«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қызылордада кәсіпкерлерге қоғамдық тамақтану орындарына қойылатын талаптарды түсіндірді

2022 жылғы 24 Қараша
- Қызылорда облысы
8771 просмотров

Биыл республика көлемінде тағамнан улану көрсеткіші күрт көтіріліп кеткен. 10 айда 150 жағдай тіркелген. Оның 126-сы 14 жасқа дейінгі балаларға қатысты болған.

Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен қоғамдық тамақтану саласында қызмет көрсететін кәсіпкерлермен кездесуде санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау саласының мамандары айтты.

Шарада облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Меруерт Битасова жыл басында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен «Қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» бекітілгенін, тамақ өнімдерін өндірумен, қайта өңдеумен, өткізумен және тұтынуды ұйымдастырумен байланысты қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды айқындайтынын жеткізді.

Бұл құжатта қоғамдық тамақтану нысандарының құрылысына жер учаскесін таңдаудан бастап сумен жабдықтау, тұтыну қалдықтарын жинау, өндірістік бақылауды жүзеге асыру, ғимаратты күтіп-ұстау, ондағы тамақ өнімдерін тасымалдау, сақтау, өткізу және кәдеге жарату, еңбек, тұрмыстық қызмет көрсету үшін персоналды оқытуға дейін қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар қамтылған.

«Біздің мақсатымыз тексеру емес, осындай түсіндірме жұмыстарында алынған ақпараттар арқылы кәсіпкерлер өздерін бақылап, заң талаптарын орындағанын қалаймыз», – деді департамент басшысының орынбасары Ұлбосын Аханаева.

Кәсіпкерлер соңғы кезде сыртқы факторлардың әсерінен бағаның өсуі көрсетіп отырған қызметтеріне ықпалын тигізіп жатқанын атап өтіп, арзан өнім іздеуге мәжбүр екенін айтты. Оның үстіне әлеуметтік желілер арқылы ұсынылатын кей өнімнің сапасы күмән тудыратынын жеткізді.

Сала мамандары ендігі жерде жалған және сапасыз өнімдер туралы ақпарат алу қиындық тудырмайтынын айтып отыр. Қазір елімізде сәйкес келмейтін өнімдер тізімі енген http://reestr-np.kz/ сайты жұмыс істейді.

Кездесуде Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Гауһар Елеусінова сапалы, қауіпсіз өнімдерді тұтынушыға ұсынуға кәсіпкерлердің де мүдделі екенін айта келіп, бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіруге атсалысатынын атап өтті.

Шараның толық нұсқасын мына жерден көре аласыздар

https://www.facebook.com/groups/KyzylordaBiz/permalink/2158289101037679/?mibextid=Nif5oz


Еншілес ұйымдар

Серіктестер