«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Елордада 277 адам тегін курс оқып, жаңа мамандықтарды игерді

2023 жылғы 10 Қаңтар
- Астана қаласы
5803 просмотров

Астанада 277 адам қысқа мерзімді тегін кәсіптік оқуға қатысып, жаңа мамандық игерді. Олардың жартысы курстан кейін бірден жұмысқа орналасты.

Астана қаласының кәсіпкерлер палатасында адами капиталды дамыту мәселелері бойынша 2022 жылғы жұмыстарға қорытынды жасалды. Жұмыс бағыттарының бірі – оқу орталықтарын ашуға жәрдемдесу. Олардың базасында Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы іске асырылып жатыр. «Атамекен» ҚР ҰКП тізіліміне енгізілген оқу орталықтары қала жұмыс берушілерінің сұранысы бойынша мамандар дайындауды іске асырады.

«2022 жылы «Атамекен» ҚР ҰКП тізіліміне елорданың 26 оқу орталығы кірді. Оның 18-і кәсіпорындар жанынан, алты дербес және тағы екеуі колледждер жанынан ашылған. Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту 14 оқу орталығының базасында жүргізілді (кәсіпорындар жанында – 9, колледждер жанында – 1, дербес – 4). Елорданың 277 тұрғыны оқып шықты. Олар мемлекет есебінен жаңа және сұранысқа ие мамандықтарды игерді», – деді Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Бейсен Жолболдиев.

Атап айтқанда, электр газды дәнекерлеуші, электромонтер, кран машинисі, сантехник-слесарь, SMM менеджері, кондитер, тігінші, наубайшы, аспаз, шаштараз, бақылаушы-кассир, тәрбиеші, тәрбиешінің көмекшісі, тігінші, күтуші, шебер шаштараз, техник-технолог, баспагер, түптеуші, полиграфия дизайнері, клиенттермен жұмыс жөніндегі менеджер сынды мамандықтар сұраныста.

Өткен жылы елордада 2272 кәсіпорын арасында Палата жүргізген сауалнамаға сәйкес кадрларға қажеттілік 12 201 адамды құрады. Ең көп бос жұмыс орын құрылыс және сауда, қызмет көрсету, білім беру, өңдеу өнеркәсібі салаларында атап өтілді.

«Елордалық еңбек нарығында кадрлардың қажеттілігін қанағаттандыру үшін Кәсіпкерлер палатасы дуальды оқытуды іске асыруға қатысады. Елордалық 33 колледждің (оның ішінде 9 мемлекеттік және 24 жекеменшік) дуальді оқыту жүйесіне 60 мамандық бойынша 23 колледж тартылды. Олар мен қала кәсіпорындары арасында 4806 дуальді оқыту келісімшарты жасалды. Олар бойынша 32 233 адам оқиды. 2022 жылы ТжКБ ұйымына 16 825 адам (мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде 7300 адам) оқуға қабылданды», – деп атап өтті Бейсен Жолболдиев.

Кәсіпорындардың кадр саясатын жақсарту үшін елорданың кәсіпкерлер палатасы базасында тәлімгерлік мектебі ұйымдастырылды. 2018 жылдан бастап мұнда құрылыс, теміржол, лифт шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі саласында 338 тәлімгері оқытылды.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер