Астанада 16 компания мемлекеттік сатып алу саласындағы «қара тізімнен» шықты
Елордалық 20 компанияның 16-сы келісу комиссиялардың жұмысы нәтижесінде мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімінен шығарылды. Компаниялар «қара тізімге» ілінсе, 9 млрд теңгеге дейін шығынға ұшырайтын еді.
Осы жылдың басынан бері Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының сарапшылары келісу комиссияларының 20 отырысына қатысты. Онда мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтару салдарынан мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілген әлеуетті өнім берушілердің өтініштері қаралды.
«Келісу комиссиясы – бұл жаңа, бірақ жақсы қалыптасқан институт. Бұл әлеуетті өнім берушілердің өтініштерін жан-жақты және объективті түрде қарайтын және мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімінен шығару туралы шешім қабылдайтын немесе одан бас тартатын алқалы орган. Егер кәсіпкер шарт жасасудан жалтару жағдайын оған тәуелді емес, күтпеген жағдайларға байланысты болғанын құжаттай дәлелдей алса, бұл тізілімнен алып тастауға негіз болып табылады», – деді Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Бейсен Жолболдиев.
Әр жиында кәсіпкерлердің бір өтініші қаралды. Нәтижесінде тізілімнен 16 өтінішті шығару және 4 өтінішті шығарудан бас тарту туралы шешім қабылданды. Бұл ретте жүргізілген талдау компаниялар Тізілімге енгізілген жағдайда, екі жыл ішінде небәрі 7 компания 9,5 млрд теңгеге дейін шығынға ұшырауы мүмкін екенін көрсетті.
«Келісу комиссиясына веб-портал арқылы әлеуетті өнім берушіге оның мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілгені туралы белгілі болған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін, бірақ оның жосықсыз қатысушы деп танылған күнінен бастап күнтізбелік алпыс күннен кешіктірілмейтін мерзімде жүгінуге болады. Келісу комиссиясының жұмысына көңіліміз толады. Бұл тапсырыс берушілер үшін де, жеткізушілер үшін де тиімді институт деп санаймыз», – деп атап өтті Бейсен Жолболдиев.
Еске салсақ, келісу комиссиясының құрамына тапсырыс беруші, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, Ұлттық палатада аккредиттелген салалық қауымдастықтардың (одақтардың) өкілдері кіреді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: