ДУИС № 62 мекемесінде тігін және ағаш шеберханасын ашу
Қарағанды және Ұлытау облысындағы қылмыстық атқару жүйесі басқармасының №62 мекемесінде тігін және ағаш бұйымдарын шығаратын цех ашылды.
Іс-шараға Ұлытау өңірі бойынша ӨКП төрағасының міндетін атқарушы Гүлмира Қаженова, ӨКП салалық даму жөніндегі басқарушы директоры Рахымбек Зейнуллин, қала прокуроры, әділет кеңесшісі Ж.Қоңырбаев және №62 мекеменің басшылығы қатысты. Жұмыс сапары барысында қонақтар жазасын өтеп жатқандар еңбек етіп жатқан цехтың қызметімен танысты. Бұл кәсіпорынның екі жақты пайдасы бар. Бас бостандығынан айрылғандар еңбек ету арқылы түзелсе, дайын өнім тұтынушылардың қажетін өтейді. №62 мекемесінен «Қарлығаш» ЖК және «Шәміл» ЖК-не арнайы құрал-жабдықтар орнатуға арналған шеберхана берілді.
– Еңбек терапиясы қамауға алынғандардың әлеуметтенуіне оң әсерін тигізеді. Бізде қатаң тәртіп бар. Әр жұмысшы өз еңбегі үшін жалақы алады. Жалақы істелінген жұмыс көлеміне қарай төленеді. Егер жазасын өтеушінің алимент секілді қарызы болса, онда оның тапқан ақшасы қарызды төлеуге кетеді. Қарызы болмаса, дүкеннен қажетті, бірақ қолданыстағы заңнамаға сәйкес рұқсат етілген заттарды сатып ала алады, - деді сұхбат барысында №62 мекеме басшысының жалпы мәселелер және еңбекті ұйымдастыру жөніндегі орынбасары, әділет капитаны Жайық Әбеуов.
Сотталғандар еңбегін ұйымдастыру тобының аға инспекторы, полиция майоры Меруерт Шәбденованың айтуынша, заңмен бекітілген алгоритмге сәйкес, тілек білдірген кәсіпкерлер №62 мекемесінен мемлекеттік мүлік және жекешелендіру бөлімі арқылы жалға бос ғимарат ала алады. Жеке кәсіпкерлер келісім алғаннан кейін жазасын өтеушілерді жұмыспен қамтып, ісін жалғастырады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: