«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Bed tax» ставкасы туристер ағынын төмендетеді – Алматының туристік қоғамдастығы

2022 жылғы 07 Желтоқсан
- Алматы қаласы
8145 просмотров

Дереккөз: pixabay.com

«Атамекен» талдау қызметінің деректері бойынша, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап өңірлер «Шетелдіктер үшін туристік жарна төлеу қағидаларын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 5 қарашадағы № 787 қаулысына сәйкес тұру құнының 5% мөлшерінде «bed tax» ставкасын бекітуді жоспарлап отыр.

Максималды мөлшерлемені қабылдау туралы шешім шетелдік туристер ағынының өсуіне негізделген. Бұл ретте, статистикалық деректер бойынша 2022 жылдың І жартысында туристердің қонақ үйлерге орналасу саны пандемияға дейінгі 2019 жылғы ұқсас кезеңге қарағанда 36,7% -ға төмен. Бұл кіру туризмі әлі қалпына келмегенін көрсетеді.

Өкінішке қарай, осы қаулының жобасын нарық қатысушылары егжей-тегжей талқылаған жоқ. Кәсіпкерлер жоғарыда аталған қаулының енгізілуі ерте деп санайды. Алматы қаласы кәсіпкерлерінің пікірінше, 5 пайыздық мөлшерлемемен «bed tax» енгізу туристер ағынын азайтады.

«Өздеріңіз білетіндей, туризм саласы, оның ішінде туристерді орналастыру қызмет нарығы COVID-19-дан ең көп зардап шекті – шекаралардың жабылуы, әуе қатынасының тоқтатылуы, турлар мен брондаудың жаппай жойылуы, бос тұрған кезде ғимараттар мен персоналды күтіп-ұстау қаражаты есебінен жабу салаларға айтарлықтай қаржылық залал келтірді», – деді Қазақстандық қонақ үйлер мен мейрамханалар қауымдастығының президенті Рашида Шайкенова.

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2022 жылғы қаңтар-маусымда Қазақстан Республикасы бойынша жүктеу көрсеткіштері бұрынғыдай төмен деңгейде 28,2%, Астана қаласында – 31,5%, қызмет көрсетілген келушілер саны – 2 971 696 адам, соның ішінде 291 984 адам резидент емес, бұл туристердің жалпы санынан резидент еместер 9,82%-ды құрайды.

«Шетелдіктер үшін туристік жарна төлеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 5 қарашадағы № 787 қаулысымен Астана қаласының мәслихаты 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 30 маусымды қоса алғанда, Астана қаласында шетелдіктер үшін туристік жарна мөлшерлемесін қонақ үйде орналасу құнының 5 пайызы мөлшерінде бекітті.

 «Қонақүйлер маркетинг құралы ретінде тұру құнымен жұмыс істейді, төмен маусымда бағаны төмендетіп, жоғары маусымда көтереді. Сондықтан, бұл ставканы тұруға арналған қызмет құнына және статистикалық деректерге байланыстыру – салық сомасына үнемі әсер етіп, түсінбеушілік тудырады. Оның үстіне бұл жұмысшылар санын көбейту қажеттілігіне әкеледі», – дейді Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов.

Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, туристік салықты қалалық салық деп те атайды және оның өмір сүру құнына еш қатысы жоқ. Кәсіпкерлер елімізде туристік алымның мөлшерлемесі бекітіліп, оны есептеу қонақүй компаниясына ауыртпалық түсірмеу керек деп есептейді.

«Bed tax» арқылы жиналған қаражат туризм инфрақұрылымын дамытуға және өңірлердегі бағыттарды ілгерілетуге жұмсалады деп болжанған болатын. Алайда, бұл ереже қаулының соңғы редакциясынан, сондай-ақ 2023 жылға нөлдік мөлшерлеме енгізу туралы ұсыныстан кейін алынып тасталды.

Алматы туристік нарығы туристік салықтың мақсаты ашық болуы керегін алға тартып, мынадай механизмдерді әзірлеу қажет деп санайды:

- туристік салықты алудың қарапайым, түсінікті тәсілі;

- туристік салықтың қаражаты қандай мақсаттарға бағытталуын бақылау;

- туристік алымның қаржылық ресурстарын тек туризмді дамытуға бағыттау қажеттігін және туристік нарыққа қатысушылардың Қазақстанды туристік бағыт ретінде жарнамалауға және насихаттауға жұмсайтын шығындарын жабуды қамтамасыз ету.

«Келу туризмінің қалпына келмеген ағынын, сондай-ақ туристік алымды енгізу мақсаттарына қол жеткізу үшін нормативтік негіздің жоқтығын ескере отырып, 2023 жылға  нөлдік ставканы бекіту және келесі жылы шетелдіктер үшін туристік жарнаны төлеу қағидаларын қайта қарауды сұраймыз», – деп атап өтті Рашида Шайкенова.

Еске салсақ, Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасы жанынан Туризм саласындағы комитет жұмыс істейді. Оның мақсаты – қаладағы туризм саласынң дамуына ықпал ету. Бұдан басқа алаңда салалық даму бағдарламалары, инвестициялық жобалар, әдіснама, өңіраралық және салааралық ынтымақтастық мәселелері, саланың түйткілді мәселелерінің тізілімі талқыланады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер