«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Келісу комиссиясы жұмысының нәтижесінде 18 кәсіпкер қара тізімнен шықты

2023 жылғы 17 Қаңтар
- Алматы қаласы
6609 просмотров

 2022 жылы жеткізушілер келісу комиссиясына жүгіну арқылы жосықсыз жеткізушілердің тізілімінен шығу мүмкіндігіне ие болды.

Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасы Мемлекеттік сатып алу және жергілікті қамту бөлімінің бастығы Жанна Мырзақұлова мемлекеттік сатып алуда мерзімдерді орындамау және құжаттарды уақтылы ұсынбаудың салдары қандай екенін айтты.

Өнім беруші, егер мемлекеттік сатып алуға қатысса, порталда шартқа уақтылы қол қоюға, қамтамасыз етуді енгізуге тиіс. Егер ол мұны уақытында жасамаса, онда кәсіпкер автоматты түрде жосықсыз жеткізушілер тізіліміне кіреді. Мұндай жеткізушілер екі жылға мемлекеттік сатып алуға қатысу құқығынан айырылады. Сатып алуға қатыса алмайды, құрылтайшы жаңа компания құра алмайды», – деп атап өтті Жанна Мырзакулова.

Сарапшының айтуынша, бұрын тізілімнен шығару екі жағдайда ғана болған: автоматты түрде екі жыл өткеннен кейін және сот шешімі бойынша (егер жеткізуші тізілімге қосу туралы шешіммен келіспесе, ол сотқа жүгіне алады).

«Қазір келісімшарт жасасудан жалтарғаны үшін  жосықсыз жеткізушілер тізіліміне енгізілген әлеуетті өнім беруші бұл шешіммен келіспесе, ол келісу комиссиясына жүгінуге құқылы. Мұны тізілімге енгізу туралы белгілі болған күннен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірмей, бірақ жосықсыз өнім беруші деп танылған күннен бастап күнтізбелік 16 күннен кешіктірмей жасау қажет», – деді Жанна Мырзақұлова.

Келісу комиссиясы – келісімшарт жасасудан жалтарған және тізілімге енгізілген әлеуетті өнім берушілердің өтініштерін қарайтын тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган.

«2022 жылы Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының сатып алу және жергілікті қамту бөліміне 19 өтініш келіп түсті, оның ішінде Келісу комиссиясы 18 өтінішті оң қарады, кәсіпкерлер жосықсыз жеткізушілер тізілімінен шығарылды. Мұндай нәтиже келісу комиссиялары сияқты механизм кәсіпкерлерді қорғау үшін қажет және пәрменді екенін көрсетеді», – деп атап өтті Алматы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов.

Сондай-ақ, 2022 жылдың қарашасының соңында «Алматыбасжоспар» ҒЗИ алаңында Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы мен Алматы қаласы әкімдігі жергілікті қамтуды бақылау жөніндегі комиссияның отырысын көрме форматында өткізді. Шараға қала әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров әкімдіктің бөлім басшылары, отандық құрылыс материалдарын өндірушілер мен жобалаушы компаниялар қатысты.

Көрме аясында бюджеттік бағдарламалар әкімшілері 2023 жылға арналған құрылыс жобаларының (ҚМЖ) жоспарларымен таныстырды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер