ШҚО кәсіпкерлері мемлекеттік ұйымдардың жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді
Шығыс Қазақстан облысында бизнес-қоғамдастық өкілдері ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжановпен кездесті.
ШҚО кәсіпкерлер палатасы және ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі бизнес мәселелерін талқылау және оларды шешу жолдарын іздеу үшін осы іс-шараны бірлесіп өткізді. Жиынға ШҚО әкімінің орынбасары Дархан Оспанов, ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Талғат Башев, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, кәсіпкерлердің қоғамдық бірлестіктерінің басшылары, бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты. ШҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев модератор болды.
«Ел Президенті өз жолдауында экономиканың өсуіне ерекше назар аударып, осы саладағы негізгі проблемаларды айтып, бизнесті қолдау қажеттігін атап өтті. Бұл ретте сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – қоғам үшін қашанда өзекті мәселе болып қала береді. Бұл тұрғыда кәсіпкерлерді мемлекеттік органдар өкілдерінің қызметіне заңсыз араласудан қорғауға ерекше назар аудару қажет. Қазіргі уақытта бизнес-қоғамдастықпен сындарлы диалог құру өте маңызды. Сондықтан біз бүгін проблемаларыңызды тыңдап, оларды бірге талқылау үшін жиналдық», – деп Қайрат Мамырбаев кездесуді ашты.
Превенция қызметінің басшысы бизнесті қорғау және кәсіпкерлікті қолдау бойынша Антикор жүргізіп жатқан жұмыстар туралы айтты. Осылайша, ведомство кәсібін адал жүргізетін бизнеске жәрдемдесу бойынша тұжырымдамалық шаралар қабылдайды, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласудан қорғау механизмдерін енгізеді, әр өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, кәсіпкерлердің өтініштеріне жедел әрекет ету пысықталады.
«Өткен жылы Шығыс Қазақстан облысында сіздермен бірге сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын қалыптастырғанымызды білесіз. Онда осы өңірдің халқының әлеуметтік әл-ауқаты үшін маңызды бірқатар бағыт көрсетілген. Осы сәттерді де талқылайтын боламыз», – деді Саян Ахметжанов.
ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының бірінші орынбасары Талғат Башев кездесуге қатысушыларға «Бизнеске жол!» жобасының іске асырулы барысын баяндады. Жоба басталғаннан бері ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің атына бизнес өкілдерінен 28 өтініш келіп түсті және қаралды, 55 кәсіпкердің құқығы қорғалды, облыстың 159 кәсіпкерінің қатысуымен 16 кездесу өткізілді.
«Департамент жер учаскелерін бизнеске бөлу және олардың қолжетімділігі саласында, сондай-ақ бизнес объектілеріне инфрақұрылымды жеткізу мәселелері бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізеді. Қазіргі кезде біз 16 сыбайлас жемқорлық тәуекелін анықтадық, оларды жою бойынша мүдделі мемлекеттік органдарға тиісті ұсыныстар берілетін болады», – деді Талғат Башев.
Кездесу барысында кәсіпкерлер сыбайлас жемқорлық белгілері бар проблемаларын айтып, Саян Ахметжанов пен ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінен оларды шешуге жәрдем көрсетуді сұрады.
Бұқтырма су қоймасының Самара жағалауындағы демалыс базасының иесі Полина Жукова орталықтандырылған электрмен жабдықтаудың болмауы мәселесімен жүгінді. Бұл проблема бұған дейін ШҚО Кәсіпкерлер палатасының Туризм комитетінің отырысында және Самар ауданындағы шағын бизнес-форумда қаралған. Іс-шарадан кейін бұл мәселе өңірдің даму жоспарына енгізілгені белгілі болды.
Кәсіпкер Дмитрий Лапошин оны заңды тұлғаның иесі ретінде банкроттық рәсімін жүргізу кезінде субсидиарлық жауапкершілікке тарту орын алғанын айтты. Оның бұрынғы серіктесінің айла-амалдарының салдарынан бизнесменге 668 миллион теңгеге қосымша салық салынды және бірде-бір инстанция оған осы істе әділдікті қалпына келтіруге көмектескен жоқ. Дөңгелек үстелге қатысушылар кәсіпкерге бұл мәселені сот арқылы шешуді ұсынды.
Автотасымалдау саласындағы кәсіпкер Меруерт Исакова 700 теңге көлемінде өсімпұл төлемегені үшін кәсіпорынның шоттарын бұғатталғанын айтып, Мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлеріне шағымданды. Талғат Башев іскер әйелге оның мәселесін егжей-тегжей қарау және шешу үшін Антикорға жеке қабылдауға келуді ұсынды.
Жалпы, барлық айтылған мәселені өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі бақылауға алды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: