«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнес шетелдіктер үшін туристік жарна механизмімен келіспейді

2023 жылғы 09 Қаңтар
7101 просмотров

Дереккөз: ainews.kz

Туристік саладағы кәсіпкерлер және «Атамекен» ҰКП мамандары шетелдік туристер үшін 5% мөлшерінде Bed Tax туристік жарнасына қатысты теріс қорытынды шығарды. Алайда бұған қарамастан, Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен 2023 жылдың қаңтарынан бастап жарна іске қосылды. Ал, бизнес бұл жарна салаға кері әсер етеді деп қорқады.

Кәсіпкерлер қолданыстағы жарна жинау механизмін құптамайтынын айтып, туристік жарнаны 2024 жылға дейін кейінге қалдыруды сұрады. Сондай-ақ, сол мерзімге дейін жарнаны төлеу механизмін бірлесіп пысықтауды ұсынды.

«Кәсіпкерлер бұл практикаға қарсы емес, бірақ жарнаны төлеудің нақты механизмі жолға қойылуы керек. Бизнес өкілдері бірнеше рет ұсынысын айтты, ескерту жасады. Өкінішке қарай, олар ескерілмеді. Әкімшілендіру бойынша қолданыстағы жүктеме толығымен қонақүйлерге түседі. Сондықтан қағидаларды қайта қарап, нарықтың ескертулерін назарға алу керек», – деп мәлімдеді «Атамекен» ҰКП туризм департаментінің директоры Дамиля Құнанова.

«Қалалық туризмді дамыту орталығы» қауымдастығының атқарушы директоры Татьяна Верницкаяның айтуынша, жарна кәсіпкерлерге жүктемені арттырады. Қазірдің өзінде «бухгалтерлік және салықтық есепте жарнаны қалай дұрыс көрсету керек» деген сұрақтар туындап отыр.

«Қағидалардың қазіргі нұсқасында туристік жарнаны пайдаланудың нақты белгіленген мақсаты мен міндеті жоқ екеніне назар аударған жөн. Бұл қаражат қайда және қалай жұмсалады және қандай орган оны бақылайды? Балалар мен зейнеткерлерге немесе қонақүйге туризм мақсатында емес, жұмыс үшін келген шетелдіктерге қалай салық салынады?» – деп атап өтті Татьяна Верницкая.

Сонымен қатар, бизнес өкілдері халықаралық тәжірибені зерделеуді сұрайды. Онда жарна мөлшерлемесі бекітілген, ставка қонақүй тарифіне, маусымға байланысты болмайды. Турист қанша төлеу керегін нақты біледі.   Мысалы, Өзбекстанда жарна мөлшерлемесі 2 доллар мөлшерінде, Ресей Федерациясының үш аймағында 0-ден 100 рубльге дейін, ал Италия аймақтарында 5 еуро мөлшерінде белгіленген.

«Біз халықаралық тәжірибеге сәйкес Bed Tax енгізуді талқыладық. Бірақ үкіметтің қаулысы нарық өкілдерімен талқылаусыз қабылданды. Нәтижесінде статистика мен тұру құны арқылы есептелетін күрделі нұсқа пайда болды. Әлемдік тәжірибеде қонаққа түсінікті тұрақты соманың оңтайлы тәжірибесі қолданылады. Ал қазіргі қағидалар туристерді шатастырып, кері әсер етеді», – деп атап өтті Қазақстан қонақүйлер мен мейрамханалар қауымдастығының президенті Рашида Шайкенова.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков кәсіпкерлердің сұрағына жауап беріп, қағидалардың қолданыстағы редакциясын ұстануға тура келетінін мәлімдеді.

«Сомасы бекітілген мөлшерлемені енгізу деген мәселе талқыланбайды, өйткені бұл қолданыстағы қағидалар. Салық жүйесі бойынша бәріміз еңбекақымызға байланысты салық төлейміз. Егер біз сомасы бекітілген тарифтерді енгізсек, сұрақтар туындайды. Өйткені қонақүйлерде баға саясаты әртүрлі. Қазіргі кезде жергілікті атқарушы органдардың мәслихаттары еліміздің 28 қаласы мен ауданында ставкалар қабылдады. Тарифтер 1-ден 5%-ға дейін», – деді комитет басшысы.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жауапты ведомство тарапынан кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап болмағандықтан, нарықтың пікірін ескере отырып, 2023 жылға арналған нөлдік ставканы қолдану, жарнаны іске асыру механизмін пысықтау, пайыздық ставканы белгіленген ставкаға ауыстыру және енгізілген қағидаларды 2024 жылдан бастап Астана, Алматы қалаларында пилоттық режимде сынақтан өткізуді қайта ұсынды.

Еске салайық, бұған дейін «Атамекен» ҰКП Туристік сала комитеті ҚР Үкіметіне Bed Tax туристік жарнасын енгізу тәртібін қайта қарау туралы өтініш жолдаған болатын. ҰКП комитеті жарнаның ең жоғары мөлшерлемесін қолданыстағы түрде енгізу туризмнің бүкіл саласы үшін қисынсыз және зиян деп санайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер