«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қызылордада 7 кәсіпкер «қара тізімнен» шықты

2023 жылғы 16 Ақпан
- Қызылорда облысы
8105 просмотров

Өткен жылы мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнамаларға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде «жосықсыз қатысушы» тізіліміне еніп кеткен қызылордалық 7 кәсіпкер кінәсіздігін дәлелдеп, қайта жұмыс істеуге мүмкіндік алды.

«Мемлекеттік сатып алуға қатысатын кәсіпкерлер «жосықсыз сатып алуға қатысушылардың тізіліміне» кіру дегеннің не екенін жақсы біледі. «Қара тізімге» енген адал кәсіпкерлер кіріссіз қалып, тіпті кей жағдайда бизнесін жабуға мәжбүр болады», – дейді Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов.

«Жосықсыздар» қатарында болмау үшін кәсіпкер мемлекеттік сатып алуға қатысқанда дер кезінде шартқа қол қойып, шарттың орындалуына кепілдік беретін қаржыны аударуы керек. Бұл талаптар орындалмаған жағдайда кәсіпкер автомат түрде жосықсыз өнім берушілердің тізіліміне түсіп, екі жылға мемлекеттік сатып алуға қатысу құқығынан айрылады.

Бұрын «қара тізімнен» шығудың екі-ақ жолы болатын. Екі жыл мерзім біткен соң автомат түрде немесе сот арқыры кінәсіздігін дәлелдей алған жағдайда шығарылады. Оның өзінде сот процесіне үш айдан бір жылға дейін уақыт кетуі мүмкін.

Былтыр мемлекеттік сатып алу саласындағы нормативтік-құқықтық құжаттарға өзгерістер енгізіліп, кәсіпкердің шағымын тапсырыс беруші мекемеде құрған келісім комиссиясында қарау мүмкіндігі туды.

«Біз былтыр 9 келісім комиссиясының отырысына қатыстық. Нәтижесінде объектив себептермен келісімшарттарға уақытылы қол қойып үлгермеген 7 кәсіпкердің құқығы қорғалып, «қара тізімнен» шығарылды. Бұл– кәсіпкерлерге берілген тамаша мүмкіндік», – дейді Палата директорының орынбасары Салават Құлмахан.

Палата заңгері жағымды жаңалықпен бірге келісім комиссиясына қатысты проблеманы да атап өтті.

«Келісім комиссиясын барлық тапсырыс беруші ұйымдар құруы тиіс және комиссияның құрамында міндетті түрде Кәсіпкерлер палатасының өкілі енуі керек. Мемлекеттік сатып алу порталына сараптама жасағанымызда Қызылорда облысында мыңнан аса тапсырыс беруші барын анықтадық. Алайда олардың тек 92-сі немесе 9 пайызы ғана келісім комиссиясын құрған», – дейді Салават Құлмахан.

Кәсіпкерлер палатасы құқығы бұзылған бизнес өкілдерін Палатаға жүгінуін сұрайды.

Мекенжайымыз: Қызылорда қаласы, Қорқыт ата, 123 үй «Бизнеске арналған Үкімет» ғимаратының 3-қабаты. Байланыс телефоны 8 /7242/ 40-09-81.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер