«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Маңғыстауда кәсіпкерлердің 427 млн теңгеге құқығы қорғалды

2023 жылғы 05 Қаңтар
- Маңғыстау облысы
10347 просмотров

Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасы 2022 жылды толағай табыстармен аяқтады. Өткен жылы айтулы шаралар мен маңызды оқиғалар көп болды.

«Ақтаутеңізпорты» арнайы экономикалық аймағында Іскер әйелдер кеңесі және өңірлік кәсіпкерлер палатасының мұрындық болуымен тоқыма кластерін дамытуға алғашқы қадам жасалды. Маңғыстауда мыңға жуық кәсіпкер әйел тігін ісімен айналысады. Демек алда өндірістік цехтарға үлкен сұраныс болады деген сөз. Кәсіпорындар арнайы аймақтан ашылса, бизнеске үлкен көмек болғалы тұр.

«Маңғыстауда алғаш рет «Бір ауыл. Бір өнім» пилоттық жобасы жүзеге асты. Республика бойынша 4 өңір таңдап алынып, оның ішінде Маңғыстаудан Құрық ауылы еніп отыр. Жоба аясында елді мекенде жұмыссыз отырған қыз-келіншектер жүн өнімдерінен бұйымдар жасап, бір ауылдың атымен бренд қалыптастырып, өнімдерді ел ішіне және экспортқа шығарады. Сонда ауылда кәдеге аспай жатқан жүндерден бұйым жасалады әрі табыс түседі. Құрық ауылына қолөнер саласындағы жапон және қырғыз мамандары келіп, ауыл әйелдеріне арналған тренингтер өткізді. Кәдесыйлар мен түрлі бұйым жасап үйренді», – деп атап өтті Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Салықова.

Ақтау қаласында тұңғыш рет қолөнершілердің аймақтық форумы өтті. Басты мақсат – қазақтың ұлттық кодын сақтаудың кепілі ретінде қолөнершілікті жандандыру және этнотуризмді дамыту. Оған облыстың әр түпкірінен келген 100 шақты кәсіпкер қатысты.  Алаңда киіз үйлер тігіліп, барлық аудан, қаладан келген қолөнершілер тоқыма, құрақ сынды ұлттық бұйымдарды, зергерлік өнімді, ұлттық тағамдарды жәрмеңкеге қойды. Заман талабына сәйкес, мол мұраны жастарға жаңа бағытта ұсынып, оны дамытуды кәсіпкерлікпен ұштастыру жоспарланды.

Ақтауда «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының өңірлік кезеңі сәтті өтті. Оған Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев арнайы қатысып, жеңімпаздарды марапаттады.

«Отандық өнімнің сапасын арттырып, Қазақстан нарығын бәсекеге қабілетті тауармен толықтыруға бағытталған шараға  облыстағы 49 кәсіпорын қатысты. Олардың ішінен үздік шыққан тоғыз кәсіпорын Астана қаласында өткен байқауға қатысты. Нәтижесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен «Алтын сапа», «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауында 4 бірдей кәсіпорын жүлдемен оралды», – дейді ӨКП бөлім басшысы Назгүл Сарыбаева.

Президенттің «Алтын сапа» сыйлығының иегері атанған кәсіпкерлер облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қабылдауында болды. Еліміздің әр түпкірінен қатысқан 281 үміткердің арасынан топ жарып, үздік шыққан «Оптимум» жобалау институты мен «Жамал ай LTD» ЖШС жеңіп алды. Арнайы «Іскер» сыйлығын «OSS KAZAKHSTAN» ЖШС мен  «Rakhim baby» ЖК иеленді.

Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының тікелей атсалысуымен жаңа жұмыс орындарын ашу, өндірілетін өнім түрлерін кеңейту және жергілікті қамтуды ұлғайтуға ықпал етуге арналған «Маңғыстау облысының кәсіпкерлігін дамыту» атты конференция өтті. Бұл өңірдің шағын және орта кәсіпкерлері үшін басты оқиғалардың бірі болды. Өйткені «Самұрық Қазына» жариялаған тендерлерді жергілікті кәсіпкерлердің алуына мүмкіндік жасалды. Маңғыстау облысының әкімдігі, «Атамекен» ҰКП және «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС арасында үшжақты келісім жасалып, импортты жергілікті өнімдер алмастыруға бекінді.

Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасы іскерлердің құқығын қорғауға да күш салды.

«Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту жөніндегі бөлімде бизнестен 170-ке жуық өтініш қаралды. Оның тең жартысынан астамы оң шешімін тапты. Көбінесе іскерлер бизнес субъектілерін сатып алу, жер қатынастары, сәулет және құрылыс, салық салу, тарифтер, табиғи монополиялар бойынша жүгінген. ​Палатаның көмегімен кәсіпкерлердің құқықтары жалпы сомасы 427 млн теңгеге қорғалды», –  дейді Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Рашит Мұстапаев.

Маңғыстау облысындағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында бизнесті сервистік қолдау шеңберінде 852 шағын және орта бизнес субъектіне 886 сервистік қызмет көрсетілді. Бұл жылдық жоспардың 126% орындалғанын көрсетеді. Оның ішінде 266 бухгалтерлік қызмет, 179 заң қызметі көрсетілді. Ал қаржыландыру қызметі 124-ке жетті. Маркетологтың қызметі 317-ні құрады. Кәсіпкерлер мен бизнес бастағысы келетін тұрғындарға 5 мыңнан астам ақпараттық-талдамалық кеңес берілді. Сөйтіп, жоспар артығымен орындалып, шамамен 140% жетті.  

Кәсіпкерлер палатасы арқылы бизнес өкілдеріне 800-ге жуық экспорттық сертификат, 425 СТ КЗ сертификаты және  9 индустриалды сертификат берілді.

«Атамекен» микроқаржы ұйымы арқылы 2022 жылы 77 жоба ашылды. 465 млн теңгеге жуық несие берілді. Сол арқылы 77 адам жұмыс көзін тапты. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша 167 бизнес нысанға млрд теңге несие беріліп, қаражат толық игерілді.  

Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының ұжымы бизнестің құқығын қорғау мен оған қолдау көрсетуде ғана емес, қоғамдық жұмыстарда, білім саласы мен спортта да шашасына шаң жұқтырмай, алда келеді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер