«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Алматыда «Алан» балалар спорт кешені ашылды

2023 жылғы 12 Қаңтар
- Алматы қаласы
6234 просмотров

Спорт кешенінде бір уақытта 500 бала жаттыға алады.

Алматы қаласының іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Шынар Бугимбаеваның айтуынша, жоба «Дені сау ұлт, дені сау балалар» идеясын қолдауға бағытталған. Төрт баланың анасы және 1500-ден астам әйел жұмыс істейтін Qaganat желісінің жетекшісі ретінде, кәсіпкер еліміздің болашағы дене шынықтыру мен спортпен шұғылданатын балалар екенін айтты.

«Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамытуға зор көңіл бөледі. Біз балаларымыздың үйден қол созым жерде спортпен шұғылдану мүмкіндігіне ие болғанын қалаймыз. Алматыда Наурызбай ауданы қарқынды дамып келеді, мектептер мен гимназиялар салынып жатыр. Бұл осы аудандағы алғашқы толыққанды спорт кешені. Біз басқаларға үлгі болғымыз келеді», – деді Шынар Бугимбаева.

Ашылу салтанатына қазақ күресінен «Қазақстан Барысының» турнирінің тұңғыш чемпионы Ұлан Рысқұл және дзюдодан Азия жүлдегері Ұлан Рысқұл қатысты. Чемпиондар жас спортшыларға сәттілік, жігер пен шыдамдылық тіледі.

«Бүгін біз балалар өз әлеуетін дамыта алатын заманауи кешеннің ашылғанына куә болдық. Кез келген өңірге спорт кешені артық етпейді. Сондықтан спорт кешені, бассейн немесе басқа да спорт нысандар тұрғындардың игілігіне қызмет етеді. Мұндай құрылысты тек мемлекет салу керек деген түсінік жоқ. Кәсіпкерлер ашып, көп адамды жұмыспен қамтиды. Балалардың бос уақытында баратын орны болады. Сол себепті кәсіпкерлер мұндай нысандар салса қолдаймыз. Кәсіпкерлер палатасы ретінде сүйемелдеу және қолдау, кеңес беруге әзірміз», – деді Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының өкілі Нияз Жалғасұлы.

ALAN – 2000 шаршы метрге жуық жаңа кешен, оған балалар секцияларының кең спектрі кіреді. Спорт кешені үш үлкен зал мен үш шағын залдан тұрады. Жарыс кезінде жас спортшыларды көру үшін қарау алаңдары қарастырылған.

«Балаларымыздың өмірінде спорттың орны маңызды. Спорттағы жетістіктерге жету үшін жабдықталған заманауи зал қажет. Біз қазір жаңа кешенде гимнастикамен айналысуға мүмкіндігіміз бар екеніне өте қуаныштымыз. Бұл салауатты өмір салтын насихаттау. Қаланың әр баласының жыл бойы спортпен шұғылдану мүмкіндігі болғаны маңызды», – дейді  көркем гимнастикадан спорт шебері атағын алған баланың анасы Әйгерім Жанәбілова.

«Біз қазақстандықтар ретінде, азаматтар ретінде әр аулада спорт клубы, балаларымыз спортпен, өнермен айналыса алатын секциялар болуын қамтамасыз етуге тырысуымыз керек. Біз бұған бүкіл ел болып ұмтылуымыз керек. Спортшыларымызды танымал болып, еліміз өркендеуі үшін барымызды салайық», – деді Шынар Бугимбаева.

Балалардың ата-аналары ғимаратта асхана бар екенін атап өтті, онда мектептегі сабақтар мен спорт кешеніндегі жаттығулар арасында тез тамақтануға немесе түскі ас ішуге болады.

«Бұл өте ыңғайлы, әсіресе бала бірнеше үйірмеге қатысқан кезде үйге барып жүретін уақыт болмай қалады. Мұнда балалар спортының барлық дерлік түрі ұсынылғаны да қуантады. Бір клуб ішінде ұнаған үйірмені таңдауға болады», – дейді ата-аналар.

Спорт кешенінің бағдарламасында көпбалалы отбасылар үшін жеңілдікті абонементтер қарастырылған. Алдағы уақытта «Алан» спорт кешенінің басшылығы жергілікті атқарушы органдар және басқа серіктестермен бірлесіп басқа да әлеуметтік жобаларды іске қосуды жоспарлап отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер