«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қызылордалық кәсіпкерлер шетелдіктерге арналған туристік жарнаны енгізу мерзімін шегеруді ұсынды

2022 жылғы 20 Желтоқсан
- Қызылорда облысы
7004 просмотров

Қызылордалық кәсіпкерлер шетелдіктерге арналған жарна туристер санының азаюына алып келіп, сыбайлас жемқорлыққа жол ашады деген пікірде.

Бұл туралы өңірдегі туризм қауымдастығының төрайымы Сәуле Бөлегенов Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы Сауда, қызмет көрсету және туризм комитетінің отырысында айтты.

Кәсіпкерлер мен салаға жауапты мемлекеттік орган өкілдері қатысқан шарада салық жүйесіне енгізілетін өзгерістер, аймақта туризм саласын дамытуға арналған жоспар және өзге де мәселелер қаралды.

Қазақстан Республикасының Үкіметі биыл 1 қаңтарда «Шетелдіктер үшін туристік жарнаны төлеу қағидаларын» бекітті.

Шетелдіктер үшін туристік жарна – жатын орын үшін туристерден алынатын төлем.

Үкімет қағида талаптарын келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап орындатпақ. Алайда туризм саласында қызмет көрсететін кәсіпкерлер саланың оған әлі дайын емес екенін жеткізді.

«Шетелдік туристер сапарының әр тиынына дейін жоспарлап жүреді. Bed Tax, яғни туристік жарна енгізу онсыз да аз туристердің қатарын кемітері сөзсіз. Оның үстіне Қызылорда туристер ағылып келіп жатқан аймақтар қатарынан емес. Қағидаға сәйкес шетелдік туристерге жарнапұл енгізілсе, бұл сала көлеңкелі экономикаға кетіп, сыбайлас жемқорлыққа алып келуі мүмкін», – деді отырыста Сәуле Бөлегенова.

Бұдан өзге, түскен жарнапұлдың жұмсалу мақсатының да айқындалмауы көп сұрақ тудырып отыр. Бұл қадам «қосымша есеп тапсыруға алып келуі мүмкін» деген сала кәсіпкерлері Bed Tax жүйесін енгізу мерзімін шегеруді ұсынды.

Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Гауһар Елеусінова Палата жанынан 5 салалық комитет құрылғанын, осы комитеттерде жүйелі мәселелерді сала мамандары, уәкілетті орган өкілдерімен бірге қарап, шешуге жұмыс істейтінін атап өтті.

«Қазір Кәсіпкерлер палатасы жанынан өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені, адами капиталды дамыту және бизнестің әлеуметтік саясаты, сауда-қызмет көрсету және туризм, сондай-ақ құрылыс комитеті құрылды. Әр комитеттің отырысы ең кемі айына бір рет ұйымдастырылады. Ендігі жерде кәсіпкерлердің мәселесін жалпы жиналыста емес, осы алаңдарда қараймыз», – деді Гауһар Елеусінова.

Сонымен бірге комитетте облыста туризм саласын дамытудың 2023 жылға арналған жоспарының жобасы талқыланды. 23 желтоқсанға дейін кәсіпкерлердің ұсыныстары қабылданады.

Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының салаға жауапты сарапшысы Назым Мұрсалға хабарласуды сұраймыз. Байланыс нөмірі 8 /7242/ 40-09-81.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер