«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Шымкент кәсіпкерлері Bed Tax жарнасын өндіріп алуға мораторий енгізуді сұрайды

2023 жылғы 27 Қаңтар
- Шымкент қаласы
10760 просмотров

Бұл туралы Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасы туризм комитетінің отырысында жергілікті отельерлер айтты.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен 2023 жылдың қаңтарынан бастап шетелдік туристер үшін bed tax туристік жарнасын енгізу тақырыбы кәсіпкерлер арасында қызу дау тудырды. Қазақстанда bed tax 2022 жылдың басынан бастап енгізілді. Өткен жылы ел аумағында туристік жарна нөлдік ставкада болды. Жарна мөлшерлемені шетелдік туристер ағынының өсуіне байланысты жергілікті мәслихаттар белгілейді. Шымкентте биылғы жылы тұру құнының 5% мөлшерінде bed tax ең жоғары ставкасын бекіту жоспарланған.

 Шымкенттік отельерлер жаңашылдыққа қарсы емес. Бірақ төлем механизмі түсініксіз. Кәсіпкерлерді бірінші кезекте осы мәселенің қаржылық бөлігі толғандырады. ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 5 қарашадағы № 787 қаулысында туристік жарнаға ҚҚС және КТС салынатыны туралы айтылмайды, өйткені бүгінде қаржы заңнамасында нақты түсінік жоқ және бұл жайт түрлі салдарға әкелуі мүмкін.

 «Туристік жарна қалай салынатыны туралы нақты механизм жоқ. Туриске немесе компанияға жарна төленгенін растайтын қандай құжат беріледі, түсініксіз. Bed tax жарнасын бухгалтерлік және салық есебіне қалай дұрыс енгізу керек? Бізге қонақ үйде тіркелген кезде шетелдік туристен туристік жарна алу ұсынылып отыр. Ол үшін біз растайтын құжатты ұсынуымыз керек. Яғни, қонақ үйдегі бөлменің құны 50 мың теңге болса, туристік жарнаны қосқанда 52,5 мың теңге болады. Бақылау-кассалық машина мұны бір чекпен береді. Әрине, туристік жарна жалпы сомадан шегерілмейді және барлық салықтан босатылмайды. Яғни, 52,5 мың теңге біздің табысымыз болып саналады.

Бізге тағы бір нұсқа ұсынылды: туриске екі чек беру, ал жарна төлемін чек-ордермен рәсімдеу. Кешіріңіз, бұл мүмкін емес, мұндай жағдайда  кассалық алшақтық пайда болады. Ал салық органдары бізді кассалық тәртіпті бұзғанымыз үшін сұрақ астына алады. Бір сөзбен айтқанда, құжат өте шикі, көптеген түсініксіз тұсы бар», - деп наразылығын білдірді қонақ үйлердің өкілдері.

Олар өткен жылдың сәйкес кезеңімен туристер ағынын талдау қорытындысы бойынша белгіленген 5%-дық шекті туристік жарна ставкасына да наразы.

«Былтыр Шымкентте туристер саны неге 57 пайызға өсті. Өйткені алдыңғы екі жылы пандемия болды. Келушілер санын 2021 жылмен салыстырып бағалау дұрыс емес деп санаймыз. Өйткені 2020-2021 жылдары елімізге кіруге санитарлық шектеу енгізілген болатын.  Шымкент Түркия немесе Мысырдағы қалалар секілді курорттық аймақ емес. Бізге шетелдік әр қонақ маңызды. Ал қазіргі қағидалар бар әлеуетті төмендетіп жіберуі ықтимал», - деді қонақ үйдердің өкілдері.

 Туристік жарнаны пайдалану мақсатына қатысты сұрақтар туындады. Әзірлеушілер туристік жиынды талқылау кезеңінде жиналған қаражатты тек тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында туризмді және оның инфрақұрылымын дамытуға пайдалануды қамтамасыз ететін норманы көздеді. Бірақ «Атамекен» ҰКП сараптамалық қорытындысына қарамастан, құжаттың соңғы редакциясынан бұл норма 2023 жылға нөлдік мөлшерлемені енгізу ұсынысы сияқты алынып тасталды.

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасы туристік бизнес өкілдерінің осы жылы туристік жарнаны өндіріп алуға мораторий енгізу туралы ұсынысын қолдады. Нарық өкілдері осы уақытқа дейін туристік жарнаны алу механизмі пысықталады деп үміттенеді.

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер