«Диқандарға алғыс, кәсіпкерді тексеруге мораторий, импорттан тәуелсіз». Президент кәсіпкерлікті дамытудың маңызды бағыттарын айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл егін науқанын аяқтаған диқандарды құттықтап, шағын кәсіпкерлікті жөн-жосықсыз тексеруге мораторий туралы қаулыға қолғанын айтты. Алдағы жылдары мемлекет ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық беріп, импортқа тәуелділікті азайтады. Президент кәсіпкерлерге қатысты осы және өзге де жаңашылдықтарды елордада өткен «Алтын сапа» сыйлығын табыстау салтанатында мәлімдеді.
Мемлекет басшысы, ең алдымен шағын және микро бизнесті тексеруге мораторийді ұзартқаны туралы тоқталды.
«Осы жылдан бастап азаматтық тәртіпте шағымданудың барлық мүмкіндігі аяқталмай, қылмыстық іс қозғауға тыйым салынғанын Өткен жылдардың оң нәтижелеріне сүйене отырып, мен микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге мораторийді тағы бір жылға ұзарту туралы шешім қабылдадым, тиісті Жарлыққа қол қойылды. Біз кәсіпкерлерді қорғаудың жүйелі тетіктерін енгізуді жалғастырамыз», – деді Президент.
Мемлекет басшысы бұл міндетті жүзеге асыруда Бас прокуратураға, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына және кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі уәкілге ерекше рөл берілетінін атап өтті.
«Ал, бизнес адал жұмыс істеп, заңнаманы қатаң сақтауы керек, бұл өте маңызды. Нарықтық бәсекелестік, тұтынушылардың құқығын қорғау, адалдық салығы біздің елімізде бизнес жүргізудің ажырамас шарты болуы тиіс», – деді Президент.
Президент бүгінде елімізде шағын және орта бизнес өкілдерінің артып, салада 3,5 миллионнан аса адам еңбек ететінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл – еңбек ететін халықтың 40 пайызын құрайды.
«Тағы бір жетістік былтыр өңдеу өнеркәсібінің экспорты рекордтық көрсеткішке, 20 млрд долларға жетті. Осы жылдың соңына дейін жалпы құны 2 трлн теңге болатын 160 жоба жүзеге асырылады. Соның нәтижесінде 17 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Мысалы, биыл қарашада қуаттылығы 500 мың тонна болатын полипропилен зауыты іске қосылды. Бұл кластердің Қазақстанның, Орталық Азияның полипропилен нарығында көш бастауына мүмкінік береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы еліміздің импортқа тәуелділігін төмендетін жаңа кәсіпорындардың ашылғанына тоқталды. Ол Қызылорда қаласында шыны өндіретін зауыт ашылғанын және оған 42 млрд теңге бөлінгенін айтты. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысында күнбағыс майын шығаратын заманауи зауыттың жұмысына 29 млрд теңге инвестиция жұмсалғанын атап өтті.
«Осы кәсіпорындар – біздің импортқа тәуелділігімізді азайтатын бірегей индустриялық жобалар. Бір сөзбен айтқанда, бизнес мемлекеттің сенімді серіктесі болып отыр. Осы мен ұсынған саяси бағдарламаға қолдау көрсеткені үшін бизнес өкілдеріне шынайы ризашылығымды білдіремін», – деп алғыс айтты Президент.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы алдағы жеті жылда кәсіпкерлік белсенділікті шектейтін барлық кедергіні жоюға күш салып, мемлекет бизнестің көркейту үшін нақты шараларды қабылдай беретін айтты.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы елдегі егін жинау науқанын аяқтаған диқан-шаруаларға ризашылығын білдіріп, биыл елімізде дәнді дақыл рекордтық көрсеткіште жиналғанын мәлімдеді.
«Бұл – ең алдымен, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азық-түлік инфляциясын азайту үшін стратегиялық маңызы бар сала. Осы орайлы сәтте мен еліміздің барша диқандарына, ауыл шаруашылығы мамандарына таудай ризашылығымды білдіремін. Астық жинау науқаны табысты аяқталды, егініміз бітік шықты. Рекордтық өнім, яғни 23 млн тонна дәнді дақыл жиналды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мұнымен қоса, Президент фермерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсету міндетті түрде жалғасатынын және осы жылдан бастап ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікпен лизингке алу үшін берілетін қаржының көлемі 40 млрд теңгеге көбейетінін айтты.
«Соның арқасында диқандарымыз 1 мыңнан астам қосымша техника алу мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ, егін егу және оны жинау жұмыстарына жеңілдікпен несие беру көлемі 2 есе артты. Ал, диқандарға жеңілдікпен берілетін жанар-жағармай өнімдерінің көлемі 820 мың тоннаға дейін өсті», – деп бөлісті Президент.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы, 2023 жылдан бастап көкөніс өнімдерін шығару үшін фермерлерге алдын ала, яғни форварттық несие беру бағдарламасы іске қосылатынын атап өтті.
«Осы мақсатқа шамамен 100 млрд теңге қаржы бөлінеді. Жалпы, ауыл халқының әл-ауқатын арттыру және тұрмыс сапасын жақсарту – мен ұсынған сайлауалды бағдарламада көрсетілген негізгі басымдықтың бірі. Сондықтан, келесі жылдың алғашқы тоқсанында ауылдық жерлерді дамыту жөніндегі тұжырымдамаға қабылданады. Бұл шын мәнінде ауыл тұрмысын түбегейлі жақсартуға, соның ішінде ауылдағы бизнесті дамытуға қажетті өте маңызды құжат болмақ», – деп Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің келесі жылдағы даму бағытындағы маңызды саланы атады.
Сонымен қатар, Президент «кәсіпкерлерімізге қолайлы жағдай жасау тұтас мемлекеттік аппараттың алдында тұрған маңызды міндет» екенін атап өтті.
«Әрине, заң шығару үрдісі елордамызда жүргізілетіні түсінікті. Дегенмен аймақтардағы бизнес өкілдерінің ахуалы жергілікті атқарушы органдардың жұмысына, яғни облыс әкімінен бастап ауыл әкімінің жұмысына тікелей байланысты...» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөз соңында Президент «Алтын сапа» және басқа сыйлықтарды алған кәсіпкерлердің ерен еңбегін бағалады.
«Үздік нәтиже көрсеткен кәсіпкерлерді көтермелеп, ынталандырып отыру қажет. Бүгін біз бизнес жүргізуге аса қолайлы аймақтар мен қалалардың рейтингі бойынша арнайы сыйлықтарды салтанатты түрде табыстаймыз. Бұл марапат тек статистикалық мәліметтердің нәтижесі ғана емес, бағалаудың 50 пайызы кәсіпкерлердің пікірін ескере отырып жасалды, тиісті шешім қабылданды», – деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, бүгін Астанада кәсіпкерлер үшін жылдың үздік премиясы – Қазақстан Президенттің «Алтын сапа» сыйлығы табысталды. Жеңімпаздарды мына сілтеме арқылы оқуға болады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: