«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

ПӘКІСТАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ШЫМКЕНТ КӘСІПКЕРЛЕРІМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚҚА ДАЙЫН

2022 жылғы 06 Желтоқсан
- Шымкент қаласы
9843 просмотров

Шымкентке ынтымақтастық шарттарымен жақынырақ танысу мақсатында Пәкістандық бизнесмендер тобы келді. Делегация басшылығы Гуджарат қаласының Сауда-Өнеркәсіп палатасының президенті Сикандер Ишфак Рази. Кәсіпкерлер палатасында пәкістандық делегация шымкенттік кәсіпкерлермен кездесті.

Өңірлік палата директорының орынбасары Әділжан Датқаев атап өткендей, биыл екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толып отыр. Осы кезеңде тығыз достық және экономикалық байланыстар орнатылды. Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссия құрылып, жұмыс істейді.

«Қазақстан өзара тиімді сауда қатынастарын нығайта отырып, жыл сайын Пәкістанға экспорт көлемін ұлғайтуда. Егер 2019 жылы біз 2,0 млн.АҚШ доллары көлемінде өнім экспорттаған болсақ, ағымдағы жылы 33 млн. АҚШ долларға өнімді экспорттадық. Бұл негізінен қара металдардың сынықтары, темір, тыңайтқыштар мен көкөністер. Керісінше, біз жыл сайын 30 млн. АҚШ доллар құрайтын цитрус, картоп, дәрі-дәрмек, сіріңке, киім және басқа да тауарларды импорттаймыз. Шымкентке картоп, цитрус, күріш және сіріңке әкелінеді. Биыл – 7,8 млн АҚШ долларына Пәкістанға пияз, майлы дақылдарды экспорттадық», - деп атап өтті Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары.

Пәкістандық делегацияның басшысы пәкістандық компаниялар инвестициялау үшін ел ретінде Қазақстанды жергілікті нарықтың болашағы, Азия мен Еуропаның үлкен нарықтарына шығу мүмкіндігі бар жақсы орналасуына байланысты, сондай-ақ қолайлы инвестициялық жағдайлар үшін қарастыратынын айтты.

«Біздің энергия ресурстарына деген қажеттілігіміз жыл сайын артып келеді. Пәкістан нарығы өте қуатты, ел халқы 221 миллион адамды құрайды. Бізде пайдалы қазбалар жоқ, бірақ пайдалы көлік байланысы, теміржол инфрақұрылымы бар. Қазақстан мен Пәкістанның Оңтүстік Азияда стратегиялық географиялық орналасуы бар. Сондықтан сауда және көліктік өзара іс - қимылды кеңейту екі ел үшін де перспективалы міндет болып табылады», - деп атап өтті Сикандер Ишфак Рази.

Оның айтуынша, Пәкістан ауыл шаруашылығы, металлургия, керамика, жиһаз және зергерлік бұйымдардан жасалған өнімдерді экспорттау саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне қызығушылық танытып отыр.

Кездесу нәтижесінде кәсіпкерлердің B2B келіссөздері жүргізіліп, ынтымақтастық туралы жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, сапар барысында Пәкістан делегациясы Шымкент қаласының мемлекеттік органдарының өкілдерімен кездесулер өткізіп, индустриялық аймақтар мен еркін экономикалық аймақтардың қызметімен танысты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер