«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Бос сөз, бос әңгіме». Алакөлдегі кәсіпкерлер әкімдіктің жұмысына наразы

2023 жылғы 14 Наурыз
5921 просмотров

Дәретхана салынбаған, қоқыс салатын жәшіктер жоқ. Қонақүйлерге жарық жетпейді. Жолдың жағдайын айтпаса да түсінікті. Қысқа айтқанда, бес жылдан бері «бос сөз, бос әңгіме». Мұндай шағымды Алакөл көліндегі кәсіпкерлер Ұлттық палатаның алаңында әкімдіктер және мемлекеттік орган өкілдерімен кездесуде жеткізді.

Ұлттық палата қызметкерлері Алакөл көлінің шығыс және оңтүстік жағалауындағы 100-ге жуық кәсіпкермен онлайн кездесіп, қазіргі жағдайын бағамдады. Нәтижесінде бизнестің шешілмеген проблемасы әлі де көп екені анықталды. Сарапшылардың қорытындысы – премьер-министр Әлихан Смайыловқа курорттық аймақты дамыту бойынша проблемалық мәселелер пулымен анықтама хат жіберілді.

Жиналыс барысында «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Мақсат Қиқымов жазғы маусымның ашылуына дайындық, сонымен қатар Алакөл курорттық аймағын дамытудың шешімдері туралы талқылау жоспарланғанын атап, қазіргі өзекті мәселелерге тоқталды.

«Жағажайды нығайту жүргізілмеген, жағажайдың жуылуына байланысты емдік балшық жоғалу қаупі бар. Көлдің жағалау сызығы тез өзгереді. Алматы облысы тарапынан міндеттемені орындамау салдарынан мердігердің үстінен сотқа шағым түсіп, жоба тоқтатылды. Жобаның құны 6,8 млрд теңге, жоспар бойынша аяқталу мерзімі 2023 жылдың 31 желтоқсаны; 2019 жылы жағалауды бекіту жобасы Шығыс Қазақстан облысымен түзетілді. Жобаның құны 17 млрд теңгені құрады. Жобаның құны жоғары болғандықтан, балама – арзан жобаны әзірлеу туралы шешім қабылданды. Бірақ бүгінге дейін жоба әзірленбеген», – деп бастады бірқатар мәселенің басын Мақсат Қиқымов.

Сондай-ақ, мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев туристік жағалаудағы мәселені шешу үшін арнайы субсидиялар бөлініп,  проблемаларды шешу үшін ұсыныстар жасалғанына қарамастан, мәселелердің шешілмей келе жатқанын атап өтті.

«Былтырдан бері субсидия бар. Мемлекет ай сайын санитарлық тораптардың дұрыс жұмыс істеуі үшін 83,3 мың теңге беруге дайын. Өткен жылы жағалаудағы бір кешенге субсидия берілді. Жалпы дәретханаларды сенімгерлік басқаруға тапсыруды ұсындық… Осы маусымда әкімдіктер дәретхананы уақытылы тазартып, қоқыстарды шығару керек. Қоқысқа қатысты шағым көп», – деп атап өтті вице-министр.

Бұдан бөлек 2023 жылы теміржол арқылы 243 мың жолаушы тасымалданған.  Бұл ретте Ержан Еркінбаев «Қазақстан теміржолы» компаниясына пойыз тұрағын 20 минутқа ұзартып, вокзалда дәретханаларды көбейтуді ұсынды. Сонымен қатар, ол әлі күнге дейін әуежайдың жұмысы мен билет сатылымы туралы мәлімет жоғын атап өтті. Оның айтуынша, жол жөндеуі тұрғындар мен бизнесті қанағаттандырмай отыр.

Былтыр Абай облысы жағындағы жағалауда 2,1 млрд теңгеге 10 ғимарат салынған. Бұл мың төсек орынды арттырып, 14 328 орынға жеткен. Алакөлдің оңтүстік тарапында өткен жылы 2,5 млрд теңгеге 14 ғимарат тұрғызылған. Онда 700 төсек орын қосылып, жалпы саны 12 078 болған.

Ұлттық палата басшысы және вице-министрдің көтерген мәселелерін кәсіпкерлер жалғастырды. Шығыс жағалаудағы «Інжу» демалыс базасының иесі Елена Асылбекова 2017 жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселелерді қозғады. Бұлар – жаңа проблемалар емес. Кәсіпкер биылдың өзінде әкімге бірнеше хат жазғанын, бірақ жауап алмағанын айтты.

«Біздің базамызда электр қуаты жетпей жатыр. Әкім 2020 жылғы есебінде 2,4 млрд теңгеге жүргізілді деген қуаты қайда? Бүгінде базамыз минималды техникалық жағдайда жұмыс істейді, яғни 150-200 кВТ-тың орнына 40-60 кВт береді. Сізде 100 бөлме бар дейді. Олар кондиционерді қалай қосады, ыстық суды қалай пайдалануы керек? Сонда сервис қайдан болады? Әкімдіктің шешпей жатқан мәселелерінен бизнес кінәлі болады. Кеше ғана оңтүстік жағалауда 115 базаға техникалық жағдай жасау керек. Оларды реттемей жатып, жаңа орындарды ашудың қажеті бар ма? Қайдағы инвестия, қайдағы жаңа жобалар? Олар қалай ашылып жатқанына таңғаламын», – деп бөлісті Елена Асылбекова.

Сонымен қатар, кәсіпкердің айтуынша, былтыр жарық бірнеше рет сөніп, техникалық жабдықтар күйіп кеткен. Бірақ әлі күнге дейін әкімдік бұл проблеманы шешпеген және биылғы маусымда жағдай қалай болатыны белгісіз.

Бизнес өкілінің шағымын оңтүстік жағалаудағы Аquamarine resort демалыс базасының иесі Инно Дорош жалғастырды.

«Өкінішке қарай, жағдай қиын. Жауапты мекемедегі адамдар ауысады, біз әрқайсына айтамыз, бірақ нәтиже жоқ. Ақша да бөлінеді, 5 жылға жоспар да жазылады. Алайда пайдасы жоқ… Бізге 2,5-3 айда жағалауды қызмет ететін мамандар керек. Білім министрлігіне де жүгіндік. Жыл өткен сайын кадр мәселесі күрделеніп тұр. Техникалық коллежджер жоқ. Кір жуушы, құтқарушы, электр маманы, аспаз, жүргізушілер жетіспейді, тіпті күзетші табу қиын», – деп шағымданды кәсіпкер.

Сондай-ақ, кездесуде өңірдегі басқа кәсіпкерлер де проблемаларын жеткізді.

Жалпы айтқанда, Алакөл көліндегі туризмнің мынадай мәселелері қордаланған:

Шығыс жағалауында:

- жағалау аймағында интернет жоқ, банкоматтар орнатылмаған (Интернет жылдамдығы 1000 Мбит/с болатын қосымша 2 мұнара орнатылды, кәсіпкерлерге маршрутизаторлар сатып алу ұсынылды. Жағалауда банкоматтар жоқ. Ең жақын Қазпошта ауылда 7 шақырым жерде Қабанбай ауылында);

- абаттандыру жұмыстары жүргізілмеген, демалыс үйлерінің арасында жол жоқ, санитарлық нормаларға сай жуынатын бөлмелер жоқ. (2022 жылы абаттандыруға 80 млн теңге бөлінді (тротуарлар үшін)).

Оңтүстік жағалауда:

- Интернет сапасы өте төмен, электр қуатының тұрақсыз берілуіне байланысты сыйымдылық жеткіліксіз, банкоматтар орнатылмаған;

- медициналық көмек жоқ (тар мамандардың жетіспеушілігі) Ақши ауылында барлығына бір ғана жедел жәрдем.;

- орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілмейді әр демалыс аймағының өз құдықтары - электр сорғылары бар);

- жағалауда санитарлық тораптар мен канализация жоқ;

- қоқыс шығару проблемалары бар.

Сонымен бірге, жазғы маусымның ашылуы қарсаңында туроператорлардың алдында жазғы кезеңге арналған әуе және теміржол рейстерінің кестелерін бекіту және жариялау, Алакөлге билеттерді мерзімінен бұрын брондау аясында көлік билеттерін сатуды бастау мәселесі тұр.

Ұлттық палата өкілі Мақсат Қиқымов жиынды қорыта келе, жол картасын әзірлеуді ұсынды. Жергілікті атқарушы органдардың – әкімдіктердің өкілдері бұл мәселелердің барымен келісті және Ұлттық палатамен бірлесе жол картасында келтірілген міндеттерді орындауды уәде етті.

Айта кетейік, бүгін кәсіпкерлермен кездесуге жоғарыда аталған спикерлерден бөлек, МСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков, Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Ардақ Өтепов, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Ержан Мейрамов, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы м.а. Қайрат Сәдуақасов, Абай облысы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов, Жетісу облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли, Абай және Жетісу облыстарының туризм басқармаларының, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, төтенше жағдайлар, коммуникациялар басқармаларының басшылары, «ҚазАвтоЖол», әуе компаниялары, ұялы байланыс операторлары, Абай және Жетісу облыстарының Өңірлік палаталары мен Өңірлік кеңестері және туристік бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер