«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Маңғыстаулық кәсіпкерлердің мәселесі назардан тыс қалмады

2022 жылғы 06 Желтоқсан
- Маңғыстау облысы
9676 просмотров

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов пен «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміров Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барды.

Олар алдымен Маңғыстау облысының прокуроры Руфат Құттықовпен және Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Бек Аметовпен кездесті. Отырыстарға Маңғыстау облысындағы Кәсіпкерлер палатасының директоры Рашит Мұстапаев, Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Әмірғали Жанаев, ӨКП директорының орынбасары Серік Әміров қатысты.

Талқылаудың басты тақырыбы мемлекеттік органдардың іс-әрекеттері болды, атап айтқанда, заңсыз тексерулер мен әкімшілік кедергілер. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар да айтылды.

Қазақстанның бизнес-омбудсмені өңірлік Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша атқарған жұмысын жоғары бағалады.

Маңғыстау облысындағы Кәсіпкерлер палатасының алаңында Рустам Жүрсінов кәсіпкерлерді жеке қабылдады, 10-ға жуық кәсіпкер бизнес-омбудсменге өз өтініштері мен шағымдарын жеткізді.

Жеке қабылдау барысында «Айдана-ИК» ЖШС-нің өкілдері бизнес-омбудсменнен Мемлекеттік сатып алу туралы шартқа қосымша келісім жасасу және оған қол қою, сондай-ақ қосымша ғимараттарды салуға қаражат бөлу мәселесін шешуге көмектесуін сұрады. Олар тапсырыс беруші – мемлекеттік мекеме бұл нысандарға ЖСҚ әзірлемегенін және оларды салу үшін қаражат аудармағанын атап өтті.

Бизнес-омбудсмен бұл мәселені облыс әкімімен талқылап, оның оң шешілуіне барынша ықпал ететін болды.

«Каскор-Машзавод» ЖШС уәкілден форс-мажорлық жағдайларға байланысты туындаған мәселеге қатысты көмек сұрады.

«Форс-мажорлық жағдайларға байланысты арнайы сертификат алу біз үшін мүмкін болмай тұр. Нәтижесінде мұнай компанияларындағы тапсырыс берушілер өз тауарларын уақтылы ала алмайды. Осыған байланысты компаниялар өте үлкен мөлшерде айыппұл салады. Мәселе мынада, Ресейдегі әскери операцияларға байланысты тиісті құжаттарды ала алмай отырмыз. Саяси жағдай реттелмейінше, тауарды уақтылы жеткізу де мүмкін болмай тұр», - деді «Каскор-Машзавод» ЖШС өкілі.

Рустам Жүрсінов Қазақстанның Сыртқы сауда палатасына және РФ Сауда-өнеркәсіп палатасына жүгінуді ұсынды.

Кәсіпкер Дмитрий Клинчев жергілікті құзыретті органдардан жағалау инфрақұрылымын салу мақсатында жер учаскесін ұзақ мерзімге уақытша өтеулі пайдалану құқығын беру туралы өтінішпен бірнеше рет жүгінгенін айтты, бірақ бұл мәселе әлі шешілген жоқ. Сонымен қатар, оның пікірінше ірі тоннажды флотқа қойылатын талаптарды шағын көлемді туристік кемелерге қатысты қолдану заңсыз. Осындай себептер оның бизнесінің дамуына кедергі келтіруде, өйткені кеменің теңізге шығуына рұқсат алу қиындап барады.

Осы мәселе бойынша кездесуге қатысушылар ҰҚК-нің жыл сайынғы бұйрығын таза парақтан реттеу шеңберінде қарауға келісті, ал Теңіз туризмі қауымдастығының өкілдеріне Рустам Жүрсінов Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп теңіз туризмін дамыту бағдарламасын әзірлеуді ұсынды.

«Мен өз тарапымнан мұндай бағдарламаны әзірлеу қажет екенін облыс әкіміне жеткіземін», – деді бизнес-омбудсмен.

Кәсіпкерлермен кездесуден кейін Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов пен Маңғыстау облысындағы Кәсіпкерлер палатасының директоры Рашит Мұстапаев Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевпен кездесті. Маңғыстау кәсіпкерлерінің проблемаларын облыс басшысына жеткізді. Әкімдікте жергілікті деңгейдегі мәселелер оң шешімін табады деп сендірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер