«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қызылордалық кәсіпкерлер 2,5 пайызбен берілетін несиені алуға дайын ба?

2022 жылғы 22 Желтоқсан
- Қызылорда облысы
10159 просмотров

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы Агроөнеркәсіп кешені комитетінің отырысына қатысушылар келер жылдан бастап халықтың табысын арттыру үшін берілетін 2,5 пайыздық несие, оған кәсіпкерлердің дайындығы, https://gosagro.kz/ субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесін қарады.

Шараға Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов, облыстық ауылшаруашылығы және жер қатынастары басқармасының, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Қызылорда облыстық филиалы мен «Байқоңыр» ӘКК» АҚ өкілдері, кәсіпкерлер қатысты.

Облыстық ауылшаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Дәулет Әбдірасулов 2023 жылдың қаңтарынан https://qolday.kz/ сайтының жұмысы тоқтап, кәсіпкерлер мемлекеттік қолдауды https://gosagro.kz/ субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы алатынын жеткізді.

https://gosagro.kz/-тің ерекшелігі – қызмет ауыл шаруашылығы тауарөндірушілеріне тегін көрсетіледі. Бұрынғы жүйеде ақылы көрсетілген.

Дәулет Әбдірасулов жаңа ақпараттық жүйе енді іске қосылып жатқанын, кемшіліктері бойынша бизнес өкілдерінің ұсыныстарын Кәсіпкерлер палатасы мамандарымен бірге жинақтап, жауапты ұйымға жолдайтынын айтты.

«Жалпы субсидияға қатысты шаруалардың сұрақтары жеткілікті. Жаңа жүйенің жұмысына байланысты мәселе туындаған жағдайда агроөнеркәсіп кешені комитетінде қарап, бағдарлама операторына жеткіземіз», – деді Палата директоры Пірмұхаммед Сыздықов.

Отырыста халықтың кірісін арттыруға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында берілетін 2,5 пайыздық несиені беру жолдары талқыланды.

Президенттің Жолдауы мен сайлауалды бағдарламасында айтқан халықтың кірісін арттыру туралы тапсырмасын орындау мақсатында келер жылдан бастап жаңа жоба жүзеге асырылады.

Жоба аясында жалпы республика көлемінде жеңілдетілген несиеге 52,3 млрд теңге қаралған. Облыстың  үлесі - 3 млрд теңге көлемінде.

Жиында кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру талаптарының жобасы, қазірден бастап жасалатын дайындық шаралары түсіндірілді.

Ауыл шаруашылығы саласында қызмет көрсететін кәсіпкерлер жоба шеңберінде берілетін жеңілдетілген несиенің көлемін арттыруды және ашықтығын, кепілге қойылатын жылжымайтын мүлікті бағалау коэффицентін көтеруді ұсынды.

Сонымен бірге, кәсіпкерлер өз араларынан агроөнеркәсіп кешені комитетінің төрағасын сайлады. Комитет мүшелерінің дауыс беруімен Өңірлік кеңес мүшесі, «Ақтөбе және К» ЖШС директоры Нұрлан Іздібаев  комитет төрағасы болды.

Айта кетейік, агроөнеркәсіп кешені комитетінің қарауына ұсыныс бергісі келген кәсіпкерлер Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының бөлім бастығы Алма Пірмановаға 8 /7242/ 40-09-81 байланыс нөмірі арқылы хабарласа алады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер