Қызылорда облысында балабақшалар жаңа талапқа дайын ба?
2023 жылдан бастап мектепке дейінгі тәрбие берумен айналысатын ұйымдарға берілетін мемлекеттік тапсырысты орналастыру тәртібі өзгереді. Оған балабақшалар дайын ба? Осы және өзге де сұрақтар Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында Өңірлік кеңестің Әлеуметтік сала комитетінде қаралды.
Отырысқа Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов, комитет мүшелері Әнуар Дәуленбаев, Гүлнар Бекмырзаева, Наталья Мишукова және Серік Жолболдиев пен балабақша құрылтайшылары, уәкілетті мемлекеттік орган өкілдері қатысты.
Биыл 27 тамызда оқу-ағарту министрінің № 381 бұйрығымен «Еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуға, орта білім беруге, балаларға қосымша білім беруге және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру қағидалары» бекітілді.
«Қазір біздің облысымызда 679 мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар. Оның 441-і жеке. Осы жеке және мемлекеттік балабақшаларда 59 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр. Талап қойылғаны дұрыс. Дегенмен жылдың аяқталуына айдан асауақыт қалды. Жеке балабақша иелері қағидаға сәйкес дайындалып үлгере ме? Мәселе сонда. Сол үшін комитет аясында осы шараны өткізіп отырмыз», – деді Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов.
Сондай-ақ, жиында қалалық Білім бөлімінің әдіскері Жанат Сәрсембай мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру тәртібін таныстырып, әр талапты орындау механизмдерін түсіндірді.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің, қалалық төтенше жағдайлар, мемлекеттік өрт бақылау басқармаларының, қалалық жер қатынастары бөлімінің өкілдері сала бойынша балабақшаға қойылатын талаптарды айтып, кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап берді.
Кәсіпкерлер көтерген мәселенің бірі балабақша ғимаратына қатысты болды. Жеке балабақша иелерінің басым бөлігі ғимаратты жалға алады. Көп жағдайда жер учаскесі мен ғимараттың иесі нысаналы мақсатын өзгертуге келісе бермейді. Оны кететін қаржы мен құжат әзірлеу мерзімінің ұзақтығына байланысты деп түсіндіреді.
Айта кетейік, бұл мәселе жақында өңірде бизнестің экожүйесі аясында құрылған кәсіпкерлік мәселелеріне арналған жұмыс тобында қаралды. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерткеннен кейін кадастрлық құнына сәйкес сатып алу қаржысын бөліп төлеу мүмкіндігін барлық кәсіпкер пайдалана алатын болды. Ол үшін қазір уәкілетті органдар мен Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Мектепке дейінгі тәрбие берумен айналысатын ұйымдарға берілетін мемлекеттік тапсырысты орналастыру тәртібін түсіндіруге арналған әлеуметтік сала комитетінің бейнежазбасын мына сілтемеден көруге болады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: