«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Шымкенттік ұн тартушылар еліміздің солтүстігінен астық тасымалдау мәселесіне қатысты шағымданды

2022 жылғы 16 Қараша
- Шымкент қаласы
10023 просмотров

«Қазақстан Темір жолы» компаниясының жүктерді жеткізу жылдамдығы төмен, вагондардың жетіспеушілігі, маневрлік локомотивтердің тапшылығы және жүк тасымалына жоғары тарифтер - осы және басқа да проблемалар Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсіновтің Шымкент қаласының кәсіпкерлерімен кездесуінде талқылау тақырыбына айналды.

Кеңеске сондай-ақ жүк тасымалдаушылар, тармақ иелері, көлік прокуратурасының, көліктік бақылау инспекциясының және ҚТЖ-жүк тасымалдарының өкілдері шақырылды.

Ұн тарту кәсіпорындарының иелері және басқа да вагон алушылар еліміздің жүк вагон паркі операторы – «Қазтеміртранс» АҚ-ның жұмысына қатысты шағымданды. Кәсіпкерлердің айтуынша, кәсіпорындар өтінімдерді уақтылы беретініне қарамастан, «Қазтеміртранс» АҚ стратегиялық маңызды өнімдерді тиеу үшін астық тасығыштарды ұсынбайды.

«Бүгінгі таңда біз, оңтүстіктің ұн тартушылары, зауыттарымызды астықпен толық қамтамасыз ету үшін қажетті жалпы көлемнің жартысына ғана жетерлік астық тасығыштармен қамтамасыз етілдік. «Қазтеміртранстан» астық таситын көліктер туралы қандай да бір деректерге қол жеткізу мүмкін емес. Вагондар келе ме, келмей ме, қанша вагон келеді деген сұрақтың жауабын таппай дал боламыз. Біздің кәсіпорындардың жұмысы осы вагондарға байланысты. Елдің солтүстігінен әкелінетін астықтың кешігуіне байланысты біз жылжымалы құрамды алу үшін дәл сол «Қазтеміртранстан» астық таситын вагондарды жалға алатын және тарифтері қымбатырақ «Астық транс» жеке компаниясына жүгінуге мәжбүр боламыз немесе жұмысты мүлдем тоқтатып, жұмыскерлерді мерзімсіз демалысқа жіберуге мәжбүр боламыз», - деп атап өтті ұн тарту кәсіпорындарының басшылары.

Кәсіпкерлердің болжамы бойынша, КТТ астық тасымалдаушылары қазір экспортқа қарқынды жұмыс істеуде, өйткені бұл жылжымалы құрамды республикаішілік бағытта жүргізуден гөрі тиімдірек.

«Шымкент пен Түркістан облысында бүгінде 25-ке жуық диірмен тұрақты жұмыс істейді. Олар тәулігіне 4,5 -5 мың тонна астық өңдейді. Біз елдің жеті өңірін толығымен ұнмен қамтамасыз етеміз, бұл 6-7 миллион адам. Тек солтүстік өңірлердің бидайын өңдейміз. Және де астықты өз өндірістерімізге тек теміржол көлігімен жеткізе аламыз. Біздің өндірістеріміздің тұрақты жұмысы - бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігі ғой. Неліктен бізді астық таситын елдегі жалғыз компаниямен жұмыс істеуге мәжбүр етеді? Неліктен бізде таңдау жоқ?» - деп ұн тартушылар өз реніштерін білдірді.

Кәсіпкерлердің айтуынша, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» басшылығымен қандай да бір диалог құру мүмкін емес. Бірнеше жылдан бері олар жүктерді алушыларға жеткізуді жеделдетуге уәде беріп келеді және қажет болған жағдайда бұл процесті қолмен реттеуге дайын екендіктерін де айтты. Бірақ уәде сол уәде күйінде қалды.

«ҚТЖ» АҚ құрылымдық бөлімшелерінің әрекетінде ашықтық та, келісімділік те жоқ, дейді кәсіпкерлер. Ешкім ешкімге жауап бермейді және ҚТЖ-дан да, КТТ-дан да, елдің бас тасымалдаушысының өзге де еншілес кәсіпорындарынан мардымды жауап алу мүмкін емес.

«Өкінішке орай, бүгін жылдар бойы жиналған өзекті проблемалар көтерілді. Түптеп келгенде, ҚТЖ жүктерді жеткізу жылдамдығын 3-4 есе төмендеттті, бұл рас.  Мұнда бірнеше себеп бар, бұл локомотивтің болмауы және тасымалды дұрыс бағдарламау, яғни бұл шұғыл түрде шешілуі тиіс мәселелердің жиынтығы. Астанаға оралғаннан кейін біз бірден кеңес өткіземіз, онда ҚТЖ-ның, Монополияға қарсы агенттіктің, Индустрия және сауда министрлігінің басшылығын шақырамыз. Мен бірден осы мәселені көтермекпін: осы проблеманы ағымдағы жылдың соңына дейін шешуге тырысамыз немесе бұл мәселені Мемлекет басшысына жеткіземіз», - деп қорытындылады Рустам Жүрсінов.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер