Бөлшек салыққа қатысты мәселе шешілді
Салықтың бұл түрі енді тұрақты негізде әрекет ететін болады. Сенат салық заңнамасына өзгерістер қабылдады. Енгізілген өзгерістерге сәйкес бөлшек салықты жұмыскерлер саны 200 адамнан аспайтын, ал табысы күнтізбелік жыл ішінде 2 млрд теңгеден артық емес соманы құраған кәсіпккерлер қолдана алады. Салық жеке тұлғаларға сатқан кезде 4% және заңды тұлғалармен мәмілелер үшін 8% ставкалар бойынша төленетін болады.
Қала және ауылда кәсіп жүргізудің жағдайы түрлі екенін ескерсек, қызмет түрі, объектінің орналасқан жеріне қарай мәслихаттар ставканы 4 пайыздан 2 пайызға дейін (50 пайызға) төмендете алады.
«Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталовтың айтуынша, бөлшек салықты тұрақты негізде енгізу – үлкен жеңіс. Өйткені арнайы салық режимі ұғымы кейбір салықтардың, әсіресе шағын және микробизнес үшін есептеу және төлеудің жеңілдетілген тәртібін көздейді.
«COVID-19-ға дейінгі кезеңде Ұлттық палатаның ШОБ комитеті аясында талқыланған және пандемия кезінде уақытша шара ретінде енгізілген бөлшек сауда салығы біздің күнделікті өмірімізде берік орныққанына қуаныштымыз. Біз бизнеске түсетін салық жүктемесін азайтуға мүдделі Ұлттық палата ретінде енді кәсіпкерлерге алынған табысына қарамастан ҚҚС бойынша есепке тұрудың қажеті жоқ екеніне қуана хабарлаймыз. Бұл шағын бизнестің көп өкілі үшін өте тиімді. Кәсіпті ашық жүргізу жеңілдейді, табыс артады, дамуға, қаржыландыруға, несие алуға, шығындардың аз болуына, бизнесті кәсіби түрде жүргізуге мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді Райымбек Баталов.
Спикер бөлшек салықты қолданатын кәсіпкерлер жұмысшылардың кірісінен бірыңғай төлем төлей алатынын айтты.
Осы салықтың қолданысына жататын қызмет түрлерінің тізбесін ҚР Үкіметі белгілейді. Қазіргі кезде Ұлттық палата тізбені кеңейту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Еске салсақ, Қазақстанда бөлшек салық COVID-19 пандемиясы кезінде уақытша қолданысқа енгізілді. Содан кейін микро және шағын бизнесті қолдау мақсатында 114 қызмет түрі бойынша 3% мөлшерлемемен бөлшек салықтың арнайы салық режимі енгізілді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: