«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ұлттық палата және Мәдениет министрлігі туристік саланы дамытудың стратегиялық мәселелерін талқылады

2023 жылғы 24 Ақпан
6690 просмотров

ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Орлов, ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов және Туристік сала комитетінің төрайымы Юлия Якупбаева турситік мәселелерді талқылау үшін кездесу өткізді. Жиын барысында салааралық және өңіраралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру, мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту, туристік брендті қалыптастыру, туристік өнімдерді акселерациялау және басқа мәселелер талқыланды.

Сондай-ақ, кездесуде ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаевтың қатысуымен туристік саланы дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы жобасының кезекті талқылауы өтті.

«Тұжырымдамаға Ұлттық палата, өңірлер және «Қазақ туризм» қауымдастығының инрафқұрылым және туристік маршруттарды түгендеу бойынша бірлескен жұмысы ескерілгені қуантады. Оның негізінде нақты шаралар енгізілді, соның ішінде әкімдер үшін КРI белгіленді. Сонымен қатар, балалар – жасөспірімдер, экологиялық, агро-ауылдық туризм, қолөнерді дамыту, кадрлар даярлау, сала үшін жеңілдікті несиелеу және гранттар мәселелері және т.б. бойынша жол карталарынан кейбір іс-шаралар ескерілді. Министрлікпен бірлесіп жобаға мемлекеттік органдардың ескертулерін талқылауға, тұжырымдамаға жол картасын әзірлеуге қатысуға дайын екенімізді білдіреміз», – деді Юлия Якупбаева.

ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Тұжырымдамада маңызды бағыттарды анықтайтын жобалар мен іс-шаралар қабылданды және саланың барлық дерлік ұсынысы ескерілгенін айтты.

«Ұлттық палатаның көмегімен ұсыныстар тізімі жиналды. Олардың саны өте көп болды және олардың кейбірі салаға керек емес деп айту қиын. Әрине, барлығы мүмкіндігінше көп идеяны, қажетті жобаларды тұжырымдамаға енгізуге мүдделі. Бірақ, біріншіден, тұжырымдама мемлекеттік бағдарлама емес, тұжырымдамалық құжат. Сондықтан біз барлық идея мен жеке жобаларды қоса алмаймыз. Екіншіден, біз тұжырымдаманы басқа мемлекеттік органдармен талқылайтын боламыз, олардың да өз пікірі болады, сонымен бірге бизнестің барлық ұсынысы мен ескертулері назарға алынады», – деді вице-министр.

Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рысбеков тұжырымдама жобасын келісу шеңберінде бірлескен жемісті жұмысы үшін салалық қауымдастықтар мен ҰКП-ға алғысын білдірді. Тұжырымдама жобасына және іс-қимыл жоспарына салалық сарапшылар ұсынған маңызды толықтыруларды атап өтті.

«Туризм индустриясы комитетіне тұжырымдама мәтінін немесе іс-қимыл жоспарын толықтыру бойынша 25-ке жуық ұсыныс енгізілді. Бұл ұсыныстардың барлығы ескерілді. Атап айтқанда, мысалы, ішкі туризм, экологиялық туризм және басқа да бағыттарды кеңінен насихаттау бойынша ұсыныстар болды. Біз енгізілген ұсыныстар үшін әрі қарай бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз», – деп атап өтті Дастан Рыспеков.

Қазақстандық туристік қауымдастықтың директоры Рашида Шайкенова экологиялық, ауылдық, аграрлық туризмнің барлығы туризмнің «тұрақты» түрлері екенін атап өтті. Сондықтан Тұжырымдаманың мәтінін құрылымдау және «тұрақты тұтыну» деген жаңа ұғымды енгізуді ұсынды.

Туроператорлар қауымдастығының президенті Инна Рей туристік дестинацияларды дамытудың маңызын, ДБҰ (дестинацияларды басқару жөніндегі ұйым) құру, барлық салааралық ведомствоны қоса отырып, туризм жөніндегі кеңестің қызметін қайта бастау қажеттігін атап өтті, сондай-ақ туристік компанияларды несиелеу мәселелерін көтерді.

  Еуразиялық туризм қауымдастығының президенті Рысты Қарабаева өңірдегі демалыс ұзақтығын арттыруды ынталандыру мақсатында келушілер, бір және 3 түні бар туристер саны бойынша жаңа индикаторларды қосуды ұсынды.

Қалалық туризмді дамыту орталығының атқарушы директоры Татьяна Верницкая, балалар-жасөспірімдер туризмі және демалыс қауымдастығының төрағасы Қайрат Сұлтанов, Қазақстандық агро және ауылдық туризм қауымдастығының төрайымы Халида Төлегенова, Қазақстан қолөнершілер одағының төрайымы Айжан Бекқұлова өздерінің ұсыныстары мен ескертулерін, оның ішінде тұжырымдаманы іске асыруда турбизнестің рөлін арттыру қажеттігі туралы айтты.

Жиын соңында Мақсат Қиқымов салалық министрлікке және бизнес-қоғамдастыққа жиын  жұмысына белсенді қатысқаны үшін алғысын білдіріп, саланы дамыту үшін тұжырымдаманы бекітудің маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ одан әрі бірлескен жұмысқа сенім білдірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер