат Әбуғали, кәсіпкерлердің көңілін одан бетер түсіріп.
Әкім орынбасарының бұл сөзі жағалауда биыл да жағдай өзгермейтінін білдіргендей.
«Тұрғындар, кәсіпкерлер сіздерден нақты жауап күтеді. Халықтың Самар жағалауына барып, демалып жүргеніне қаншама жыл болды! Үш апта бұрын Антикормен өткен кеңесте осы саланы қадағалайтын облыс әкімінің орынбасары Самар жағалауын электр энергиясымен қамтудың жобасы бар екенін айтқан болатын. Бұл мәселелер мәслихаттың қарауына енгізіле ме, қаржы бөліне ме? Осыны білгіміз келеді», – деді өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев.
Altel СТАНЦИЯЛАРЫ ОРНАТЫЛАДЫ
Кәсіпкерлер тұрмыстық қалдықтар мен жарыққа қатысты жарытып жауап ала алмағанымен ұялы байланыс қызметінің болатынына көздері жетті. Өңірлік кәсіпкерлер палатасындағы туризм комитетінің төрағасы, аймақтық кеңес мүшесі, кәсіпкер Асқар Оразбаев Altel компаниясымен келіссөз жүргізіп, Самарда базалық станциялар орнатуға қол жеткізген. Кәсіпкерлер енді қолдарын қойып, станцияларды орнатуға өтініш жіберулері керек. Бірнеше жыл бұрын Алакөлдегі ұялы байланыс мәселесі де осылай шешілген болатын.
Асқар Оразбаев, Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы туризм комитетінің төрағасы:
«Өтініш берушілер қатары неғұрлым көп болса, базалық станциялар саны да көп болады. Осылайша, абоненттер санын арттыра отырып, біз Алакөлде екі станцияны бес станцияға дейін жеткізген болатынбыз. Altel мен Tele-2 компанияларының интернет байланысы көлемін 2,5 есеге дейін арттырдық. Алакөл жағалауындағыдай Самар жағалауындағы ұялы байланыс, интернет мәселесін де біржолата шешеміз. Ол үшін «Атамекен» тарапынан тиісті шараларды атқардық, енді тек кәсіпкерлер өтініштерін жазып, қимылдаулары қажет».
Өңірлік кәсіпкерлер палатасында өткен отырыс қорытындысында Самар ауданы әкімдігіне аудандық мәслихаттың алдағы сессиясында Бұқтырма жағалауындағы, Сарыбел мен Миролюбовка ауылдарының ортасындағы туристік нысандардың инфрақұрылымдарын дамытуға бюджеттік қаржы бөлу мәселесін қарау ұсынылып, қадап тапсырылды. Кәсіпкер Полина Жукова бастаған кәсіпкерлерге Altel компаниясымен ұялы байланыс станцияларын орнатуға шарт жасасуға ұжымдық өтініш даярлау тапсырылды. Кәсіпкерлер өтініші орындалып, станциялар тезірек орнатылса, биыл жазда Самар жағалауында интернет те, ұялы байланыс та болуы тиіс.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшылығы маусымның өткір де өзекті мәселесіне айналып келе жатқан Самар жағалауының инфрақұрылымын дамыту проблемаларына байланысты алдағы уақытта Самар ауылында аудан кәсіпкерлерімен, жергілікті атқарушы билікпен бірге көшпелі отырыс өткізбек.
Бұқтырма жағалауына жақын орналасқан Самар ауданында туристік әлеует мол болғанымен, туристік нысандардан келіп түсетін салық көлемі мардымсыз. Сарыбел ауылдық округіндегі 1177 жер учаскесінің 1155–інің демалыс орны ретінде жұмыс істеуге рұқсаты бар екен. Алайда, сол демалыс базаларына иелік етіп отырған кәсіпкерлердің тоғызы ғана ауданда тіркелген. Өзгелері басқа өңірлерде тіркелгендіктен, олардың төлеген салықтары ауданның емес, сол жақтың қазынасына түсуде. Өткен жылы жаңадан құрылған аудан бюджетінің бүйірін толтыруға бұл жағдай да кері әсерін тигізіп тұр, сол кәсіпкерлер Самар ауданында тіркелсе, аудан бюджетіне, инфрақұрылымдарды дамытуға қажетті қаржы да молыға түсер еді дейді әкімдіктегілер.
Жанаргүл Мұқатай, Шығыс Қазақстан облысының «Didar» газеті
Христина Дорошенко, ШҚО Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі
Пікір қалдыру:
Пікірлер: